08 Ақпан, 2017

Ханкелді Әбжанов. Бүгінгінің қара нары – білім мен ғылым

421 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Саннан сапа шығады. Халық­тың сапасы интеллектуалды ұлтты қалыптастыру сая­саты мен практикасының дұрыс-бұрыстығына байлаулы. Интел­лектуалды ұлттың бастауы білім мен ғылымда. Бұлайша тізбек­теуіміз «Шал мен шалқан» ертегісін еске түсіруі мүмкін. Бірақ ХХ ға­сыр­дың әлемдік тәжірибесі осыны мойындауға мәжбүрлейді. Қазақстанның қазіргі білім жүйесі ұлттық тарихымыз бен жаһандану­дың, ізденіс пен іркілістің, күрес пен жеңілістің кеңістігі іспетті. Мұнда Ы.Алтынсарин мен А.Байтұрсынұлы заманынан келе жатқан дәстүр мен жаңашылдық бар, әлемдік деңгейде білім беріп жатқан ұстаздар мен таланты талайды тамсандырған шәкірт­тер бар, сұғанақтықпен, яғни пла­­гиатпен жазылған оқулық пен пара­қорлық та кездеседі, шала сауат­ты жандарға кәмелеттік аттестат пен диплом беретін мектептер мен жоғары оқу орындары да жоқ емес. Кезек күттірмейтін күрмеуі күр­делі әрі өткір мәселелер Елба­сы­мыз­дың Қазақстан халқына биыл­ғы Жолдауында қадап-қадап көр­сетілді. Оларды екі топқа жіктеуге болады. Біріншісі – адами капитал сапасын жақсартудың басты буыны білім болғандықтан, бұл жүйені қай бағытта және қандай шаралармен алға бастыруға болатыны, екіншісі – қандай бөгесіндерді, кедергілерді жұлып тастау керектігі. Адами капитал сапасын жақсарту­дағы білім берудің маңызы кеше де, бүгін де, ертең де бір ғана мін­детті шеше алуымен анықталған. Ол – білмейтін жанның санасы мен жүрегіне болашағы зор іргелі, белгілі заңдылықтар мен теорияларды, жаңа­лықтар мен сабақтастық байланыс­тарды жеткізу. Осынау міндетті шешудің төртін­ші сатысында тұрмыз. Бірінші саты­сын Ұлы Отан соғысы қарсаңын­да игердік. Ол жаппай сауатсыздық­ты жоюмен және жалпыға бірдей міндетті бастауыш білім беруді өмірге енгізумен көмкерілді. Екінші сатыға толық емес орта білім беруді аяқтаумен ХХ ғасыр ортасынан аса бергенде көтерілдік. Үшінші сатыны игергеніміздің өлшем-көрсеткіші – жаппай орта білім берудің, жоғары мектеп жүйесін түзудің, ұлт­тық зиялы қауымды қалыптастырудың аяқталғаны. Бұл межеге шамамен өткен ғасырдың 70-ші жылдарында жеттік. Осылайша, алғашқы үш сатыны бағындырудың әрқайсысына 20-25 жылдай уақыт қажет болса, соңғы төртінші сатыда тым ұзақ – жарты ғасырға жуық бөгеліп қалдық. Сонда да оның басты міндетін – кәсіби-функционалдық даярлығы заманауи сұраныс пен талапқа сай адами капи­талды қалыптастыруды оқу орын­дары әзірге шешкен жоқ. «Мектептің де, ЖОО-ның да, педа­гог­тардың да беделі түсіп кетті», деген ренішті жиі естиміз. Білім беру жүйесінің «дертін» оқу-мате­риал­дық базасының әлсіздігімен, еңбек­ақының төмендігімен, биліктің өктемдігімен байланыстырушылар көп. Бұлардан келіп жатқан зиян шаш-етектен. Дегенмен, оқу орнының беделі мен мәртебесін, парқы мен нарқын, қадір-қасиетін көтеретін шешуші фак­тор – түлектерін замана сұранысына сай біліммен сусындата алатын биіктен көріне алды. Бармағынан бал тамған аспаз немесе ағаштан түйін түйетін шебер даярлай алатын мектеп пен колледждің түлегі жер­де қалмайтынына кәміл сене­мін. Оксфорд университетін әлемге әйгілеп отырған құдірет атауы емес, сол университеттің профессорлық-оқытушылар құрамы мен бәсекеге қабілетті шәкірттері. Сондықтан да, Жолдаудағы: «Біздің міндетіміз – білім беруді экономикалық өсудің жаңа моделінің орталық буынына айналдыру. Оқыту бағдарлама­ларын сыни ойлау қабілетін және өз бетімен іздену дағдыларын дамытуға бағыттау қажет», деген Прези­дент тапсырмасын төртінші саты­ның мәні мен стратегиясы ретінде қабыл­дауы­мыз керек. Осыдан 3 жыл бұрын Елбасымыз: Қазақстанның XXI ғасырдағы ұлт­тық идеясы – «Мәңгілік Ел» деп жариялаған еді. Аз ғана уақыт ішінде осынау тұжырымның жасампаз қуаты толық дәлелденді. «Мәңгілік Ел» идеясының көздегені «өлмесем болдыға» саймайды. Көштің соңында салпақтап, шаң жұтқаннан ештеңе таппаймыз. Бүгінгінің қара нары – білім мен ғылым.

Ханкелді ӘБЖАНОВ,

Ш.Уәлиханов атындағы Тарих және этнология институтының директоры, ҚР ҰҒА корреспондент мүшесі