10 Қыркүйек, 2011

Бердіқұлов бәйгесі бел ала бастады

542 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін
Спорт журналистикасын қазақтың қа­бырғалы қаламгері Сейдахмет Берді­құ­ловқа дейін де жазғандар болған, қазір де Сейдағаң айтатындай қосарға қос ат алып өндіре жазып жүргендер аз емес. Сейдағаңның алдыңғы буыннан өз­ге­шелігі – ет пен терінің арасындағы желіктей, қызықты тақырып кездескенде ғана жазып тастаған жоқ. Спорт нақтылықты сүйеді деп техникалық нәтижелерге сү­йе­ніп қарадүрсіндеу жазылып келген қа­лыпты бұзып, ел көз жүгіртіп қана өтетін оқиғаларды көркем әдебиет биігіне кө­тергендігі. Бір деммен оқылатындығы. Оқиғаның ішіне өзіңді де сүңгітіп алып, жаныңды жадырататындығы. Дүниенің төрткүл бұрышына жолы түскен де өзі. Жеңіл атлеттер тізімінен қазақ жастарын іздеп тұрғанда “Жарқыным, кімді іздеп тұрғаныңызды сезіп тұрмын. Оларды келесі бесжылдықта да таппайсыз-ау деп қауіптенемін”, деп аярлықпен жымиған жаттықтырушының қарау ниетіне қаны­ңыз қарайса, оған қайтарған жауабына айызыңыз қанып мархабаттанып қаласыз. Жақсылық Үшкемпіровпен араласты­ғы­мыз бар. Мәскеу Олимпиадасының чем­пио­ны болғанда “Шіркін-ай, менің ор­ным­да қазақтың нар тұлғалы жігіті бол­ғанда, дүние жүзі қазақтар осындай халық екен деп сүйсінер еді ғой”, деп келетін жүрекжарды сөзі өзіміздің де қанымызды тулатқан. Жақсылық ағамыз: “Айттым ба, айтпадым ба, әй, айтсам айтқан-ақ шығармын есім шығып тұ­рып”, дейді. Айтты-айтпады есеп емес. Сейдахмет Бердіқұловтың аталған оқиға арқылы миллиондаған жұрттың рухын көтеріп, ұлтын жанындай сүюіне ықпал еткендігі ғой. Спорт журналистикасын қарадүрсін қал­пынан көркем әдебиет биігіне көтер­ген, өз алдына жанр болып қалыптасуына өлшеусіз ең­бек сіңірген Сейдахмет Бер­діқұловты еске түсіруге ар­налған журналистер арасын­да­ғы спартакиада биыл бі­рін­ші рет Оңтүстік Қазақ­стан облысында жалауын кө­терді. Спартакиада үстел тен­­нисі, дойбы, шахмат, волейбол және шағын футболдан өтті. Облыс әкімдігі мен облыстық спорт және туризм басқармасы журналистер жарысының ойдағыдай өтуіне барынша жағдай жасады. Спартакиадаға 8 облыстың журналистері қатысты. Екі күнге созылған бәсекеде командалық бірінші орын мен кубокты Алматы облы­сының журналистері жеңіп алды. Оңтүстікте атақты Атымтай жомарт­тың інілері, сақы жігіттер көп. Қа­зақ­станның спорт журналистері сайысқа түсіп жатқанда “Комби строй” ЖШС-нің төрағасы, Оңтүстік Қазақстан облыстық мәслихатының депутаты Нұралы Әбішев шет қалмады. Ол бәйгеге тіккен жеңіл машина Алматы облысы жур­­­налистерінің тақымында кетті. Екінші, үшінші орындарға тиісінше Оңтүстік Қазақстан облысы мен Жамбыл облы­сы­ның журналистері ие болды. Жарыстың жабылу салт­а­натында бас төреші – Туризм және спорт министрлігі Ұлт­тық штаттық командалар жә­не спорт резерві басшысы­ның орынбасары Қазыбек Иманғали жарысты ұйым­дас­тыру мен өткізуге қосқан зор үлесі үшін Оңтүстік Қазақстан об­лы­сы туризм, денешынықтыру және спорт басқармасының бастығы Болат Қырық­баев пен облыстық “Оңтүстік Қазақстан” газетінің бас редакторы Бейсенбай Тә­жібаевты Сейдахмет Бердіқұлов атын­дағы төсбелгімен марапаттады. Алматы облыстық туризм, денешынықтыру және спорт басқармасының бөлім меңгерушісі Алмат Үшкемпіровтен журналистер ала­манында бас бәйгеге қалай қол жеткізген сырын сұрағанбыз. – Біз спартакиадаға жан-жақты дай­ын­­далдық, – дейді Алмат Үшкемпіров. – Алдымен облыстағы барлық мемлекеттік БАҚ және жекеменшік газеттердің басын қосып, жарыс өткіздік. Соның ішінен үздік шыққандарды іріктеп алдық. Расын айтсақ, үштікті межелеп келгенбіз. Құдай жар болып, бірінші орын алдық. Мұны өз басым, облыс журналистерінің тыңғы­лық­ты дайындығы мен ауызбіршілігі жеткізді деп ойлаймын. – Сейдахмет Бердіқұлов ағамыз ұлтын сүйген ұлы тұлға еді, – дейді Оңтүстік Қазақстан облысы туризм, денешы­нық­ты­ру және спорт басқармасының бастығы Болат Қырықбаев. – Ұлттың намысын жа­нитын қайрағы болатын. Ол кісінің қа­ламынан туған көркем дүниелер өскелең ұрпақтың рухын көтерді, биікке тал­пын­дырды. Үлкен спортта үлкен жеңістерге жеткен спортшыларымыздың жеңісінде қазақ баласын Олимп биігінен көргісі келетін Сейдахмет Бердіқұлов ағамыздың үлкен үлесі бар деп білемін. Бұл спар­такиданың Қазақстанда орны бөлек. Қазақстан спортында теңіздей тер төгіп, ұлтымыздың атын асқақтатуға үлес қосып жүрген ағеділ жігіт осылай дейді. Жақсылар бір-бірінің бағасын біліп жүрсе, бұ қазақтың алмайтын асуы жоқ қой. Бақтияр ТАЙЖАН, Оңтүстік Қазақстан облысы.