Қазақ әйелі – елін де, ерін де сыйлай білген халық. «Ердің көңілін сақта, лебізін сатпа» дейді. Қызын да жастайынан тектілікке тәрбиелеген. Балалардың көзінше ана отағасының бетінен алып, оған қарсы сөз айтып, дауыс көтермеген. Іштегі азын-аулақ ренішін ұл-қызының көзінен таса жерде айтқан. Ұсақ-түйекке бола отанасы ешуақытта да ерінің мазасын алмаған. Бар шаруаны өзі реттеп отырған. «Батырды үйде көрме, түзде көр» дегендей, ардақты жар өз ерінің ерлігін әрдайым сырттан көруге асыққан. Осылайша асыл тәрбиенің ұшқыны отбасынан басталып, өсе келе ондай ұшқын ұлағатты ұл-қыз тәрбиелейтін абзал ананың шексіз махаббат алауына айналады. Ал ер кісілер болса ешқашан да қызға дауыс көтеріп ұрыспақ түгілі, бетіне тура қарамаған. Қыздарын қадір тұтып, еркелеткен. Жарының да үнемі қас-қабағына қараған. Қыз бен ананың өнегесін ұлына үлгі ететін.
Бұрынғы ата қазаққа қарағанда, бүгінгі қазақтың сапалық, һәм рухани дүние-танымдық көзқарасы түбегейлі өзгерді деп айтуға болады. Бұрынғы мәрттік, өжеттілілік, ерлік, тектілік көріне бермейді. Қоғамдағы азын-аулақ отбасының тәрбиесі бұрынғы рухани адамгершілік қағидаттарымен ұштасып жатса, көпшілік отбасында бұл тым сұрланып кеткені байқалады. Ата-ана мен бала арасы алшақтап бара жатқан тәрізді. Тәрбиеден жұрдай, өзгені сыйлау былай тұрсын өз ата-анасының тілін алмайтын безбүйректерді, өзімшілдерді кез келген жерден кездестіре аласың.
Сапалық деңгейіміздің бұзылуына не әсер етті, қоғамдағы отбасы тәрбиесінің нашарлауына кім кінәлі, мұндай жағдай жалғаса берсе, ертеңгі ұлттық бейнеміз қандай болмақ? Осы сынды сұрақтарға талдау жасап көрсек.
Жоғарыда қазақ әйелін ері сыйлай білген дедік. Ал бүгінгі еркектердің бәрі сондай деп айта аламыз ба? Әрине, көпке топырақ шашудан аулақпыз. Дегенмен ерге тән қасиет азайып бара жатқаны айдан анық. Аты еркек болғанмен түр-тұлғасына қарап олай деуге аузың бармайды. Шашын бұйралатқан, құлағына сырға тағып алған. Одан қала берді әйелдерше опа-далап жаққан, шашын өсіріп өрген.
Мен де әкеден жаралдым, ол мен үшін құрмет саналады. Еркек туралы айтқандарым көбіне жастарға қатысты. Елдің ертеңі солар ғой. Ер адам өзіне табиғат берген қасиетінен жаңылмаса жөн болар еді.
Әйелдерді де ақтап ала алмасақ керек. Бұрынғы аналар бір руды ғана емес, бүкіл елді айрандай ұйытып, береке-бірлікке шақырып отырған. Отбасында аз ғана келіспеушілік бола қалса, бәрін ақылмен реттеген. Кейбір істі отағасының араласуынсыз-ақ, тіпті оған жеткізбей тігісін білдірмей бітіре қоятын болған.
ХХІ ғасырдың әйелдері қандай? Іскерлік, лауазымды қызмет деп үй ішінің берекесін қашыратындар бар. Қызға қырық тыйымды үйретпей бетімен жіберетіндер жоқ емес. Оны айтасыз, қызымен бірге отырып шылым шегетін, ішімдік ішетін аналар да кездеседі. Ағайын-туысқанның ұйытқысы болудың орнына «от жағып», ойрандайтындар баршылық. Абысындар арасындағы татулық көп жағдайда өсек-аяңға ұласып кете береді. Отбасы амандығын, үй іші тыныштығын, балаларының тілеуін тілеудің орнын бәсекелестік басып бара жатқандай.
Әке анау, шеше мынау болса, бала қайдан оңады. Түске дейін ұйқысын қандырады. Сабаққа, не жұмысқа барғысы келсе барады, барғысы келмесе жата береді. Оқу жылының соңында әкесі мен шешесінің тапқан-таянғандарын оқытушылардың қалтасына салады. Үйдегі дайын тамақ таңдайға татымайды. Сыртқа әуес. Сырттан ішкен «бал» деп біледі... Тізе берсек көп.
Бір замандардағы сүліктей сүйкімді қыздар жартылай жалаңаштанып қалды. «Мұның не?» десең: «Онда тұрған не бар екен», деп төстен алып, бетке шабады. Университетте оқитын қыздарды былай қойып, мектепте оқитын сіңлілеріміз биік өкше тоқылдақ туфли киіп, көздерін бояп алады. Көрген көргенін істейді деген осы.
Айта берсең бүгінгі қазақ қоғамында мұндай шайтан араласқан жағымсыз жайттер жетерлік. «Ел болам десең, бесігіңді түзе» деп еді ұлы жазушы М.Әуезов. Бесікті бекем түзесек, ұрпақ тәрбиелі, ұлт үлгісі үкідей үлбіреп тұрады. Біздікі осылай болса деген ниет қой.
Арай ҮЙРЕНІШБЕКҚЫЗЫ.