Әлемдік спорттағы жылдың ең алғашқы жарысы мәресіне жетті. Жасыл құрлықтағы теннис додасының жеңімпаздары да анықталды. Ерлер арасында швейцариялық Роджер Федерер, ал әйелдер сынында америкалық Серена Уильямс жеңіс тойын тойлады. Бұл жолғы Australian Open турнирін екі құрдастың (екеуі де 35 жаста) өзге теннисшілерге арналған шеберлік сыныбы дерсің.
Мельбурнде көпшілік бұрынғы Федерерді көрді. Жинақы, соққылары дәл әрі жылдам. Мұның бәрі оған финалға алқынбай жету үшін жеткілікті еді. Алқынбай дегенде, төртінші айналымда жапон Кэй Нисикоримен, ал жартылай финалда жерлесі Стэн Вавринкамен өткен ойындар бес сетке созылғанымен, бұл матчтардан соң да Роджердің кортқа қайта шығуға дайын екені байқалды. Дегенмен, финалда оны ең ыңғайсыз қарсылас испан Рафаэль Надаль күтіп тұрды. Ыңғайсыз болатыны, швейцариялық испан теннисшісін Уимблдоннан бөлек Үлкен дулыға санатындағы додаларда ұтқан емес. Ағылшын жерінде екі рет қана үстемдік танытқан екен (2006 және 2007 жылдары), оның өзінде соңғы жеңісінің арасын 10 жыл бөліп тұр...
Финалдың алғашқы және үшінші сеттері сол баяғы тәжірибесі толысқан Федерер мен атақты швейцариялық теннисшіге қарсы ойнауды енді меңгере бастаған Надаль кездесуін еске салды. King Roger (лақап аты – автор) соққыларының жылдамдығы мен күшіне испан жігіті төтеп бере алмай, допты көзбен шығарып салумен болды. Бірақ Рафа өзінің де «Король» деген атағы есіне түскендей, бойын тіктеп, екінші және төртінші сеттерде тізгінді қолға алды. Сауатты қимылдап, қарсыласының да кемшіліктерін пайдасына асыра білді. Таразы басы теңесті. Бұл – жанкүйерлер үшін нағыз драма. Надальдің бесінші сетті сенімді бастауы Федерерді қорқыта алмады: швейцариялық сабырлы қалпынан таңған жоқ. Міне, біз білетін Роджердің Мельбурндегі шешуші кезеңде топ жаруына дәл осы ұстамдылығы көмектескендей. Осылайша 3 сағат 37 минутқа созылған ойын 6:4, 3:6, 6:1, 3:6, 6:3 есебімен базельдік жігіттің пайдасына шешілді. Сонымен, Үлкен дулығадағы 18-ші, ал Австралия ашық біріншілігіндегі 5-ші жеңіс қолда!
Ал әйелдер сынында ақтық сынға апалы-сіңлілі Уильямстердің шығуы күтпеген жағдай болды. Былтырғы маусымды сәтсіз өткізіп, тіпті әлемнің бірінші ракеткасы атағын неміс қызы Ангелик Керберге босатып берген Серена Австралияда көшбасшылардың қатарында болғанын жоққа шығармаймыз. Дегенмен, одан бір жас үлкен Винус менмін деген спортшылардың өзін шаң қаптырып кетеді деп көпшілік күткен жоқ. Осылайша мықтылардың бәрін бірінен соң бірін жарыстан шығарған америкалық теннисшілер жылды сәтті бастап отыр. Осыған қарап бұл екеуінің уақытқа бағынбайтын ерекшелігі бар ма дейсің.
Australian Open алдында кіші Уильямс Оклендтегі турнирде әлемнің 69-шы ракеткасы Мэдисон Бренглден ұтылып қалып, төрт ай бойы жарыстарға қатысқан жоқ. Бұл жайт Серенаның жұлдызды шағы өтті дегендердің сөзін нақтылай түскендей болды. Өзі де тілшілердің спорттық ғұмыры туралы сауалдарына «Бәрі ақпанда белгілі болады» деп жауап қатуы америкалық спортшының теннистен кету жайлы ойлап жүргенін аңғартқандай еді. Оның үстіне жыл соңында тұрмысқа шығатынын да жариялаған.
Сіңлісінің құлшынысы Винуске де шабыт берген тәрізді. Серенаның еңбекқорлығы жігерлендіретінін қашан да айтып жүретін ол қарсыластарының жастығына да, Шегрен синдромына (тамырдың тартып ауруы) да қарамастан, екеуінің Үлкен дулығадағы өзара тоғызыншы кездесуіне нық қадаммен жетті. Тіпті, жеңістен үмітті екенін аңғартып, жұптық сындағы жарысын жалғастырудан да бас тартты.
Алайда, бұл Серенаны тоқтату мүмкін емес болатын. Шешуші ойында Винус қанша тырысып баққанымен, Серенаның соңынан қуып жете алмады... Бұл – кіші Уильямстің спорттық карьерасындағы 23-мэйджоры.
Сонымен, Штеффи Графтың нәтижесі артта қалды. Серенаның ендігі мақсаты – жекелей сында 24 рет жеңіске жеткен Маргарет Корттың рекордын бұзу. Мына қарқынмен бұл меже биылдан қалмай орындалуы да мүмкін. Мұндайда «Оралуыңмен, Корт ханшайымы», дегің-ақ келеді. Тек Серенаның сөзі тоқтау болады. «Мен оралу деген сөзді ұнатпаймын. Себебі, теннистен ешқашан кеткен жоқпын», – дейді.
Ендеше, теннис әлемі де сенімен қоштасуға асығар емес, Серена.
Мадина АСЫЛБЕК
АСТАНА