Жыл өткен сайын Қазақстандағы «Нұртау» гольф-клубының түкті кілем секілді жасыл алаңы әлемнің айтулы гольфшылары арасында танымал болып келеді. Биыл жетінші рет ұйымдастырылған European Challenge Tour аясында, кәсіпқойлардың Kazakhstan Open халықаралық турниріне 25 мемлекеттен 130 спортшы қатысуда.
Жүлдесі де аса қомақты, адамның шаршаған жүйкесін тынықтыратын, сабырлы да салиқалы спорт турнирін тұрақты тамашалап жүріп, соңғы жылдары бұл жарысқа қатысатын елдердің де, ақсүйектердің ойынына әбден машықтанған айтулы ойыншылардың да артып келе жатқанын байқаймыз.
Сонымен, бір кездері Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың бастамасымен қолға алынған халықаралық Kazakhstan Open турнирі 7 қыркүйек, сәрсенбі күні салтанатты түрде тұсауын кесті. Әлемнің ең мықты деген спортшылары бұл турнирге ыждаһатпен қатысатынын айта кеткен жөн. Өйткені, дәл осы ойындар алғашқы үздік жиырмалыққа енген гольфшыларға Еуропа төрінде өтетін жоғары лигадағы European Tour жарысына жолдама береді. Қысқасы, Қазақстандағы турнир маусымдық ойындарды ашып беретін үлкен спорттық жарысқа айналып келе жатқанын осы спорт түрін тұрақты қадағалайтын қауым жақсы біледі.
Әлемнің «мен» деген гольф ойыншыларын Алматыда тоғыстырған турнирді Қазақстан Гольф федерациясының президенті Нұртай Әбіқаев ашып, құттықтау сөз сөйледі. Ол өткен жылдардың бедерінде бұл турнир European Challenge Tour аясындағы ең жетекші жарысқа айналып, әлемнің гольф жұлдыздарын өсірудің өзіндік ұстаханасына айналып келе жатқандығын атап өтті. Еліміз Гольф федерациясының жетекшісі осы уақытқа дейін турнирдің чемпиондары атанған Ирландия, Уэльс, Швеция, Ұлыбритания, Италия және Испания спортшыларын еске салды.
Мәселен, өткен жылы «Жайлау» гольф курортында жалауын көтерген бұл турнирге былтыр әлемнің 24 елінен 132 спортшы қатысқаны есімізде. Онда бірінші орынды 267 соққымен испандық Альберто Веласко жеңіп алып, бұл жүлдесі оған Челендж Тур рейтингінде көш бастауға мүмкіндік берген болатын.
Осы күндері «Нұртау» гольф-клубында жарыс қызу жүріп жатыр. Сырттай тамашалаған жандарға спортшылар аса сабырлы, байыппен ойын өткізіп жатқандай көрінгенімен, олардың ширығулы екенін де аңғару қиын емес. Ал үздік ойыншының есімі ертең, жексенбі күні белгілі болады.
Ал турнир аясында өткен баспасөз мәслихаты кезінде Туризм және спорт министрінің орынбасары Мұрат Омаров гольф ойыны елімізде құлашын жайып келе жатқанын және ойыншылардың шеберлігі да артқанын атап өтті. Вице-министр біздің кәсіпқой гольфшыларымыз 2016 жылы өтетін Олимпия ойындарына қатыса алмаса да, 2020 жылғы додада бақ сынап қалуы ғажап еместігін көлденең тартты.
Журналистермен өткен кездесу барысында European Challenge Tour директоры Алан ле Соултре әдеттегідей «Нұртау» гольф алаңдарының бапталуы халықаралық деңгейде екенін мәлімдеп, Қазақстан бұл халықаралық турнирге үнемі үлкен дайындықпен келетінін жеткізді. Оның ойынша, шетелдік кәсіпқой спортшылар бұл турнирге қуана-қуана келісім береді. Алатаудың әсем баурайы, қазақтың ерек қонақжайлығы турнир барысында тамаша ахуал қалыптастыра алады, дейді лауазымды мейман. Алан ле Соултре еліміздегі гольф алаңдарында балалардың да көптеп гольф таяғын арқалап жүретіні – бекзат спорт түрінің біздің елімізде келешегі мықты бола алатынына алғышарт екенін атап көрсетті.
Ал халықаралық турнир барысына келсек, Kazakhstan Open-2011 ойындарында European Challenge Tour рейтингінің алғашқы үштігіне кіретін кіл мықтылар жүр. Олар – португалиялық Риккардо Сантос, француз Бенджамин Хеберт және ағылшын азаматы Дениэл Денисон. Сол сияқты бұрын Ресейдің мықты теннисшісі болған, қазір гольфта келешегі күшті деп есептелетін Евгений Кафельниковтің ойынын көруге құмарлар да жеткілікті.
Қалай десек те, кәсіпқой гольфшылардың қазақстандық турнирі әлі талай жанның жұлдызын жағатын болады. Ал өткен жылы бас жүлдені жеңіп алып, қомақты қаражатты қалтасына басқан Альберто Веласконың бағын биыл кім қайталайды екен?
Айнаш ЕСАЛИ, Алматы. Суреттерді түсірген Берсінбек СӘРСЕНОВ.