Қазақстан-Ресей мемлекеттік шекарасы бойындағы қазақстандық шекарашылар есірткілік зат – марихуана өткізбек болғандарды ұстады, ал олардан алынған марихуананың жалпы салмағы 300 грамнан асты, деп хабарлады ҚР ҰҚК ШҚ баспасөз қызметі.
Ақтөбе шекара отрядына қарасты «Жайсаң-авто» бақылау-өткізу бекетінің шекара наряды қызметтік иттің көмегімен «Ақтөбе – Орынбор» бағытындағы жолаушылар автобусына шекаралық бақылау өткізу барысында 39 жастағы қазақстандық азаматты ұстауға мәжбүр болды. Аталған азаматтың күртесінің қалтасынан жасыл түсті, өзіндік иісі бар есірткілік зат – марихуана табылды.
Осы күні Қостанай шекара отрядына қарасты «Қайрақ-авто» бақылау өткізу бекетінің шекара сақшылары екі қазақстандық азаматты ұстады.
Ұсталғандардың бірі – 24 жастағы жігіт Қазақстаннан Ресей еліне «Тойота» автокөлігімен сапар шегіп барады екен. Шекаралық бақылау кезінде автокөлік ішінен шампуньнің құтысы табылып, ішіндегісі алдын ала сараптама бойынша марихуана болып шықты, салмағы 25 грамм екен.
Келесі ұсталған азамат «Қостанай – Екатеринбург» жолаушылар автобусының жолаушысы болып шықты. Шекаралық бақылау кезінде оның қолындағы шырын құтысынан салмағы 300 грамдай болатын марихуана шыға келді.