09 Қыркүйек, 2011

Өмірбек БАЙГЕЛДИ: Біздің жолымыз біреу, бір арнамен ағамыз

618 рет
көрсетілді
27 мин
оқу үшін
Қандай елде болса да ішкі ты­ныштық оны мекен еткен ха­лық­тар тату­лы­ғына байланысты бол­мақ. Ал бұл көп ұлтты мем­лекет үшін ауадай қа­жет іс. Бұл бағытта біздің елімізде Мемлекет басшы­сы­ның дінаралық және этносаралық келісімді қам­тамасыз етудегі рөлі айрықша көрінеді. Оған  эко­номикадағы, мәдениет­те­гі, құқық қорғаудағы жал­пы ішкі, сыртқы сая­саттағы көптеген жетістік­тері­міздің әсері мол болды деп толық айтуға негіз бар. Дегенмен, жау жоқ деме, жар астында дегендей, осы жетістіктерімізді, тыныш­тығымызды көтере алмайтындар да баршылық. Осы орайда біз көрнекті қоғам қайраткері Өмірбек БАЙГЕЛДИМЕН мемлекеттің көпконфессия­лық қоғамда да дінге сенушілердің зайырлы дағдыларына құрметпен қарау қажеттілігі туралы, алға қойған ізгілікті істері жөнінде, ұлттық мәдениет, қазақ әйелдерінің дәстүрлі киім ерекшеліктері және тарихи құндылықтарымызды құнттау жөнінде кеңінен әңгімелескен едік.  – Өмірбек Байгелдіұлы, қазір әлемнің қай түкпіріне көз салсаңыз да тыныштық жоқ. Түрлі халықтар арасындағы шиеленіскен дау-жанжал, қырғи қабақ, атыс-шабыс ешуақытта толастамайтындай көрінеді. Мұның бәрінің өзіндік себептері бар екені анық. Осы орайда біздің еліміздегі тыныштықтың басты кепілі – ішкі саяси тұрақтылық, ұлтаралық келісім және дұрыс таңдалған экономикалық стратегия деп білеміз. Бұл, сөз жоқ, ең әуелі Елба­сы­ның, мемлекеттің ұстанған бағытының оң екендігін көрсетеді. – Иә, біздің халқымыз қашанда бейбітшілікті, татулықты, сыйластықты жақтаған ел. Өз­ге­ге қол ұшын беру, қиын-қыстау кезеңде кө­мек­тесу, бір тілім қара нанды бөліп жеу ата-бабамыздан қалған қасиет. Қазақ хал­қы­ның басына да талай нәубеттер түскені белгілі, бірақ мойыған жоқ. Ақыры біз аңсаған тәуелсіздігімізге жеттік. Бір­ақ тәуелсіздігімізді алу да, оны ұс­тап тұру да оңай емес, өйткені дү­ниенің төрт бұрышында, өзің айтқандай, тыныштық жоқ екені рас. Міне, осы орайда Мемлекет басшысының дұрыс саясаты ғана хал­қымызды тығырықтан шығарып отыр. Яғни, Елбасының жүргізген сын­дарлы саясатының арқасында ішкі саяси тұрақтылық, ұлтаралық келісім және дұрыс таңдалған экономикалық бағыт елді биік асуларға бастауда. Оның нә­ти­жесі 140 этнос пен 46 діни конфес­сия­ның өкілдері тату-тәтті өмір сүріп жат­қан Қазақстанның тәжірибесі деп білемін. Бұл – қазақ еліндегі мұсылман жа­ма­ғатының орнықты ағартушылық ислам үлгісін ұстануының мәуелі жемісі болып табылады. – Дегенмен осы тыныш­ты­ғы­мыз­ды көре алмағандықтан ба, әлде «біреу тойып секіреді, біреу тоңып секіреді» дегендей, астамшылдыққа са­лын­ғандықтан ба, қайсыбір теріс ниетті жандардың жаманшылық ша­қы­ратын түсініксіз әрекеттері көрі­ніп қа­лып жүр. Осындай дәстүрлі ұлт­тық құндылықтар бағытынан ауыт­қу жақ­сылыққа апармасы анық. – Үнемі дамып отыратын мемлекет, іргелі ел болу үшін қашанда көп нәр­се­ні білу қажет. Көп нәрсені зерттеу керек. Осы орайда айта кетсем, мен өмір­ді көп жылдан бері терең зерттеп келе жатқан кісілердің бірімін. Кейбіреулер осы зерттеулерімді көріп, әңгімелерімді тыңдап, осының не керегі бар деп қар­сы сұрақ қояды. Ал оның нақты керек екенін, міне, өмірдің өзі көрсетіп берді. Өйткені, өмір сүру үшін сол өмірдің өзінен сабақ алу керек. Мысалға, осы­ның алдында сіздердің газеттеріңізде «Қазағым, қайда барасың?» деген мақа­ла жазғам. Оны еріккенімнен жазба­ға­ным тағы белгілі. Елге бір сынақ келе жатқанын сезіп, бір қиыншылық бола­ты­нындай, елдің бұрынғы бағыты ыды­рай бастағандай көрінгеннен кейін, жүре­гіме қорқыныш ұялаған соң амал­сыз қолыма қалам алғам. Ел түсінсін, соның ішінде, әсіресе жастар түсінсін, адас­пасын деп, сөзімді соларға арна­дым. Енді елдегі қазіргі жағдай сол ме­нің көңілімдегі күдіктердің растығын, ақиқаттығын айғақтап берді. – Қазақ: «Адасқанның айыбы жоқ, қайтып үйірін тапқан соң», деген ғой. Ендеше, кейбір жастарға әлі де кеш болмай тұрғанда кесірлі кесапаттан арылып, дәстүрлі құндылық­та­ры­­мыз­ды құнттауымыз қажет деп айтқан жөн шығар. – Иә, солай. Әрине, дінге сену керек, алайда шектен шығу әбестік. Ислам деген сөз – бейбіт өмір деген сөз. Әр адам Аллаға жеке өзі сеніп, табынуы, ғиба­дат жасауы парыз. Бұл сауабы мол жөн іс. Ал енді ұйым құрып, қорқыныш ту­ғызып, халыққа, елге, мемлекетке қауіп төндіру үлкен күнә. Күнә болғанда да оның ең ауыры. Қан төгіп, өздерін жа­зым етіп жатқандардың ислам өкілімін деп айтуға хақылары жоқ. Олар бейбіт өмір дінінен тамырын үзген адамдар. Өз әке-шешесіне, ағайын-туысқан­дары­на менің жолыма түс, әйтпесе сен ха­рам­сың деп сөз айтатындар да пайда бол­ды. Бұлар мұндай сөзді өз туған ана­сына да шімірікпей айтады екен. Енді осындайға барған адамдарды қалай түсінуге болады? Сол кісілер анасының құрсағынан жарық дүниеге шықты ғой. Анасы харам болса, онда сол анасының денесінен шыққан оның өзі қандай? Харамнан адал жарала ма? Тіптен ақылға қонымсыз түсінік қой. Сондықтан олар­дың бағытын не деп атамасын және олар­дың қазір аты өте көп, ол жоғары­дан түскен ілім емес, ағым емес, мұның бәрі қитұрқы саясаттан шыққан, бір жер­лерде жиналып қалған ессіз қара пейіл­ділердің әрекеті. Олар кейбір адам­­дарды ақшамен айналдырып, ниетін бұзуда. Демек, әр адамға бұдан сақ­тану қажет. Халықтың құқығы бар дейміз. Ол құқық Алланың адал жолымен жүру деген сөз. Ал кім көрінген ойына келгенін жасауға құқы жоқ. Осындай теріс жолдардан сақтану үшін қазіргі күні біздің елде біраз игі өзгерістер іске асып жатыр. Ислам конференциясы болып өтті. Дін істері жөніндегі агенттік құрылды. Діннің түрлі қырларын зерт­теу орталығы құрылмақ­шы. Бұл ха­лықтың жақсылыққа сенуіне, қауіптен сейілуге, болашаққа үмітпен қарауына жол ашады. Бұл Президент саясатының дұрыстығы деп ойлаймын. – Өзіміздің ұлттық киім ерекшеліктеріміз туралы не айтар едіңіз? – Бұған айтарым, бізде сырттан келген әдеттерді, соның ішінде бір елдер­дің киімін исламның киімі деп тық­па­лап жатқан жәйлар бар. Исламның киімі деген киім жоқ. Исламда мұсылман дініне сенетін алуан түрлі мемлекет бар, халық бар. Олардың әрқайсысы өзі­нің киімімен, өзінің дәстүрімен, өзі­нің болмысымен жүр. Ал енді кейбір жақ­та сақал, мұрт шықпайтын халық­тар да бар. Олар не істейді, егер тек са­қал шығарып жүру қажет болса. Қолдан жасап ала ма? Мына Ауғанстанда әйел­дерге түгел дерлік қап кигізіп қояды. Олардың екі көзінің алдында  жарық сәулені көруге мүмкіндік беретіндей ғана торланған сызат бар, болды. Ал енді соларды мұсылмандықтың ең дұрыс жолында жүргендер деп айтуға бола ма? Бұл әсіре сілтеу. Әрине, біздің халқымызда да қара жамылып, аза тұту дәстүрі ілгеріден келеді. Бірақ оның да шегі бар. Қырық күн аза тұтады, әрі кетсе бір жыл. Содан кейін біздің елдің тәртібі бойынша, аза тұту тоқталады. Ал енді бұл қара киімді кию шетелде қайдан шықты? Қара киім шииттерден бастау алды.  Әзіреті Әлінің баласы Хұсейін бір со­ғыста  19 жасында қаза тапты. Соған Әзі­реті Әлі қатты қайғырды. Ол қатты қай­ғырған соң оның сардарлары, сар­баз­дары, соңынан ергендері бәрі қоса қайғырды. Міне, осы қайғырудан кейін сол қара киім киюді, қара жамылып аза тұтуды тоқтатпай келеді. Содан бұл дәстүрге айналды. Мақұл, олар не істесе өздері білсін делік. Ал енді біздің халқымыз содан 1400 жыл өткеннен кейін барып, қайғырып аза тұтатындай не жөні бар? Оны қалай түсіндіруге бола­ды? Сол азаматтың қайғысына бүгіннен бастап аза тұтамыз ба сонда? Мұхам­мед пайғамбардың өзі 63 жасында дү­ниеден озды.  О кісінің өліміне мұндай аза тұту жоқ. Ал неге оның жиенінің қазасына осылайша аза тұтылуы керек? Осыны жастарымыз ойламай ма? Бұл қайдан шыққан нәрсе деп зерттемей ме? Құр әуейленуге болмайды ғой. Демек, бұл бізде өмірі болмаған әдет. Біздің халқымыз әу бастан әдемі киінетін халық. Бетін ешуақытта жап­па­ған. Одан оларды бұзылған деуге негіз жоқ. Алла олардың жүрегіне шыдам берсін дейміз. Нәпсісін тыя білсін. Бұ­зылған жолдан өздерін аулақ ұстасын. Осыдан артық не керек? Ал егер жү­ре­гін­де жаман ой жатса, оны он мәрте қаптап қойсаң да өз дегенін жасайды. Ондайды басқа елдерден мысалға келтіруге болады. Соған қарамастан, кейбіреулер хиджаб кию керек дейді. Оның арғы түбінде араб сахарасында, күні күйіп, құм дауылы соғып тұрған жерде шыққанына, бет-ауызды тұмшалауға тура келгендіктен киілгеніне ой жіберіп жатпайды. Жақсы, кисін делік. Оны ха­лықтың қанша пайызы киер еді. Кие алмайды. Өйткені, біз көп ұлтты мемлекетпіз. Біздің арамызда өзге этностар, басқа дін ұстанушылар бар. Тіпті өзі­міз­дің қазағымыздың өзі соған көшер ме еді? Жоқ, көшпейді. Сондықтан мұн­дай жолға түспеу керек деп ақылға ша­қы­рамыз. Біз үстіге орануға артық мата­ны аяп отырған жоқпыз. Халық бірдей болсын, біркелкі киінсін, бірыңғай жүр­сін, бірақ жүректері таза болсын. Ау­зында Алласы болсын. Осыны қайсыбір адамдар ойламайды. Аздаған адамдар жоғарыда айтылған киімдерді кигеніне мәз. Біреулер оны шеттен әкеліп көбі­рек сатылғанына мүдделі, сол үшін де уа­ғыздайды. Ол дүкендерді мен өзім аралап көрдім. Олардың иелері баюды ғана ойлайды, алайда сол үшін келешекті құрбан етуге болмайды ғой. Бұ­рын қыздарымыз бөрік киген, тақия киген. Екі бұрымын еркін төгілдіре тастап, шолпыларын сылдырлатып жүр­ген. Оның несі дінге қарсы? Демек, біз­дің өзіміздің ұлттық сәнді киім үлгі­ле­рі­міз бар, соларды кисін. Мен сонша­лық­ты дінге берілгенмін деп мақтануға болмайды. Адам дінді мақтаныш үшін ұстамайды. Адам өзінің жаны үшін, өзі үшін дінге сенеді. Біреулер мен пәлен­бай рет қажылыққа бардым деп сөй­лей­ді. Жүз рет барса да қабыл болмауы мүмкін, егер жүрегі таза болмаса. Мен мешіт тұрғызып, әкемнің атын бердім деп мақтанатындар да бар. Оу, Аллаға жасалған нәрсені айтуға болмайды. Қайыр садақаның өзін жасырып, адамды төмендетпей беру керек. Сонда ғана садақа қабыл болады. – Дін істері жөніндегі агенттік құ­рылуының өзі де осы бір түйткілді мә­селелердің шешімін табуға, түсін­бес­тікті реттеуге, сөйтіп дәстүрлі дінімізді дұрыс қабылдауға бағытталып отырған жоқ па. – Ислам діні дамиды, ол әлі өр­ке­ниеттің төрінен орын алады. Оны да­мыт­пай отырған экстремистер. Солар халықты үрейлендіріп тұр. Дәстүрлі дініміз мейірімділіктің, жылылықтың, әділ­дік пен адалдықтың негізін уағыз­дай­ды. Бұл дінді уағыздағанда да оны айтқан адам ерекше мейірленіп, жүзі­нен нұры, жүрегінен шуағы төгілуі керек. Ол адам тек жақсылық ойлайтын, жа­­сы келген, көпті көрген, білімді, білікті мейірімділік қасиеттерге бай болса тіпті дұрыс. Кейде теледидарды қосып қалсаң біреулер кіжініп тұрып сөйлейді. Өйтіп уағыздамайды. Ешкімді қинап мұсылмандыққа қоспайды. – Ішкі дағдарыс, бір жақты тәуел­ділік, жастар мәселесі және басқа да түйткілді жайттар бірқатар елдерде бұрын-соңды болып көрмеген дүрбе­лең туғызды. Мұның да өзіндік нақ­ты себептері бар-ау. – Иә, осы дүниелерді дұрыс түсін­бейтіндер арасында  баладан бастап қартқа дейін барлығына Құранды терең оқытып, тұтас жаттатқызамыз дейтіндер бар. Ондай мақсат қойып керегі жоқ. Өйткені, Мұхаммед пайғам­бары­мыз Құ­ран хадисінде: «Ешнәрсеге, тіпті дінге де шектен тыс берілмеңдер», деп айтқан. Ондай фанатизмді халыққа тық­палаудың қажеті шамалы. Бәрің Құран­ды жатқа білулерің керек деген ой қазіргі шатақ шығып жатқан елдерден келді. Ол ел­дердің басшылары халқын әдейі оқытпай қойды. Тек дінді оқисың, басқаға көңіл бөлмейсің деп үйретті. Мұның да шегі бар екенін өмір көр­сетті. Бәрі көшеге шықты. Енді қантөгіс болып жатыр. Ол елдердің тәртібі бізге үйлеспейді. Олар шариғатпен жұмыс істейтін діни мемлекеттер. Ал біз, Конс­титуциямызда жазылғандай, зайыр­лы мемлекетпіз. Қазақ халқы – кең пейілді, дархан көңілді, жаны жайсаң жомарт. Жерімізде тұрып жатқан өзге халықтың өкіл­дері де кезінде тағдырдың жазуымен осында келіп өсіп, өнді. Біз ол адам­дар­ға кеңпейілділігімізді әлі де көрсетуіміз керек. Ол халықтардың ешқайсысына да қысым жасалмауы тиіс. Менің есіме жуықта Арменияға барғаным түсіп отыр. Қонақүйде сәресіге тамақ сұрай­ын десем, орысша түсінетін бір адам таппай қойдым. Онда 3100 ғана орыс бар екен. Көшесінде бірде-бір әріп орыс­ша жазылмаған. Ал біздің елдің ұстанған бағыты бойынша бірде-бір ұлт­тың өкіліне ондай жайсыздық туын­дамауы керек. Алайда олар қазақ хал­қы­ның тіліне, діліне, дініне, теріс ықпал жасамауы тиіс. Қазақ халқы мемлекет құрушы халық, өзінің ата мекенінде отыр. Оның басқа баратын жері жоқ. Сондықтан осы елде оның тілі, діні жұ­мыс істеп, әдет-ғұрпы, мәдениеті да­муы керек. Әрине, өзге халықтардың  да мәде­ниетін сақтап, дамыту арқылы өз ха­лқы­мыздың ілгері тарихын өзіне қай­та­руы­мыз басты міндет. Өткен та­рихы­мыз­дан ажырасақ, біз тамырынан қырқылған шөп сияқты қаңбаққа айна­ламыз. –  Дәстүрдің озығы бар, тозығы бар дегендей, қарап отырсаң, біздің халқы­мыз­дың бұрынғы дәстүрлері де озық екен-ау. Татулығымыз, кең­пейіл­ді­лігі­міз, қонақжайлылығымыз тіптен шексіз. – Қазіргі көп дәстүрлеріміз ықылым заманнан бар. Ілгеріден қазақтар зерек, білгір халық болған. Мемлекеттің қазіргі ба­ғыты өте дұрыс.  Қазақстан хал­қы Ассамблеясын құрып, әрбір ұлттың мәселелерін көте­ріп отырған әлемдегі бірден-бір елміз. Бұл біздің халықтар дос­тығына, өзге этностардың жергілікті ұлтпен бірдей даму­ы­на, өсіп, өнуіне өте жоғары мән беріп отырғанымызды білдіреді.  Мәселен, Малайзияда малай халқы аз, бірақ барлығы малай тілінде жүргізіледі. Малайлар тұтастай билікте. Сингапурдегі малайлар тіптен аз, бірақ соның өзінде малай­лар­дың орны биік. Мен сондағы өз­ге ұлттардың өкілдерімен сөй­ле­сіп көрдім: осындағы өмір­ле­ріңе, тұрмыс­та­рыңа ризамы­сың­­дар деп сұ­ра­дым. Ризамыз дейді. Тәртіп жақ­сы, ешкімді кемсітушілік жоқ, мол табыс табамын, жақсы тұрамын, мені ешкім басқа ұлт деп шеттетіп жатқан жоқ, дейді. Міне, осындай ниеттері үшін бұл мем­лекеттер көктен қолдау тауып, дамып жатыр. Бізге Мемлекет басшысы айтқандай, бірлік, татулық, тыныштық өте қажет. – Дін ұстануда теріс жолдарды тықпалау жақсылыққа апармайты­ны тарихтан да белгілі. Ал дәстүрлі діндеріміздің ғибраты адамды иман­дылыққа жетелейді. – Белгілі бір діндер көктен түскен. Міне, осы негізгі діндерге жол ашылуы керек. Өзге діндерге біздің қарсылығы­мыз жоқ дегенде біз осы діндерді ғана атаймыз. Олар негізгі діндер. Және бәріне бірдей қойылар талап осы діндердегі адамдармен ғана жұмыс істеу. Өзге діндердегі адамдарды қатарларына қосу үшін көшеге шығып, үй-үйді аралап қағаз тарату, басын айналдырып тар­ту, сатып алу күнәкарлық іс. Дінді осылай тарату қажет деп ешқашан айтылмаған. Мұның бәріне тыйым са­лынуы қажет. – Ал дәстүрлі мәдениет ерекшеліктері туралы не айтасыз? – Мәдениеті дамымаған халық халық емес. Біздің халықтың мәдениеті әлімсақтан келе жатқан құнды мәде­ниет. Біздің мәдениет шексіз, керемет мәдениет. Мәдениет дегеніміз тек өлең айта білу емес, өмір, тіршілік, тұрмыс, салт-дәстүр және т.б. Үлкеннің алдын кеспеу, үлкенге сәлем беру, үлкенді сыйлау, төрге шығару, құрмет көрсету –  мәдениеттің төресі. Мәдениет дегеніміз адамды сыйлау. Мейірімді болу. Сонда үлкен де, кіші де батасын төгеді. Батаменен ел көгереді деген бос сөз емес. Бата деген оң аура. Ол адамға күш-қуат болып қосыла береді. Ал ұрыс, реніш керісінше, қара энергия болып жина­лып, жанды қинайды. Мұның бәрі ғы­лы­ми дәлелденген. Үйіне келген қонақ­ты қазақ «қырықтың бірі – Қыдыр» деп төріне отырғызып қояды. Ондай дәстүр басқа халықта бар ма, болса да мұндай емес. Демек, біз бұл ұлттық мәдение­тіміздің асыл құндылықтарын сақтауы­мыз керек. Кезінде ауылда есікке құлып салынғанда айнала жұрт күлетін. Ал қазір қос-қостан құлып ілетін болды. Біз мәдениетіміздің өміршеңдігі мен келешегі жағынан озық халықпыз. Ілім, білім бәрі бізде болған, бола да береді. Алайда, соған өзіміз де лайық бола білуіміз керек. Тарихымыздың барлығы құрып кетті, жоқ болып кетті деген сөздер шындыққа сәйкес келмейді. Бұл дүниеде ештеңе де жоғалмайды.  Бар­лы­ғы да сақталады. Бірақ оны тек тау­ып, зерттей білу керек. Өйткені,  біздің тарихымыз тереңнен бастау алады. Тізбектеліп, тізіліп тұр. Оны үзбеуіміз керек, бір тұсын үзсек, әрі тереңдей алмаймыз. Біреудің жазып берген тарихын, былай жаз деп біздің адамдарға жазғыз­ғандарын бүгін шындық деп келешек ұрпаққа оқыту күнәмен бірдей. Өз ата-бабамызға өзіміз зиянымызды тигізбей, тарихымызды мүмкіндігінше ашуымыз керек. Ол ақиқатты ашпай, біздің хал­қы­мыздың тамыры терең болмайды.  Халық әлсіз болады. Оны білмеген ұр­пақ ел намысын қалай жыртпақ? Неге бүгін патриоттық туралы көп айтамыз? Үлкен адамдарда патриоттық бар, кейінгі ұрпақта бұл қасиет аз. Олар түп тамырын білмей, өзінің кеудесі мақ­та­ныш­қа толмай, рухы көтерілмей, патриот бол­май­ды. Бұл үлкен проблема, мемлекет келешегін осы патриотизм де шешеді. – Этносаралық және дінаралық бай­ланыстардың барлық аспектілерін зерттейтін қуатты орталық құ­рыл­са, оның пайдасы зор болатын шығар? – Иә, мен өзім де бұл артық болмайтын шығар деп ойлаймын. Осы салада кездескен қиын түйіндерді шешуге көмек береді. Елге түсіндіріп беретін бір ортаның болғаны дұрыс. Онда таза, есті адамдар отырса, ешқайда бұра тартпайтын, артық сөз айтпайтын, адал, әділ дегендей. Ол әр діннің өз ерекшеліктерін зерттеп, дұрыс түсін­ді­реді. Әр діннің ерекшеліктерін ешкім жоққа шығара алмайды.  Өйткені, ол өткен дүние. Бірақ солардың ішінде де ұқсас жәйттар бар. Соларды пайдалану арқылы араны жақындата түскен дұрыс. – Жастарды еліміздің толерантты патриоттары етіп тәрбиелеу осында тұ­рып жатқан әрбір этнос өкілде­рінің де  басты бағыттарының бірі болуға тиіс қой. – Ол өте дұрыс. Жастардың тарихты біл­гені, ата-бабаларымыздың дәстүр­лерін сақтағаны керек. Дәстүрлеріміз үзіліп қалмаса екен деймін. Ата-баба дәстүрлерін ұстансақ, басқа халыққа де­ген жүректе жаман ой болмайды. Мәселен, Еділ батырға Византиядан бас уәзір Харлампи өздерін жаулап алма­сын деген өтінішпен келіп, алайда ебін тауып оны өлтірудің амалын іздеп жүргенде, Еділ батырға қызмет ететін бір гректі кездестіреді. Оны көрген Хар­лампи: «Сен мұнда неғып жүрсің, бұлар бізге дұшпан ел ғой», дегенде, анау: «Жоқ, бұл әділетті ел. Ал, біздің елі­міздегі заңдардың бәрі жоғарыда отыр­ған адамдарға ғана қызмет етеді, солардың мүддесін ғана қорғайды, мұн­да, бұлар­дың тәртібі бойынша, барлық адамдарды бірдей қорғайды. Мен, міне, бөтен адаммын, олар менің құқымды бұзбайды. Сыйлайды, еңбегімді баға­лай­ды. Демек, маған мұнда өмір сүру тиімді» деп жауап берген көрінеді. Мұны Приск деген грек жазған. Демек, ата-ба­бамыздан өзге жұртқа көрсеті­ле­тін қа­сиет­ті құрмет бізде әлі де ерекше сақталған. – Жаңадан құрылған Дін істері жөніндегі агенттік қызметі біздің әң­гі­меміздің арқауына айналған мәсе­ле­лердің түйінін тарқатуға сеп бола­ры анық. Сол сияқты дін қызмет­кер­лерін шетелде емес, өз елімізде оқы­ту мәселесі дұрыс көтеріліп жүр ме? – Бұл агенттіктің құрылғанына барша жұрт қол соғып, үлкен нәтиже күтіп отыр. Демек, агенттік енді негізгі мәсе­лелерді қолына алып, түйінді проб­ле­ма­ларды тарқатуға тиіс. Бір сөзбен айт­қанда, Мемлекет басшысының осы са­ла­дағы саясатын іске асырғаны дұрыс. Мұнда өте жоғары білімді, терең тү­сінігі бар мамандар қызмет етуі керек. Олардың алдында жаңа заң дайындау секілді көп жұмыс тұр. Ал дін қыз­меткерлерін елімізде оқытуға толықтай мүмкіндік бар. Мына Тәжікстанның сыртта 1100 баласы оқыған екен. Соған байланысты ел басшысы Тәжікстанда тұрам десеңдер, оралыңдар, қайтпа­ған­дарға есік мүлде жабылады деп жарлық етті. Міне, бұл дұрыс, дін мамандарын сырттан іздеудің қажеті жоқ. Бізде білім де, білік те жетеді. Сыртқа барғандарды ондағылар өздеріне тәуелді етіп алады. Сондықтан сырттан дін ілімін іздемеу керек. Барған адам дін ілімін емес, басқа мамандықтарға, мысалы, банк жүйесі, медициналық, тех­никалық білімдерге оқуы тиіс. Ал біздің халқымыз теріс ағымдарды еш­уа­қытта қабылдамайды. Негізгі мақсат халқымыздың бірлігін сақтап, түгеліміз бір бағытта тәрбиеленіп, бір бағытта да­мып,  ата-бабаның жолымен жүріп, дәстүрлерін түгел сақтап, тілін, дінін, мә­дениетін жалғастырып, басқа ха­лық­тарға үлгі-өнеге болатындай дәрежеге жету деп білемін. Мынау үлкен дариялар бөлек-бөлек бұлақтардан, кішігірім өзендерден құралып, аяқ жағы үлкен мұхитқа айналады. Ал егер сон­дай дариялар әр тұста бөлі­ніп, әр арналарға түсіп, бөлек­те­ніп ағатын болса, ол да­рия­­лардың аяқ жағы құрдымға айна­ла­ды. Міне, сол сияқты біздің халқымыз да бөлініп-бөлшек­те­ніп кететін болса, оның аяғы қай­та­дан құрдым бо­луы әбден мүм­кін. Өзі­мізге белгілі, кезінде Сақ, Ғұн, Скиф, Үйсін, Қыпшақ, Алтын Орда сияқты ірі империялар болған. Бірақ бөліне-бөліне құр­дым­ға кетіп, халқымыз ұзақ уа­қыт қорлық  көрді. Осыны естен шығармай, бар­лығымыз бір арнаға түсіп, ұлы дария болып алға қарай ағуы­мыз керек. – Салиқалы да сал­мақты әңгімеңізге көп рахмет. Әңгімелескен  Александр ТАСБОЛАТОВ.