«Батыс Еуропа – Батыс Қытай» халықаралық дәлізінің құрылысы басталған сәттен жобаны жүзеге асырушы компаниялар мен ұйымдардың еңбек заңнамасын сақтау мәселесін мемлекеттік еңбек инспекторлары, Еңбек және әлеуметтік қорғау министрлігі мен дәліз учаскелері өтетін облыстардағы министрліктің аумақтық органдары бақылауға алған.
Құрылыс басталған уақыттан бері Ақтөбе, Қызылорда, Жамбыл, Оңтүстік Қазақстан облыстарының мемлекеттік еңбек инспекторлары 69 кәсіпорында 115 жоспарлы және жоспарсыз тексеру жүргізген. Тексеру барысында жұмыс берушілер тарапынан еңбек заңнамасын орындамаудың көптеген фактілері анықталған.
Қазақстанның еңбек заңнамасының бұзылу оқиғалары бойынша жұмыс берушілер мен заңды тұлғалар әкімшілік жауапкершілікке тартылып, 4 млн. теңгеден астам сомаға айыппұл төледі.
Жұмысшылардың құқықтық сауатын ашу үшін әрдайым ақпараттық-түсіндіру жұмыстары жүргізіліп, нысандарда жұмысшылардың еңбек заңнамасы бойынша құқықтарын қорғайтын органдардың мәліметі, жауапты тұлғалар мен олардың байланыс телефондары көрсетілген ақпараттық стендтер орнатылған.
Қазіргі уақытта «Батыс Еуропа – Батыс Қытай» жобасында 110 мердігер және қосалқы мердігер отандық компаниялар, шетелдік компаниялардың бөлімшелері мен өкілдіктері жұмыс істейді.
Өндіріс орнында төтенше оқиғалар мен заңның бұзылуының алдын алу үшін министрлік пен оның аумақтық органдары еңбек заңнамасының сақталуын, мердігер және қосалқы мердігер компаниялардың жұмысшыларға уақытылы жалақысын төлеу мәселесін бақылауға алған. Сонымен қатар, жобаға жаңадан қатысушы жұмыс берушілерге Қазақстан Республикасының еңбек заңнамасын сақтау мәселесі бойынша және жол құрылысында еңбек қауіпсіздігін сақтау шаралары жөнінде ұсыныс хаттар жіберіледі.
«Егемен-ақпарат».