Павлодар облысының әкімі Бақытжан Сағынтаевтың қолдауымен Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 20 жылдығына арналған 2011 жылдың 6 тамыз күні киелі Баянауыл жерінің көрікті Жасыбай көлінің жағалауында алғаш рет «Жұлдызды Жасыбай» атты І ретро-фестивалі өтті. Аталмыш фестиваль ұлттық өнеріміздің туын әлемге паш еткен әйгілі режиссер, даңқты жерлесіміз, қасиетті де киелі Баянауыл өлкесінің тумасы Шәкен Аймановтың кино өнеріне арналды. Ұлы актер әрі шебер суреткер Шәкен Кенжетайұлының кино әлеміндегі тарихы 1940 жылы Әуезовтің сценарийі бойынша «Райхан» фильміндегі Сәрсен рөлінен басталды. Содан бастап, Ш.Айманов он төрт кинофильмге түсіп, соның барлығы да қазақ кино өнерінің алтын қорында сақталуда. Қазақ киносының атасы әрі жарық жұлдызы саналатын Шәкеннің кино өнеріндегі туындыларының жарыққа шыққанына көп уақыт өткеніне қарамастан, көрерменнің ыстық ықыласынан кенде қалған емес. «Алдар көсе», «Біздің сүйікті дәрігер», «Тақиялы періште», «Ән шақырады» секілді кинофильмдерде шырқалған әндер де халық жадында мәңгілікке сақталған. Осы тұңғыш рет өткізілген «Жұлдызды Жасыбай» ретро-фестивалінде әуеленген Шәкеннің кино туындыларындағы әндерін «Арнау», «KeshYou» «Дауыс International» және «Премьера» топтары мен Ділназ Ахмадиева, Талғат Мұсабаев, Нұрлан Абдуллин секілді опера және қазақ эстрадасының жұлдыздары орындады.
Бірден айту керек, облыс әкімінің қолдауымен өткен шара өте жоғары деңгейде ұйымдастырылды. Мұны фестивальді тамашалауға келген жұртшылық айтты. Жалпы, фестиваль аймағымызда тұңғыш рет өткізілсе де, дәстүрлі өтіп тұратын шарадай көрініс тапты. Жергілікті тұрғындар мен қонақтардың көтеріңкі көңіл-күйлері өнерпаздардың шабытына қанат бітіргендей әсер қалдырды. Әсіресе, қазақ эстрадасында әсем әнімен ерекшеленетін әншілер тобы Шәкен фильмдеріндегі әндерді нақышына келтіре орындады. Фестивальді жүргізген республикаға танымал әртіс Бақытжан Әлпейісов пен белгілі тележүргізуші Майя Веронская шараға ерекше көрік беріп, фестивальдің маңызын арттырды.
– Жалпы, Шәкен Аймановтың қай фильмін алсақ та, керемет дүние. Оның туындыларын бала кезімізден сүйіп көріп, тыңдап өстік. Ол фильмдердің жүрегімізде алар орны да ерекше. Сондықтан, мен үшін қазақ киносының жұлдызын жаққан Шәкен ағамыздың туған жеріне келудің өзі үлкен бақыт. Бұған дейін де көптеген шараларды өткіздік. Бірақ, «Жұлдызды Жасыбай» фестивалінің шоқтығы биік, – деді Майя Веронская. Шарада әсем дауысымен жұртшылықты баурап алған елімізге танымал әнші Талғат Мұсабаев болса, қазақ жерінде жаңа фестивальдің дүниеге келуімен құттықтады. «Барша баянауылдықтар мен қонақтарды «Жұлдызды Жасыбай» фестивалінің дүниеге келуімен құттықтаймын. Елімізге белгілі адамдар дүние есігін ашқан қасиетті өлкеде дәл осындай фестивальдің қашан болмасын бір ұйымдастырылуы заңдылық еді. Міне, бүгін соның куәсі болдық. Павлодар симфониялық оркестрімен қосылып ән шырқадым. Бәрі тамаша. Көңілімнен шықты. Шәкен Айманов фильміндегі әндер баршамызға бала күннен таныс әрі ыстық»,– деді ол өз сөзінде.
Сахналық қойылым ретінде өрбіген фестиваль жұртшылыққа мерекелік көңіл-күй сыйлады. Ерекше атап өтерлігі, шараға Ж.Аймауытов атындағы облыстық қазақ музыкалы драма театрының әртістері де белсене атсалысты. Сонымен қатар, опера әншісі Талғат Мұсабаевпен қосылып өнер көрсеткен облыстық симфониялық оркестр де жиналған қауымның көңілінен шықты.
Әншілердің жанды дауыста ән айтқанына тәнті болған Новосібірлік журналист Андрей Цевилев: «Мен Ресей Федерациясы, Новосібір облысынан келдім. Баянауыл жерінде алғаш рет болуым. Табиғаты ерекше екен. Жаныңды бірден баурап алады. Фестивальден алған әсерімді сөзбен жеткізе алмайын. Ән, хореография барлығы да жоғары деңгейде.Өнерпаздардың өнерін тамашалауға келген халықтың көптігін қарасаңызшы?! Бұл фестиваль Қазақстанның әлемдік аренадағы беделін көтеруге ерекше үлес қосады деген ойдамын»,– деп өз пікірімен бөлісті. Ал, «Хабар» агенттігі бағдарламалар бөлімінің редакторы Зейнет Тұрарбекқызы болса, кішігірім фильм ретінде түсірілген қойылымдарды ерекше бағалады: «Өнерпаздар фестивальге ыждаһаттылықпен дайындалғандары көрініп тұр. Әзіл-қалжың ретінде өрбуінің өзі үлкен жетістік. Әсіресе, Алдар көсенің қазіргі заманда тұрмыс кешу барысында түсірілген қойылым сәтті шыққан. Көрермен қауымға да ұнады. Сондай-ақ, әнші Талғат Мұсабаевтың Жасыбай көліне зорға жеткенін бейнелеген бейнеқойылым да жұртшылықтың көңілінен шықты. Ең бастысы, фестиваль жоғары деңгейде өтті»,– деді ол.
«Жұлдызды Жасыбай» ретро-фестивалі еліміздегі белді туристік орталықтардың бірі саналатын Баянауыл өлкесін қонақтарға жаңа қырынан танытты. Демалушылардың назарын да бір сәтке қазақ өнеріне бұрғызды. Ең бастысы, фестиваль киелі өлкені шетелдік қонақтарға таныстыруда маңызды қадамдардың бірі болды. Шараға қатысқандар осынау игі шара келесі жылы да жалғасын тапса деген ниеттерін жеткізді.
Фархат ӘМІРЕНОВ,
Павлодар облысы,
Баянауыл ауданы.
Бақытжан ӘЛПЕЙІСОВ, «Жұлдызды Жасыбай» ретро-фестивалінің жүргізушісі:
– «Жұлдызды Жасыбай» секілді ауқымды фестивальдің қасиетті Баянауыл жерінде ұйымдастырылғанына қуаныштымын. Мәні мен маңызы зор осындай шаралар елімізде көптеп өткізілсе, нұр үстіне нұр болар еді. Баянауыл өңірі негізінен тума таланттарға толы өлке ғой. Сондықтан жер жұмағы – Жасыбайда мұндай фестиваль өткізбеу «қылмыс» деп санаймын. Табиғаттың да, адамдардың да пейілі осыған сай келіп тұр. Фестивальді жүрізгеніме өзімді бақытты санаймын. Жасыбай өңірі Шәкен Аймановтың есімімен тығыз байланысты. Ол өз туындыларының басым бөлігін осы жерде түсірген.Оның фильмдеріндегі әндерді қанша айтсақ та, жалыққан емеспіз. Бұл әндер әлі талай шырқалады. Өшпес әндерді қайта тірілтіп, жаңаша бағытта орындау өте ғажап. «Жұлдызды Жасыбай» дәстүрлі фестивальге айналса игі болар еді.
Нұрлан АБДУЛЛИН, әнші:
– Мен Баянауыл жерінде осыдан үш-төрт жыл бұрын болғанмын. Сонда Баянауылдың ғажайып табиғатына қайран қалған едім. Сондықтан Павлодар облысының әкімі Бақытжан Сағынтаевтың фестивальге қатысу туралы ұсынысын бірден қабыл алдым. «Жұлдызды Жасыбайды» дәстүрлі түрде ұйымдастырсақ, шараның маңыздылығы арта түседі. Жалпы, Шәкен Аймановтың әрбір фильміндегі әндерді халық сүйіп тыңдайды. Осындай тамаша фестивальден кейін Шәкен ағаның аруағы бір аунап түскен болар. Мен әйгілі әнші ағамыз Ермек Серкебаев шырқаған «Надо мной небо синее» әнін орындадым. Халыққа ұнады деген ойдамын.
Ділназ АХМАДИЕВА, әнші:
– Мен Баянауыл жерінде алғаш рет болып отырмын. Шыны керек, бұл өлкенің тамаша табиғаты мені бірден баурап алды. Алдағы уақытта демалуға арнайы келетін боламын. Өкінішке қарай, Шәкен ағамен таныс болған емеспін. Бірақ, ол менің әкемнің екінші әкесі болған. Қарапайым тілмен айтқанда, менің атам. Әкем Мұрат оның түсірген фильмдерінде көптеген басты рөлдерді сомдаған. «Жұлдызды Жасыбайда» ертеректе Бибігүл Төлегенова апайымыз орындаған әнді шырқадым. Бұл – мен үшін үлкен мәртебе. Бүгін жаңа фестивальдің тұсауы кесілді. Құтты болсын, Алаш жұрты!