09 Қыркүйек, 2011

«Алтын сапа» – үздіктерге берілетін сыйлық

2146 рет
көрсетілді
8 мин
оқу үшін
Бастапқыда тап­сы­­рыспен орындай­тын тауар өндіруші үлкен кәсіпорынға айналып, бұқараға көбейтіп дайындағанда тауар саны артатыны түсінікті. Осы орайда сапа қандай деңгейде қалады? Сан артып, сапа кеми ме? Айталық, осыған дейін тапсырыс берушінің талап-тілегі ескеріле отырып жұмыс істелсе, енді көпшілікке ұсынған кезде оған қандай талап қойылмақ? Әрине, бұл ретте сапа алдыңғы орынға шығуға тиіс. Күнделікті пайдалануға қажетті тағам­ды, болмаса тауарды таңдаған кезде ең ал­дымен оның сапасына көңіл бөлеміз. Дүкен сөресіндегі дайын өнімге қол созғанда оның сыртындағы жазуына көз саламыз. Алуға кеңес берген жарнамаларды саралаймыз. Содан кейін барып тұтынамыз. Ал соңғы шыққан технологиялардың барлығы тұты­ну­шы­ларға жеткізілетін тауардың ажырамас қасиеті, яғни оның сапасын жақсартуға бағытталғанын білеміз бе? Десек те, сөреде тұрған сол өнімдердің барлығы сапалы деген нақты тұжырым жоқ. Сондықтан да таңдаймыз. Осы орайда кез келген қызығу­шылық танытушы тараптың тілегін қанағат­тандыруға бағытталған тауар сапасын басқаратын жетілдірілген заманауи тәсілдер бар екендігін айтқымыз келеді. Бұл тәсілдер арқылы адамзатқа қажетті дүние шығарушы кәсіпорындар өз тауарларының сапасын жоғарылатуға ұмтылуда. Әсіресе, әлемде сапаны жақсарту жұмыстарын ынталанды­рушы тәсілдер ішінде ұлттық және халық­аралық сыйлықтар ұтымды құрал болып табылады. Олар сапаны басқарудың жүйе­лік тәсілінің одан әрі дамуы үшін беріледі. Сапа үшін ұсынылатын бұл сыйлықтар үлкен танымалдылыққа ие. Әлемнің 70-тей елінде сапа саласындағы ізденушілерге ар­нал­ған ұлттық байқаулар бар екен. Олардың арасындағы ең абыройлысы ретінде Жапо­ниядағы Деминг сыйлығы ауызға алынса, одан кейін АҚШ-тағы Малькольм Болдридж атындағы ұлттық сапа сыйлығы және Еуропалық сапа сыйлығы тұрады. Олардың ортақ ұқсастығы сапа үшін берілуі болғанымен, түрлі бағыттар бойынша берілетін өз алдына бөлек сипаттары бар. Еуро­палық сыйлық қоршаған орта мен тұты­нушылар қызығушылықтарын қорғауға басымдық берсе, Деминг жүлдесі моделінде стандарттау әдістерінің қаншалықты кең қолданыста болғанына мән береді. Ал Болдридж сыйлығын стратегиялық жоспарлау­ды жақсы жүргізгендер ала алады. Деминг сыйлығы Жапонияда сапа дамуына үлкен үлес қосқан Э. Деминг құрметіне 1951 жылы тағайындалды. Ал АҚШ-тың Малькольм атындағы ұлттық сапа сыйлығының тарихы одан әріге, 1887 жылға барады. Ал Еуропалық сапа сыйлығы наградасы бертінірек, 1992 жылдан бастап беріле бастады. Мұндай әлемдегі абыройлы сапа сыйлық­тарын тізбелегеніміздің сыры неде? Елімізде өз мақсаты тұрғысынан осы сыйлықтарға ұқсас болып табылатын «Алтын сапа» сыйлығы бар екендігін айтқымыз келеді. «Алтын сапа» – бұл сапа саласындағы жетістіктер үшін берілетін ұлттық награда, Елбасы сыйлығы. Елбасы бұл сыйлықты өз қолымен ұсынады, сонымен қатар ол жүлде Мемлекет басшысының жеке бақылауы мен қамқорлығында тұрады. Еліміз өнім са­пасын жылдан-жылға арттыруға ерекше ықыласты. Осы мақсатта 2006 жылы Президент арнайы тағайындаған бұл сыйлық Қазақстан рыногын отандық жоғары сапалы және бәсекеге қабiлеттi өнімдермен қам­тамасыз етуді мақсат тұтады. «Алтын сапа» байқауына биыл 6 жыл толып отыр. Байқау 2009 жылдан бастап қазіргі заманғы менеджменттің даму тенденцияларын ескеретін және сапа бойынша Еуропа сыйлығы үлгісімен үйлестірілген жаңа үлгі бойынша өткізіледі. Үлгіде сапа саласына басшылық­тың лидерлік рөлін, ұйымның саясаты мен стратегиясын сипаттайтын көрсеткіштердің маңызы, тұтынушылардың өнімдер мен көрсетілетін қызметтер сапасына қанағат­тану көрсеткіші күшейтілген. Яғни Прези­денттің «Алтын сапа» сыйлығы кәсіпорын­ның өнім шығару немесе қызмет көрсету сапасы мен олардың қауіпсіздігін қамта­масыз ету саласындағы жетістіктері, сон­дай-ақ менеджмент жүйелерін енгізгені үшін беріледі. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев осының алдындағы байқау негізінде жүзден жүйрік шыққан үш кәсіпорынға жоғары дәрежедегі «Алтын сапа» сыйлығын өзі табыс етеді. «Алтын сапа» сый­лы­ғын жеңіп алған мекемелер сапа эмблемасын екі жылға дейін жар­намалық мақсатта пайдалана алады. Бір қуантарлығы, байқауға қатысуға тілек білдіруші кәсіп­орындар саны артып келеді. Бұл көрсететін қызмет сапасы жоғарылап, бәсекеге төтеп бере алатын отандық кәсіпорындар саны­ның өсуін байқатады. Байқауға жыл сайын 200-ге жуық кәсіпорын үміткер ретінде тіркеледі, дегенмен осыған дейін тек 36 кәсіпорын ғана президенттік «Алтын бүркітке» ие болған. 2010 жылы «АСУ» ауыз суы белгісімен «RG Brands Kazakhstan» ЖШС, «Қазақстан темір жолы» «Локомотив құрастыру зауыты» және «Хан Шатыр» ЖШС «Алтын сапа» сыйлығының лауреаттары атанды. Бұл жүлденің экономикадағы рөлі қандай дегенге келетін болсақ, кез келген елдердегі ұлттық байқау секілді «Алтын сапа» да қазақстандық компаниялар үшін бенчмаркинг құралы ретінде қызмет етеді. Ал сыйлық лауреаты атанған бизнес түрінің процесі өзгелер үшін эталон болмақ. «Алтын сапаны» алғаш табыс еткен күннен бастап бүгінге дейін 3500 қазақстандық компания халықаралық басқару стандарт­тарын өз жұмыс процестеріне енгізіпті, ал инновациялық тұрғыда белсенді кәсіп­орындар 13 пайызға өскен. Жыл сайын өткізілетін «Алтын сапа» сыйлығы екі санат бойынша үш аталымда беріледі. Олар үздік өндірістік тауарлар шығаратын кәсіпорын, үздік халық тұты­натын тауарлар шығаратын кәсіпорын және үздік қызмет көрсететін кәсіпорын деп аталады. Әр аталым бойынша шағын және орта кәсіпкерлік нысандары мен ірі кәсіп­керлік нысандар санаттарына екі сыйлық беріледі. Байқауда лауреат және дип­ломант атақтары да беріледі, бірақ олардың саны екіден аспайды. Сыйлыққа ие болу үшін ел аумағында тауар өндіретін, қызмет көр­сететін (қару-жарақ пен әскери техника өндірісінен тысқары) заңды тұлғалар өзара бәсекеге түсе алады. «Алтын сапаның» берер артықшылығы да бар. Жүл­денің лау­реаттары атанған кәсіпорындар жалпы­ұлт­тық мойындауға, сондай-ақ республика бойынша өз өнімінің сапасына деген биік бағаға ие болып, қазақстандық өндірісшілер үшін үздік сапа үлгісі атанады. «Алтын сапаны» алуға талапкерлер өтініш берген соң, арнайы құрылған байқау комиссиясы компания қызметіне толық аудит және білікті мамандарды тарту арқылы өндіріс үдерістеріне талдама жүргізеді. «Алтын сапаға» ие болудағы соңғы шешім байқау комиссиясының жария түрде дауыс беру жолымен анықталады. Бүгінде «Алтын сапа» байқауы жер-жерде өңірлік деңгейде өтіп жатыр. Ал республикалық деңгейдегі қорытынды шара Дүниежүзілік сапа күні қарсаңында өтіп, жүлдегерлерге белгі салтанатты жағдайда табысталады. «Алтын сапа» лауреаттары бұл құрметті белгіні Елбасының өз қолынан алады. Венера ТҮГЕЛБАЙ.