Эстониялық «Front Line» іздестіру тобының жетекшісі Андрей Лазуриннің айтуынша, Таненберг шекарасында Ленинград майданының жауынгерлері жауға қарсы 9 ай бойы шайқасыпты. Қызыләскер Николай Сорокин осы жерде Эстонияны неміс-фашист басқыншыларынан азат ету барысында ерлікпен қаза тапқан.
– Біз 14 жыл бойы іздестіру жұмыстарымен айналысып келеміз, – деді Андрей Лазурин, – осы уақыт ішінде белгісіз 958 жауынгерді тауып, анықтап, қайта жерлеу рәсіміне қатыстық. Бірақ, Қазақстанға бірінші рет келіп тұрмыз. Семей қаласын алғашқы рет көруіміз. Енді міне, Эстония-Ресей-Қазақстан халықаралық жобасымен жұмыс істеуді бастадық. Осы жоба арылы Семейге Сорокиннің мүрдесін жеткізуге ресейлік бір меценат көмектесті.
– Соғыста ерлікпен қаза тапқан Николай Сорокиннің денесін Қазақстан елшісі арқылы туған жеріне 73 жылдан кейін жеткізуге мүмкіндік туды, – дейді Семей қалалық ішкі саясат бөлімінің маманы Мейіржан Амангелді. Беймәлім жауынгердің дерегі қалтасындағы №811663 «Ерлігі үшін» медалі арқылы анықталған. Іздестірушілер Ресей Қорғаныс министрлігіне хат жазып, медаль иесін сұрағанда, бұл 124-інші атқыштар дивизиясы 781 полкінің қатардағы жауынгері, 1912 жылы туған Николай Федорович Сорокиндікі деген анықтама жіберген. Ол Семейдің Октябрь аудандық әскери комиссариаты арқылы 1941 жылы 23 тамызда әскер қатарына шақырылған екен.
– Әкемізді майданға әкеткенде небәрі бір жаста болдым, ал әпкем үш жарым жаста еді, – деп әңгімелейді майдангердің кіші қызы Галина Мурашкина. – Анамның айтуынша, ол кеме жасау зауытында, шаруашылықта жұмыс істеген. Әкеміз соғыста із-түзсіз кетті деген қағазды алсақ та, сенбей өмір бойы іздедік. Тек 73 жылдан кейін ғана дерегін таптық.
Раушан НҰҒМАНБЕКОВА,
журналист
СЕМЕЙ