09 Ақпан, 2017

63 жылдан кейін өтелген айып

226 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін
Күз айы еді. Күн борасындау. «Бөген» елді мекенінен ав­то­бусқа отырдым. Бұл бая­ғы, 1921 жылы, пролетариат көсемі В.И.Ленин Арал балық­шы­ларына хат жолдап, аштыққа ұшы­ра­ған Поволжье халқына жо­март қолдарыңды созыңдар деп өтініш еткенде айрықша үлес қосқан ауыл-ды. Жаныма етженді кісі жай­ғас­ты. Көптен таныспыз. Қайып Сүлейменов. Қазір Қызылордада тұрады, жасы сексенге таяп қалған. Өзі «Бөгеннен» 7-8 ша­қы­рым аралықтағы 20-30 үйлі, те­ңіз жағасындағы «Тәуір» қыс­­тағында туып өскен. Әкесі Есенов Сүлейменнің кәсібі ба­лық­­шы екен. Ильичтің хатына жа­у­а­п ретінде 2,5 ай аулаған ба­лығын тегін бергендердің бірі. – Жалғыз біздің әкей ме? – де­ді Қайып күліп, – Сағындық, Төлеген, Әбдікәрім және бас­қа­­­­лары да күзгі абыржымен алы­сып, жүріп, жанқиярлықпен еңбек еткен. Содан бері де зулап 95 жыл өте шығыпты-ау! – Жас кезіңде ойнақ салған атамекенге тағзым еткелі келе жатқан боларсыз? – Жоқ-ә... Қазір «Тәуірде» де, онымен іргелес « Қызыл қай­ыр­да» да ел жоқ. Бұл жолы 63 жыл бұрынғы айыбымды өтеп, көңілім тыншып қайтып ба­ра­мын. – Қалай дедіңіз! – деп оның әжімсіз ажарына таңдана қарап қа­лыппын. Айыбы несі? Ол да маған тесіле қалды. – Әй, балалық-ай!.. Әлде әсіре қызығу ма? «Тәуірде» ара­лас заттар дүкені болды. 1948 жылы ғой. Соғыстан кейін­гі ха­лық шаруашылығы қал­пына кел­меген қиындау кез. Аш­құр­сақ­быз. Киім-кешек тапшы. Үлкен калошты кезек-кезек сүй­ретеміз. Қалың қарда мектеп­ке қарай жалаң аяқ жүгірдік те... Осындай күндердің бірінде дү­кен­ге аяқ киім түсіпті. Қазіргі үй ішінде киетін жеңіл аяқ киім. Оны кию бізге арман. Онша қым­бат та емес. Бірақ ақша жоқ. Бе­сінші сыныптамын. «Кіші тү­бектегі» жеті жыл­дық мектеп­ке жаяу қатынап оқи­мын. Дүкенші Жұпан есімді ағай. Соғыстан қайтқан майдан­гер. Әкесі Тәжімбет ишан мешіт ұстаған деседі. Өзімше жоспар құрдым. Іңір қараңғысы. Қарауылда туыстас інім Әділхан тұрды. Дүкеннің үп-үлкен терезесін оп-оңай аш­тым. Сөйтіп, «тәпішкенің» 4-5 жұбын қойынға тықтым. Те­резе әйнегін қайта жау­ып, тайып тұрдық... Сыбағама екі жұ­бы тиді. Есік алдына келген­де бір тыл­сым «Тоқта!» деп ж­е­кір­ген­дей болды. Ал үйге кірем. Қайдан ал­дың дейді. Ақша жоғы аян. Не дей­мін. Ал мектепке киіп ба­рам. «Әдемі екен» дейді. «Ба­ғасы қанша?» дейді. Не дей­мін? Құрысын, басым қатты. Со­дан қораның қуысына, шөп-ша­лаңның арасына екі жұп аяқ киім­ді тыға салдым. Жеті жылдықтан соң Аралға ке­ліп, нағашымның үйіне жатып №13 мектепте оқуымды жал­ғастырдым. Аттестатқа ие бол­ғасын шоферлық курста оқып, Арал автобазасында 10 жыл жүк машинасын жүргіздім. 1967 жылы Қызылордаға көшіп №1 автобазада ұзақ жыл еңбек ет­тім. Зейнетке шықтым. Үйлі-ба­ранды, бала-шағалы болдым. Тыл ардагерімін. Десе де, баяғы ұрлығым ойымнан кетпейді. Жүрегіме қара дақ бо­лып жабысты да қалды. Қалай құ­тылам? Сұрастырсам, Жұпан аға дүниеден озған. Қымбат жең­гей сол қара шаңырақта отыр екен... «Бөгенге» жедел ке­ліп, мешітке соғып аға рухына құ­ран бағыштадым. Бір қызығы, әлгі мешіт Тәжімбет ишанның атында екен де, Жұпан ағаның Әнуарбек есімді баласы сонда имам екен. Қымбат жеңгеме ба­рып сәлем бердім. Осылай да осы­лай деп «жырлап» аяқ киім­нің құнын әлденеше өсім­мен тө­леп, «мені кешіріңіз», ба­та­ңызды беріңіз, – дедім. – Ой-й, айналайын-ай, – деді жең­гей сөз төркінін түсініп, – пә­ленбай жылғы балалық ша­­лы­сыңды ұмытпай, алдыма ке­ліп тұрған саған рахмет. Кеш­тім, кешірдім, жай қо­лың­ды, деп ақ батасын берді. * * * Қамыстыбас стансасына жет­­кесін Қайып мырза автобус­тан түсіп қалды... Көзден таса бол­­ғанша терезеден қарап отыр­дым. Баяғы етженді, ауыр де­несі жеңілденіп, қанат байлап ұшып бара жатқандай елес­те­ді... «Иманды адам – ибалы адам» демекші, жол үстінде кейіп­кер­дің өз аузынан есіткен хикаяны әл­де­кімдерге үлгі болса игі, деген ниетпен қағазға түсірдім. Шәкірат ДӘРМАҒАМБЕТҰЛЫ, дербес зейнеткер Қызылорда облысы, Арал ауданы