Әр адамның, әр отбасының арман-мұраты ұрпақ жалғастыру екені сөзсіз. Алайда, тағдырдың жазуымен, әртүрлі себептермен балалы болу бақытына қол жеткізе алмайтын жандар да кездесіп қалады. Адам баласының осындай өзекті мәселесін шешуде медицина ғылымы көмекке келді. Бұл – аналарды жасанды ұрықтандыру жолымен өмірге сәби әкелу мүмкіндігін сыйлау.
Әлем елдерінде бедеулік 8-29 пайыз шегінде болып келеді. Қазақстанда отбасы жұптарының 16 пайызында бедеулік кездеседі. 2016 жылы бедеулік дертінен емделуге 1348 отбасылық жұп дәрігерлік көмекке жүгінген, соның ішінде 674 жұптың емделуінің жалғыз жолы қосалқы репродуктивтік технологияларды, соның ішінде ЭҚҰ және ИКСИ болғандықтан облыстық перинаталдық орталығының кеңес беру-диагностикалық бөлімінің бедеулік кабинетіне бағытталды. Осы жұптардың бедеулігінің ең қысқа мерзімі – 7 жыл. Жыл сайын Қазақстанда ЭҚҰ бағдарламасына 700-800 квота, ал Ақтөбе облысына 40 квота бөлінеді. Сонымен қатар, ЭҚҰ қажет 674 жұптың 300-і квота алу үшін қажетті өлшемдерге сай болған.
Осыған орай облыстық перинаталдық орталығының кеңес беру-диагностикалық бөлімінде экстрокорпоралдық орталығы ашылды. Орталықта бедеулікті қосалқы репродуктивті технологиялармен емдеу әдісі қолданылады.
Облыстық перинаталдық орталықтың басшысы Асхат Балықовтың айтуынша, бүгінде 2000-ға жуық бедеулік белгісі бар аналар кезекте тұрған көрінеді. Бұған дейін Алматы, Астана қалаларында жасанды ұрықтандыру жолымен балалы болуға 40 квота бөлінсе аталмыш орталықта 50 анаға осындай медициналық көмек көрсетілуде. Аналарды жасанды ұрықтандыру әртүрлі жағдайларға байланысты 250-280 мың теңге көлемінде түседі. Ал бұл көршілес Орынбор облысында 2-5 мың АҚШ доллары болады.
Орталықты күрделі жөндеуге 60 миллион теңге қаржы жұмсалды. Мекемені медициналық жарақтармен жабдықтау 420 миллион теңгеге түсті.
– Біздің орталық медициналық қондырғылармен жарақтандырылуы бойынша ТМД елдеріндегі бірегей мекеме. Шетелдік қондырғы арқылы балалардың ана жатырындағы дамуын айқын анықтаймыз. Осы қондырғы арқылы мүгедек балалардың өмірге келуінің алдын алуға мүмкіндігіміз бар, бұл ТМД елдерінде жоқ. Бізге осындай жағдай жасағаны үшін Елбасымызға, өңір басшысына алғысымыз шексіз, – дейді орталықтың медициналық-генетикалық қызметінің меңгерушісі Любовь Бойко.
Сатыбалды СӘУІРБАЙ, «Егемен Қазақстан»
Ақтөбе облысы