Қазақстан • 08 Ақпан, 2017

"Көк киттің" шындығынан дабырасы басым емес пе?

549 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Бірнеше күннен бері желіде «Синий кит», "Тихий дом" сияқты әлеуметтік желі арқылы жасөспірімдерді өзі-өзіне қол жұмсауға итермелейтін топтар тақырыбы кең талқылануда.

"Көк киттің" шындығынан дабырасы басым емес пе?

Ішкі істер министрлігі берген ресми дерек бойынша, 2016 жылы жасөспірімдердің өзіне қол жұмсауға итермелеу бойынша 9 қылмыстық іс қозғалған. Бірақ оларға әлеуметтік желілер мен топтардың тигізген ықпалы жайлы еш мәлімет жоқ. Осыған орай бүгін ҚР Ақпарат және коммуникациялар министрі Дәурен Абаев өзінің Фейсбуктегі парақшасында мұндай виртуалды ойындар мәселесінің өзекті болып отырғанын айтты. "Бірақ аталған күдікті ойындарды БАҚ-тың қайта-қайта еске салуы – күмәнді қауымдастықтарға жасалған жарнама екенін ұмытпаған жөн", деді министр. Ал ҚР ІІМ Мемлекеттік тіл және ақпарат департаментінің директоры Алмас Садубаев БАҚ өкілдерін осы тақырыпқа қатысты ақпараттарды тек құзырлы орган мәліметтеріне сүйене отырып таратуға шақырды.

"Көк кит" қашан шықты? 

2016 жылы Ресейде жасөспірімдердің өзіне қол салуы мен виртуалды ойындардың байланысы өзекті мәселе болды. Бірақ тергеу барысында өзін-өзі өлтірген балалардың ешқандай күмәнді топтарға тіркелмегені анықталған.

Ең алғаш «Көк кит» туралы ресейлік «Новая газета» басылымы жазды. Онда «өлім топтары» арқылы 130 жасөспірімнің өзіне қол жұмсағаны айтылған. Бірақ олардың ешқайсысы нақты дәлелденбеген. "Жауапты органдар мақала авторынан 130 деген санды қайдан алғаны туралы да жарытып жауап ала алмады", дейді lenta.ru.

Бір айта кетерлігі, осы сипаттағы топтарды құрғаны үшін 2016 жылдың қарашасынан бері қамауда отырған Филип Лис  (Филипп Будейкин) бұл жай ойын екенін айтып ақталуда. Бір сөзінде ол бұл топты тек адам жинау үшін ашқанын айтыпты. Музыкант ретінде ол танымалдылыққа ие болу үшін осы топта адам жинап, кейін атауын өзгертпекші болған. Тергеу жұмыстары әлі жүргізіліп жатыр. Ресейде мұндай ақпараттар легі өтіп кетті. Өлімнің осы топтар кесірінен болғаны дәлелденбеді.

Ақпарат ағыны Орталық Азияға жетті

Осыдан екі апта бұрын Қырғызстанда осындай өлім топтары туралы ақпарат пайда болды. Сол уақытта өз-өзіне қол жұмсаған 8-сынып оқушысының өліміне қатысты тергеу әлі аяқталмаған. Дегенмен, Қырғызстан Республикасының ІІМ айтуынша, жеткіншектердің суициді дәл осы топтармен байланысты екендігі дәлелденбеген.

Ал Қазақстанда бұл топ туралы алғаш ақпарат Қарағандының 19 жасар студенті өз-өзіне қол жұмсағанда шықты. Туыстары оны осы топта болды деген жорамал айтты. Бұл ақпаратты таратқан ақпарат құралдары ekaraganda.kz порталына сілтеме жасады. Ал ҚР ІІМ Мемлекеттік тіл және ақпарат департаментінің директоры Алмас Садубаевтың айтуынша, Галина Сибирякованың өз-өзіне қол жұмсауына осы топтардың әсер еткені әлі расталған жоқ. "Сибирякованың өліміне қатысты ҚР Қылмыстық кодексінің 105 бабыбен сотқа дейінгі тергеу жүргізіліп жатыр", деді ол. Департамент басшысының айтуынша, қыздың ата-анасы соңғы ақпараттар легіне орай осындай болжам жасаған. "Тергеу шаралары жүргізіліп жатыр. БАҚ өкілдеріне бұл тақырыпты ұшықтырмауға шақырамыз. Азаматтарға байсалдылық танытып, үрейге бой алдырмауды сұраймыз", деді Алмас Садубаев.

Аудиожазбаларға сенуге бола ма? 

Қазір WhatsApp мессенджері арқылы түрлі жазбалардың скрин суреттері мен аудиожазбалар таралып жатқаны белгілі. Осыған орай Алмас Садубаев азаматтарды әлеуметтік желілерден немесе басқа да күмәнді ақпарат көздерінен алынған мәліметтерге сенбеуге шақырды. "Тек ресми орган өкілдеріне сүйеніңіздер. Жалған ақпарат тарату үшін де қылмыстық жауапкершілік қарастырылғанын естеріңізге саламын. Ресми түрде мәлімдеймін, біздің елде кәмелеттік жасқа толмаған балалардың интернеттегі суицидтік ойындарға байланысты өз-өзіне қол жұмсау дерегі тіркелмеген", деді Алмас Садубаев.

Egemen.kz "Вконтакте" әлеуметтік желісінен "Море китов" деген тақырыппен 300 қауымдастық, "Синий кит" деген 247 қауымдастық кездестірді. Онда "Тихий дом" деген 450-ге жуық топ бар екен. Алайда, олардан суицидті насихаттайтын материалдар табылмады. Арасында жарнамалық топтар, суицидке қарсы топтар мен кездейсоқ осы "ойындармен" аттас ұйым парақшалары да бар. Ал суицидті насихаттайтын кейбір топтарға кіре алмадық. Себебі, олар ҚР Ақпарат және коммуникациялар министрлігінің Байланыс, ақпарат және БАҚ саласындағы мемлекеттік бақылау комитетінің талабымен бұғатталған. Осы орайда айта кететін нәрсе, Ақпарат және коммуникациялар министрі Дәурен Абаев: "Министрлік суицидтік бағыттағы топтарды анықтау мақсатында әлеуметтік медиаға тұрақты түрде мониторинг жүргізіп отырады. Соңғы жылдары күмәнді контенті бар жүздеген топтар жойылды", деген болатын.

Естеріңізге сала кетсек, бұған дейін біз күмәнді топтарға мына сілтеме бойынша шағым түсіруге болатынын айтқанбыз.  

Гүлнұр Қуанышбекқызы, 

"Егемен Қазақстан"