09 Ақпан, 2017

Cөздің сынын бұзбайық

574 рет
көрсетілді
7 мин
оқу үшін
Мұхаммед пайғамбар (оған Алланың салауаты мен сәле­мі болсын) бір хадисінде: «Мұсыл­ман­ның ниеті жасаған ісінен қайыр­лы» – деген екен. Балаға ат қоюдан да қазақ­тың таза ниеті анық көрінеді. Ислам діні­нің қазақ даласына тарауына бай­ланысты араб сөздері біздің тіл қол­данысымызға кеңінен ене бас­тады. Бұрынғы Тәңірберген мен Қ­ұдайбергенге Алдаберген (Алла берген), Аллажар деген атаулар қо­сылды. Алланың тоқсан тоғыз есімінің ішіндегі Рахман, Рақым секілді аттар бағзы замандардан күні бү­гінге дейін жиі қойылып келеді. Жа­ра­­тушының әдемі есімдері ара­сынан Әзіз, Мәжит, Рәшит (Рашид) сияқты есімдер де сә­би­лерге жиі қойылған. Арабтар бізге Ислам ді­нін ғана емес, өзінің тілін де әкел­гені анық. Алайда, араб сөз­де­рін ауызекі тілде бұл­жыт­пай сол қалпында айтамын деу әу­ре­шілік секілді. Құран сөз­де­рін ға­на өзгертпей айтқан жөн. Ал бас­қа кірме сөздер қазақ тілі­нің естілу және жазылу заң­ды­лығына сүйенуі керек деп ой­лаймын. Кейінгі жылдары Ислам мә­де­ниеті мен білімін қолдау қо­ры мен Қазақстан мұ­сыл­ман­да­ры діни басқармасы тарапынан са­рап­т­амадан өткен кітаптар көп­­ші­ліке ұсынылуда. Олардың та­ра­лымы 10 мыңнан 25 мыңға дей­ін жетеді. Көңілде тұрған бір түйткіл, осы кітаптардың маз­мұны дұрыс болғанымен, он­дағы сөз қолданыстары сауатты редак­тор­лардың қолынан өт­пе­гені жиі байқалады. Мәселен, теология ғылы­мы­ның докторы Мұхитдин Исаұлының Құран және пай­ғам­­бардың хадистері туралы ма­қалаларын жиі оқимын. Оның біліміне де риза боламын. Бірақ, бұл кітапта кемшілік жоқ деген сөз емес. Автордың Астанадан 2011 жылы «Полиграф» баспасынан басылып шыққан «Мәңгі мұғ­жиза» атты кітабында «Құранның өзге де есімдері» деген тарау бар. Есім тек кісілерге беріледі емес пе? Автордың айтқысы келіп отырғаны ат немесе атау болуы керек. Жер-су есімдері деп те айтпаймыз ғой. Әдеби қолданыста жер-су аттары, кітап болса кітап аттары немесе кітап атаулары деп жазылмай ма?! Осы кітаптағы мұғжиза деген сөзді де (қазақша мағынасы құдірет болуы керек) қарапайым қазақтың көбісі түсінбейді. Кітапта Жаратушының аты Аллаһ деп жазылған. Діни бас­қарма Алла есімінің дұрыс жа­зылуы туралы шығарған пәтуаға дейін жарық көріп кеткен кітап болған соң, оған кешіріммен қарадық. Келешекте түзесе бол­ды. Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының имамдар форумында қабылданған (Астана, 19 ақпан, 2015 ж.) «Мұсылманның тұлғалық бей­не­сі» атты кітапшада: «Біреуді ке­м­сіту оған зиян беру дегені. Ал шариғатымыз біреуге зиян бе­руден тыйған» (10-бет) деп жазылыпты. Зиян беріле ме екен? Зиян келтіреді десе бірсәрі. Біз жеңіл-желпі шолып шыққанда байқаған бірнеше қате туралы ғана сөз қылдық. Шынында қазіргі шы­ғып жатқан діни кітаптардың көп­ші­лігі оқуға өте ауыр, әсіресе, көп­шілікке тү­сі­ніксіз терминдерге, арабизмдерге толы. Көптеген сөй­лем­дер қатып қалған, аударма мәтіні се­кілді. Мұсылман дініне байланысты теледидар арқылы берілген хабарларда имамдар мен молдаларымыз, қажыларымыз діни атауларды ала-құла айтады, тіпті Алла деген ауызға келіп тұрған сөздің өзі кейінгі уақытта теледидарда да, мер­зімді басылымдарда да екі түрлі айтылып, екі түрлі жазылып жүр. «Алланың өзі де рас, сөзі де рас» деген ұлы Абай сөзінен бас­тап қазақтың барлық зиялысы Алла сөзін төрт әріппен айтқанын және солай хатқа түсіргенін білеміз. Ал араб тіліндегі Аллаһ Құран оқылғанда солай айтыла берсін, қазақша сөз қолданыстарында Алла сөзі ауызға жеңіл емес пе деген ой келеді. Оның үстіне ұлтымыздың қазақ деген аты секілді Алла сөзін оңнан солға қарай оқысаң да, солдан оңға қарай оқысаң да, бір сөз болып шығады. Салыстыру үшін айта кетей­ін, кәпір деген сөз араб тілінде «ка», «фа», «ра» деген үш әріптен құралған. Арабтар солай айтты екен деп, кәпірді кафара демейміз ғой. Түпнұсқасын ө­з­гер­тпеу керек деген желеумен самауырды самовар, шәйнекті чайник, кереуетті кровать деп сөйлеген қазақты естідіңіз бе?! Бір қуаныштысы, діни бас­қар­ма Алла сөзі туралы арнайы пә­туа шығарып, кемшілік тү­зе­тіл­ді. Алайда, шет елден білім алып келген имамдардың бі­разы бұл пәтуаға құлақ асып жат­­қан жоқ. Алла қаласа деген сөзді иншалла деп, құтты болсынды машалла деп айтып жүргеніміз аздай, сұбыханалланы сұбыханаллах дегенге де құлағымыз үйренді. Қазақтың атам заманнан қа­лып­тасқан ауызашарын кей­бір молдалар ифтар деп араб тілін­де түсіндіреді. Сондай-ақ, бау­ырым, туысым дегеннің орнына аһи деген араб сөзін жиі қолданады. Қазақта ақиланып деген сөз бар. Мағынасы жақ­сы емес. Ана тіліміздегі дайын сөзді өзгертіп айтқаннан не ұтамыз? Араб­шаға іш тарту бір кездегі қазақ жастарының орыс тіліне құмар­лы­ғын еске салады. Сол кезде қазақ сөзінің орнына орыс сөзін айтқандар білімді саналатын. Сол сияқты ауызша сөй­ле­генде де, жазбаша түрде де се­ну, нануды истиқад, ыждағат, ын­таны иждиһад, шапағатты ша­фағат, есеп-қисапты хиссаб, ақиқатты хақиқат, терең білімді, білімірлікті мағрифат деп жүргендер аз емес. Ислам діні туралы ғылыми-танымдық кітаптармен қатар қалың оқырман санасына тез жететін өлең-сөзбен жазылған кітаптар да ауадай қажет деген пікірдемін. Дін­дар дәуір әдебиетінің көптеген өкілд­ері осы тақырыпқа қалам тер­беді. Осы уақытқа дейін қалың оқырманға белгілі болғаны бар және бел­гісіз болып келген ақындардың ғазалдары мен назымдары, діни дас­тандары, айтыстарының та­ным­дық-тағылымдық жағымен қатар, имандылық туралы беретін ғиб­раты мол деп есептеймін. Он­дай жырлар қазіргі қазақ қа­лам­герлерінде де аз емес. Ортаға салар ойымның түйі­ніне келсек, қазақ ешқашан араб бола алмайды. Мұсылман болсақ, қазақтың ата дәстүріне сай, ана тілімізге құрметпен қарайтын адам болуымыз керек. Ата-бабамыздың керегесі ағаш, ұраны Алаш болды. Дініміз Ислам болса да, ұлтымыз қазақ екенін ешуақытта жадымыздан шығармағанымыз абзал. Ақылбек ШАЯХМЕТ, жазушы, Ахмет Байтұрсынов атындағы Қостанай мемлекеттік университетінің профессоры