Тұңғыш Президент мұражайының күмбезді залында «Нұр Отан» халықтық-демократиялық партиясының бастамасымен құрылған «Қазақстан-2020» Жалпыұлттық демократиялық күштер коалициясының алғашқы отырысы өтті.
Еліміз өз Тәуелсіздігінің 20 жылдығына демократиялық құндылықтарды ұстанатын мемлекет ретінде жетті. Бүгінгі күні әртүрлі саяси партиялар мен қоғамдық ұйымдардың елдің даму жолдары жөніндегі өзіндік көзқарастары аз емес. Ол заңды да. Өйткені, қоғамда қилы ойлардың айтылуы, ой-пайым еркіндігінің болуы, бірнеше партиялардың өмір сүруі де сол демократияның арқасы. Әрі ол қоғамды алға жылжытып, дамытатын қозғаушы күш екені анық. Партиялар әртүрлі үнқатысу алаңдары арқылы ортақ бітімге келіп, мәселелерді шешудің ең оңтайлы жолын таңдауға ұмтылып отыр. «Нұр Отан» ХДП-ның бастамасымен құрылған «Қазақстан-2020» Жалпыұлттық демократиялық күштер коалициясы (ЖДКК) осы бағыттағы ең тиімді ұйым болып табылады. Оған 600-ге жуық саяси және қоғамдық ұйымдар мүше болып кірген.
Кезектен тыс сайлау уақыты белгіленгеннен кейін ЖДКК өзін халықты біріктіруші бірден-бір күш ретінде көрсетіп, елдегі реформаларды қазақстандықтарға түсіндіру жөніндегі кең ауқымды жұмыс жүргізуді мақсат тұтуда.
Осылайша ел тарихының талай-талай келелі жиындары өткен, тағдырлы шешімдер қабылданған Елбасының бұрынғы резиденциясының, қазіргі Тұңғыш Президент мұражайының күмбезді залында коалиция мүшелері алғашқы отырысын өткізіп, ұйымның болашақ қызметін талқылады. Демократиялық күштер коалициясы аз уақыт ішінде азаматтық қоғамды біріктіріп, қазақстандықтар арасындағы беделін нықтады. Оның қызметін Елбасы, «Нұр Отан» партиясының Төрағасы Нұрсұлтан Назарбаев та жоғары бағалады. Президент саяси партияларға осы ұйым шеңберінде бірлескен жұмысын жалғастыруды ұсынды. Бұл бастама қолдау тауып, ЖДКК мүшелері саяси партиялармен және қоғамдық ұйымдармен елде және әлемде болып жатқан оқиғаларды талқылау үшін, азаматтық қоғам институттарының сындарлы бастамалары мен қазақстандықтардың мүдделеріне қолдау көрсету үшін өз жұмысының ауқымын кеңейту туралы шешімге келді.
Отырыста ұйым қызметінің жаңа кезеңі бастау алды. Бұл туралы «Нұр Отан» партиясы Төрағасының бірінші орынбасары Нұрлан Нығматулин айтып өтті. «Биылғы президенттік сайлауда «Қазақстан-2020» Жалпыұлттық демократиялық күштер коалициясы халықты біріктіруші маңызды қоғамдық-саяси күш ретінде танылды. Сондықтан, Тәуелсіздіктің 20 жылдығы қарсаңында біз өз қызметімізді Жалпыұлттық коалицияда жалғастырып жатқанымыз – бұл барша Қазақстан халқының Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың стратегиялық бағытын алдағы уақытта да бірігіп іске асыруға дайын екендігінің нақты дәлелі», деді ол.
Қазақстан Жазушылар одағының төрағасы Нұрлан Оразалиннің айтуынша, «коалицияның құрылуы Президентіміздің стратегиялық мақсаттарын жүзеге асыру үшін барлығымыздың жұмылып, абыроймен іске кірісуге дайын екенімізді анық көрсетеді».
Тәуелсіздіктің 20 жылдығына орай коалиция мүшелері барлық қазақстандықтарға, саяси партияларға, қоғамдық бірлестіктерге үндеу жолдады. Ұлттық ғылым академиясының президенті Мұрат Жұрынов 20 жылда елiмiздiң халықаралық аренадағы беделiнiң жоғарылауы жайлы айта келе: «Бүгінгі коалиция қабылдап отырған үндеу – бұл бүкіл қазақ халқына деген үндеу. Тұңғыш Президентіміз бастап, алға қарай адымдаған үдемелі қозғалысымызды одан әрі нығайтуымыз керек», десе, «Сауап» қоғамдық қорының президенті Бақытбек Смағұл да коалиция үндеуіне қолдау білдіріп, оның қабылдануы Елбасы саясатын қолдауға және де еліміздің тәуелсіздігін нығайтуға зор үлесін қосатынына сенім білдірді.
Егемен дамудың қос онжылдығы мемлекеттілікті орнатудың, қоғамның тұтастығын сақтап қалудың, аса қауіпті экономикалық қиындықтардан ойдағыдай өтудің кезеңіне айналды. Қазіргі уақытта Қазақстанның алдында жаңа мақсаттар мен міндеттер тұр. Оларды қоғам тек өзара түсіністік пен күш біріктіру арқылы ғана шеше алады. Бұған коалицияның мүшелері сенімді екендіктерін мәлімдеп жатты. Олар халықты осы қол жеткізген жетістіктерді сақтап, оны молайта түсуге бар күшін жұмылдыруға шақырды.
«Халықтың бірлігі мен ынтымағы, оның топтасуы барлық қазақстандықтардың өмірін жақсартуға бағытталған мемлекеттік бағдарламалар мен жобаларды табысты іске асыруға мүмкіндік жасайды. Болашағымыздың іргесін бірге қалайық!», делінген үндеу мәтінінде.
Анар ТӨЛЕУХАНҚЫЗЫ.