Мемлекеттік тілдің мерейін үстем етуде халықаралық «Қазақ тілі» қоғамының үлесі зор. Осы қоғамның облыстық ұйымының бесінші есеп беру-сайлау жиналысында соңғы он жылда атқарылған шаруаларға шолу жасалып, ілкімді істер мен шешімін күткен мәселелер ортаға салынғанымен, негізінен қазақ тілінің қадірін арттыру жәйі әңгіме өзегіне айналды. Баяндама сыни қалыпта өрбіді. Ақтөбе қалалық, Хромтау және Байғанин аудандық бастауыш ұйымдарының жетекшілері Әбдіраш Есмахан, Мәриям Жұмағалиева, Гүлжан Дулатбаева өздерінде атқарылған істерді егжей-тегжейлі баяндады. Бұдан кейін шығып сөйлеушілер соңғы жылдары ұйымның жұмысы бәсеңсіп кеткенін тілге тиек етті. Бұл бағытта бірқатар шаруалар атқарылғанына қарамастан мемлекеттік тілді дамытудағы түйткілдердің жеткілікті екенін де жасырмады. Облыстық ұйым жұмысын жүргізудегі бір сарындылық қалыптасқаны, серпінділіктің жоқтығы ортақ ойға тамызық болды. Профессор Ниетжан Беріков мемлекеттік тілді дамытуға қолбайлау кедергілердің түйініп тарқата келіп, мемлекеттік тілдің дамуына негізінен орыс тілді қазақтардың ынталы емес екендігін айтты. Ардагер журналист Идош Асқар ұйым жұмысын басқарудағы ағаттықтарды, ұзақ уақыт ұйымның жиналысы өтпегенін алға тарта келіп, оның тізгінін жігерлі, бастамамен жұмыс істейтін жастарға беруді ұсынды. «Бейбітшілік пен келісім» кеңесі облыстық бөлімшесінің төрағасы Келдібай Еспағамбетов мемлекеттік тілдің төрге озуына жергілікті билікті араластыру керектігін айтса, қалалық балалар ауруханасының бас дәрігері Қайырбек Тоқтаров билік басындағылардың балаларын қазақ мектептерінде оқытуға құлықсыздығын сынға алды. Сонда олар өзінің мемлекетінің болашағына сенбей ме деп ашына сөйледі. Облыстық тілдерді дамыту басқармасының бастығы Сексенбай Күлімбетов іс қағаздарын қазақ тілінде жүргізуге мән бермей отырған басқармалар мен департаменттердің атын атап, түсін түстеді. Мемлекеттік тілді қолданудың банк, құқық қорғау салаларында кемшін соғып жатқанын жасырмады. Шыны керек, жиналысқа қатысушылар қазақ тілінің қадірі қайтсе артады деген толғақты мәселені қозғап, осы төңіректе ой өрбітті.
Облыстық ұйымның есеп беру-сайлау жиналысына халықаралық «Қазақ тілі» қоғамының президенті Өмірзақ Айтбайұлы қатысып, сөз сөйледі. Облыстық ұйымның жаңа төрағасы болып Ақтөбе мемлекеттік педагогикалық институтының ректоры, экономика ғылымдарының докторы Ғалымжан Нұрышев бірауыздан сайланды.
Сатыбалды СӘУІРБАЙ,
Ақтөбе облысы.