07 Ақпан, 2017

Селфи суға батыра жаздады

134 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін
Қазір жастарға селфи жасау таусылмайтын қызық іс кө­рінеді. Лисаков қаласында 25 жастағы бойжеткен жұртты қатер­лілігімен таңғалдыратын бір селфи жасамақ болды. Ол бұл үшін қала маңындағы Қы­зыл­жар бөгетін таңдайды ғой. Бойжеткен алғашқы селфиін жасап бола бергенде, ойылып кеткен мұздың астына түсіп кете­ді. Айналадағы балық­шы­лар, кезекшілікте жүрген по­ли­цей­лер қызды көргеннен «ол жерге барма, мұзы жұқа» деп ай­қайлай бергенде, ол ойыққа тү­сіп те кеткен еді. Әйтеуір, абы­рой болғанда оны тәжірибелі балықшылар мен арнайы күзет қызметі басқармасының бөгетті бақылап жүрген қызметкерлері құтқарып қалды. – Біздің айқай салғанымыз да сол еді, қыз мұзға күмп бер­ді. Біз жеткенше ол өзі қар­ма­­­­нып мұздың бетіне шық­ты, сосын жағаға тартып алдық. Дереу «Жедел жәр­дем» мен құтқа­рушыларды шақыр­дық, – дейді полиция сержан­ты Вя­чеслав Маличев. Маман­дардың айтуынша, күн қандай суық бол­ғанмен, бөгеттегі мұз­дың қалың­дығы 4 сантиметрден аспайды екен. Өйткені, Жоғары Тобыл су қоймасына қаңтар айы­ның аяғынан бастап су түсе бас­тайды да, ол мұздың астын шайып жатады. Бойжеткенді құтқарғанның бірі, полиция сержанты Мәди Балабиевтің бөгет селфи жасайтын орын емес, оның қауіпті екенін осында қыдыруға келген жастарға түсіндіруден жа­лықпайтынын айтты. Бірақ қызыққа ұмтылған жастар мұндай ескертпені жүре тыңдайды. Бойжеткеннің телефоны сел­фиімен бірге мұздың астында қалды. Ол жақында ғана телефонның несиесін төлеп бітірген екен. Бір ажалдан әупіріммен аман қалған бойжеткен енді бөгетке келмейтіндей, селфи жасамастай болды. Осы оқи­ғадан кейін селфиге құштарлар оны мұз астында «жасамауы» үшін тиісті орындар бөгеттің осы қауіпті аумағын қоршап қойды. Нәзира ЖӘРІМБЕТОВА,«Егемен Қазақстан» Қостанай облысы, Лисаков қаласы