06 Ақпан, 2017

Кәсіподақтардың қатары толығып жатыр

281 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін
Орталық коммуникациялар қызметінде Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың Қазақстан халқына Жолдауына арналған брифинг өтті. Онда Кәсіподақтар федерациясының төрағасы Әбілғазы Құсайынов «Үшінші модернизация» Жолдауы аясында кәсіподақтар үшін басымдықтардың бірі болып саналатын жаңа жұмыс орындарын құру мәселе туралы айтты. Жиында ол Мемлекет басшысының Қазақстан халқына Жолдауында атап өткен  Онлайн-технологиялар мен «Цифрлы Қазақстан» бағдарламасының жастарға  өздерінің білімдері мен біліктіліктерін толығымен пайдалануға мүмкіндік беретінін, өйткені қазіргі кезде елімізде жұмыс орындарын сақтап қалу өте өзекті мәселеге айналып отырғанын жеткізді. ­-Бүгінде барлық елдерде қаржы-экономикалық дағдарыс болып жатыр. Ол бірнеше жылдан бері жалғасып келеді. Дағдарыс біздің елімізді де айналып өткен жоқ. Экономикалық дағдарыс қазіргі күннің ең басты проблемасына айналып отыр. Осыған байланысты еліміз жұмыс орындарын сақтау мәселесімен айналысуда. Мысалы, Еуропаның Италия, Грекия сияқты мемлекеттерінде жастар арасында жұмыссыздық 23 пайызға жетті. Ал біздің елімізде Елбасының реформаларының арқасында жұмыссыздық деңгейі 5 пайызды ғана көрсетіп тұр. Президенттің биылғы Жолдауы осы мәселені түбегейлі шешуге арналған, - деді ол. Сонымен бірге ол  елімізде шағын және орта бизнестің арқасында көптеген азаматтар жұмыс орындарын ашуға мүмкіндік алғанын, соның нәтижесінде миллиондаған отандастарымыз «екі қолға бір күрек» алып, өзінің кәсібімен айналысып жатқанын атап өтті. «Қазіргі таңда елімізде 3,3 млн адам жалдамалы жұмыспен айналысуда. Өнеркәсіп, өндіріс, көлік-логистика саласында жұмыс орындарын сақтау ісі жалғасып жатыр. Бұдан басқа 20 000-нан астам жаңа жұмыс орындары пайда болды. Ал «Нұрлы жол» бағдарламасын аясында 4,400 шақырым жол салынуда. Егер 100 км-ге 1000 адам жұмыс істесе көптеген азаматтардың еңбектеніп жатқанын көруге болады. Елімізде кәсіпкерлікті дамытуда қолда бар мүмкіндіктің бәрі жасалып отыр. Мысалы, Жолдауға сәйкес енді адамдар өз нәсібін кәсібінен тапқысы келсе 16 млн теңге көлемінде несие алады. Осының бәрі отбасылық бизнеспен айналысуға мүмкіндік беріп тұр», - деді Ә.Құсайынов. Сол сияқты ол брифингте Кәсіподақтар федерациясының қызметіне тоқталып, қазірде кәсіподақ мүшелерінің үштен бірі жастар екенін, барлық аймақтарда «Келешек» жастар кеңестері белсенді жұмыс атқарып, олар жаңа жұмыс орындарын құруға өз үлестерін қосып жатқанын атап өтті.  «Мәселен, Қостанай облысында «Келешек» кәсіподақ жұмыскерлерінің балалары үшін жаңа балабақша ашылды»,  – деп мәлімдеді федерация төрағасы. Оның айтуынша, тек соңғы екі жыл ішінде кәсіподақтар мүшелерінің саны 116 мыңнан астам адамға көбейген. Сондықтан да жастарды жұмыспен қамту кәсіподақтардың маңызды міндеттерінің бірі болып қала береді. Атап өтер жәйт, Мемлекет басшысының бастамасымен ұйымдастырылған  конституциялық реформалар аясында Кәсіподақтар федерациясы кәсіподақтар қатарында да реформа жүргізуді жоспарлауда. Ең бастысы мұнда басымдық кадрларды жаңартуға беріледі. Дастан КЕНЖАЛИН, «Егемен Қазақстан»