07 Ақпан, 2017

Футболдан Қазақстан қыздар құрамасына жаңа бапкер тағайындалды

177 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін
Қазақстан футбол федерациясында қыздар футболына қатысты жиын өтті. Жиында жаңа бапкерлер таныстырылды, деп хабарлайды ҚФФ баспасөз қызметі. 17 жасқа дейінгі Қазақстан қыздар құрамасының аға жаттықтырушысы қызметіне Орынбасар Дәуренбекова тағайындалды. Осы уақытқа дейін құраманы Данияр Қайырбаев жаттықтырып келген. 19 жасқа дейінгі Қазақстан қыздар құрамасын Петр Пак жаттықтыратын болды. Ол бұл қызметте украиналық маман Роман Заевтың орнын басты. Жаңа бапкер 2010-2015 жылдар аралығында «Көкше» футбол клубын жаттықтырып, бес мәрте Қазақстан чемпионатының қола жүлдегері атанған. Қазақстан әйелдер құрамасының бас бапкері қызметіне Айтпай Жамантаев тағайындалды. Жамантаев бұған дейін команданың аға жаттықтырушысы міндетін атқарып келген еді. Ол бұл қызметте болған болгариялық Калоян Петковты ауыстырды. Бас бапкерге отандық маман Владимир Ляпкин көмектеседі.