07 Ақпан, 2017

Қазақстан Тәжікстанға "Evolution" локомотивтерін жеткізбек

153 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін
Қазақстанның Тәжікстандағы елшісі Нұрлан Сейтімов «Рохи охани Точикистон» МБК бастығы («Тәжікстан темір жолы») Комил Мирзоалимен кездесті, деп хабарлады ҚР Сыртқы істер министрлігі. «Кездесуде екі елдің өкілдері теміржол саласындағы, соның ішінде Тәжікстанға қазақстандық «Evolution» локомотивтерін жеткізу бойынша екіжақты өзара іс-қимыл мәселелерін талқылады», - делінген хабарламада. Тәжікстандық тарап тәжік темір жолының қажеттіліктері үшін Қазақстанда өндірілген теміржол машина жасау саласы өнімдерінің, бірінші кезекте рельстер мен жартылай вагондардың жеткізілуіне мүдделі екенін білдірді. Тараптар 2017 жылғы 15-16 ақпанда Астана қаласында өтетін Қазақстан Республикасы мен Тәжікстан Республикасы арасындағы экономикалық ынтымақтастық жөніндегі үкіметаралық комиссияның 13-ші отырысы теміржол саласындағы ынтымақтастыққа қосымша серпін беретініне сенім білдірді. Әңгіме соңында қазақстандық дипломат Комил Мирзоалиге кездесу үшін алғыс айтып, стратегиялық әріптестік рухында Қазақстан-Тәжікстан қарым-қатынастарын нығайтуда жемісті ынтымақтастық жасауға дайын екенін жеткізді.