Президент Нұрсұлтан Назарбаев «Қазақстанның Үшінші жаңғыруы: жаһандық бәсекеге қабілеттілік» тақырыбындағы өз Жолдауында білім сапасын арттыруға, патриоттық тәрбие беру ісін және ғылыми бағдарламалар бойынша сыни ойлау дағдыларын дамытуға ерекше екпін берді.
Өз елін сүйетін, жоғары білімді азаматтары көп, бір мақсатқа жету жолында жұдырықтай жұмылған ел ғана үлкен биіктерден көрінетінін меңзеген Президент: «Болашағын айқындап, сын-қатерлерді күтіп отырмастан, оған табанды түрде қарсы тұра алатын халық қана жеңіске жетеді», – деді.
Сыни ойлай білу – дамудың қозғаушы күші. Ғылыми сын адамзатқа ұлы жаңалықтар әкелді. Осы орайда, Елбасы ой-өрісі жоғары, білімді ұрпақ тәрбиелеу идеясына баса назар аударды. Білімді экономикалық өсімнің жаңа моделінің тірегі етіп алу міндеті алға қойылды. Бұл жайт Жолдауда айқын көрініс тапқан.
Жолдаудағы 4-ші басымдық адами капиталдың сапасын жақсартуға арналды. Бұл өте маңызды мәселе. Өйткені, технологиялық жаңғырту, кәсіпкерлік, логистика, ауыл шаруашылығы, банк және басқа да салаларға қатысты бағдарламаларды адами капиталсыз жүзеге асыру мүмкін емес.
Қазіргі таңда Қазақстанның білім беру жүйесінде нәтижелі жұмыстар жүргізілуде. Дегенмен, бұл салада келер ұрпақ үшін әлі де болса одан әрі атқарылуы тиіс жұмыстар бар. Оны ойдағыдай атқаруға Қазақстанның әлеуеті толық жетеді.
Есенғали ИБРАЕВ,
Түмен облыстық Қазақ ұлттық-мәдени
автономиясының төрағасы
Ресей Федерациясы