Тайландтың Патая қаласында ауыр атлетикадан жасөспірімдер арасында әлем біріншілігі аяқталды. Сары құрлықтың кілең мықтылары жиналған жарыста Қазақстанның зілтеміршілері әдеттегідей табысты өнер көрсетті. 3 алтын, 1 күміс және 1 қоланы иеленген құрама мүшелері жалпы есепте көшбасшы командалар қатарынан орын алды.
Еліміз ауыр атлетикасының тізгінін ұстаған азаматтар бұл бәсекеде санға емес, сапаға жүгінді. Бұл жолы олар небары жеті спортшыны жарыс жолына шығаруды жөн көрді. Тай еліне Ақмарал Нұрымова (53 кило), Мәдина Ташкенбаева (58 кило), Виктория Вагнер (69 кило), Ғалымбек Жұбатханов (69 кило), Геннадий Ли (77 кило), Максим Лактионов (85 кило) және Василий Кошелев (94 кило) аттанды. Олардың бәрі де елішілік бәсекелерде өздерінің мықтылығын мойындатып үлгерген спортшылар. Сол себепті қырағы мамандар аталған жас өрендерге Азияның басты додасында ел намысын қорғауды сеніп тапсырды.
Азия біріншілігі басталысымен құрама мүшелері аянбай күш сынасты. Біздің құрамаға алғашқы алтын жүлдені Ғалымбек Жұбатқанов жеңіп алды. Отандасымыз қоссайыстың қорытындысында 275 (125 жұлқи көтеру+150 серпе көтеру) килолық зілтемірді басынан асырып, басты қарсыластарынан қара үзіп кетті.
Келесі күні Мәдина Ташкенбаева тамаша өнер көрсетті. Жұлқи көтерудің қорытындысы бойынша жарыс қожайыны Жарапоржуганнан қалып қойған ол кеткен есені серпе көтеру жаттығуы барысында толығымен қайтарды. Мәдинаның нәтижесі – 186 (80+ 106) кило. Тайландтық спортшы біздің қыздан екі кило кем көтерді.
Тағы бір бас жүлдені Василий Кошелев иеленді. Оған да бұл белес оңайлықпен бағынған жоқ. Алғашқы жаттығуда Қазақстан, Оңтүстік Корея және Өзбекстанның өкілдері шамамен бірдей нәтиже көрсетті. Сайыстың келесі түрінде өзбек зілтеміршісі бірден мүлт кетсе, қалған екеуі біраз тартысты. Қос мықты алтын тұғырға көтерілу үшін барынша күш салды. Десек те Ли Янг Жай қанша талпынғанымен, біздің спортшының екпініне шыдай алмады. Кошелевтің көрсеткіші – 309 (138+168) кило.
Ирак спортшысы Әбулкатен Хасимге есе жіберген Геннадий Ли күміс медальді иеленсе, тай елінің қос зілтемірші қыздары Порнпидай Цилетш пен Вассана Шарамға жол берген Виктория Вагнер қола жүлдені қанағат тұтты. Ақмарал Нұрымова алтыншы орынға тұрақтаса, Максим Лактионов жарақатына байланысты бәсекеге түсуден бас тартты. Сөйтіп, Азия чемпионатына қатысқан Қазақстанның жеті зілтеміршісінің бесеуі елге олжалы оралды.
– Біздің жас спортшылардың көбі шетелге алғаш рет шығып отыр. Тіптен, араларында ұшаққа тұңғыш рет отырғандары да бар. Соған қарамастан, біздің спортшылар сын сағатта сыр бермеді. Жарыс жолында ешқайсысы аянып қалған жоқ. Жеңіс тұғырына көтерілу үшін барлығы да жанын салды. Өйткені, Қазақстан ауыр атлетикасының даңқы алысқа жайылған. Бүгінгі таңда мемлекет тарапынан спорттың осы түріне барынша қолдау көрсетіліп отыр. Туризм және спорт министрлігі мен «Самұрық-Қазына» әл-ауқат қоры да қолдан келген көмектерін аяп жатқан жоқ. Соның арқасында көрсеткішіміз жылдан жылға жақсаруда. Соның барлығы жасөспірімдер үшін үлкен демеу болды. Нәтижесінде Қазақстан құрамасы өзінің мықтылығын сары құрлықтың басты додасында да мойындатты, – деді республика Ауыр атлетика федерациясының президенті Қайрат Тұрлыханов.
Осымен, ауыр атлеттер үшін сынақ аяқталған жоқ. 16-22 қыркүйек аралығында Талдықорған қаласындағы Қазақстан Республикасының ІІІ жазғы Спартакиадасы аясында ауыр атлеттердің дүбірлі додасы өтеді. Оған еліміздің ең мықты деген зілтеміршілері қатысады. Сол жарыстың қорытындысы бойынша 5-13 қараша аралығында Парижде өтетін әлем чемпионатында кімдер өнер көрсететіні толықтай белгілі болады. Францияның астанасында 2012 жылғы Лондон Олимпиадасының жолдамалары сарапқа салынады.
Дастан КЕНЖАЛИН.