10 Қыркүйек, 2011

Алақолдық алысқа апармайды

305 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін
Жақында Оңтүстік Қазақстан облыс­тық еншілес мемлекеттік кәсіпорында Жер ресурстарын басқару агенттігінің “Жер ресурстары және жерге орналас­ты­ру мемлекеттік ғылыми-өңдірістік орта­лы­ғы” рес­публикалық мемлекеттік кәсіп­орыны бас директорының орынбасары С.Сейдахметов, құқықтық қамтамасыз ету және мем­лекеттік сатып алу басқар­масының бас­тығы Н.Салыбеков, Жер ресурстары және жерге орналастыру ғы­лыми-өн­ді­ріс­тік орталығының Оңтүстік Қазақстан еншілес мемлекеттік кәсіп­ор­ны­ның дирек­то­ры Н.Тұрашбеков және осы кәсіпорынның орталық ұжым бас­шы­лары мен аудандық (қалалық) жер-кадас­тры филиалдарының жетекшілері қаты­суы­мен жедел кеңес өткізілді. Күн тәр­тібінде Сарыағаш аудан­дық жер-кадастры филиалында орын алған заң бұзушылық оқиғасы талқыланды. Сарыағаштағы оқиғаға бей-жай қарау­ға болмайды. Аудандық филиал басшысы алдына жер сұрап келген қариядан төрт миллион теңге талап еткен. Мем­ле­кет­тің емес, өзінің жекеменшік жерін саудалап отырғандай әлгі ақшаны алған. Мұндай бейбастақтық тиісті сала бас­шыларының шұғыл жиын өткізуіне себеп болғанға ұқсайды. Аталған кездесуде сыбайлас жемқор­лық­пен күресті күшейту мәселесі мен алдағы уақытта кемшіліктерді болдырмау үшін іс-шаралар қабылданды. – Бүгінгі басқосудың қаншалықты ма­ңызды екенін баршаңыз да сезініп отыр­ған боларсыздар. Жемқорлықтың белең алуы біз­­дің бұл мәселе туралы өзара жау­ап­кер­ші­лігіміздің төмендігі, нақты іс әре­кет­тің жүр­гізілмей отырғандығын көрсетеді. Сондықтан жемқорлықпен күрес қа­­таң жүргізілуі қажет. Ешкімнің лауа­зы­мы­на, шен-шекпеніне қараудың қажеті жоқ. Қылмыс жасаған адам қандай жағдайда да жауапқа тартылуы тиіс, – деген С.Сейдахметов талқыланып отырған мәселені орындау үшін бірқатар іс-шараларды жүзе­ге асыруды тапсырды. Бақтияр ТАЙЖАН, Оңтүстік Қазақстан облысы.