Кеше Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінде «Жұмыспен қамтудың жол картасы 2020» бағдарламасын жүзеге асыру қорытындысы туралы, сонымен қатар, жаңа Нәтижелі жұмыспен қамтуды және жаппай кәсіпкерлікті дамыту бағдарламасы жайлы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау вице-министрі Біржан Нұрымбетовтің қатысуымен баспасөз мәслихаты болып өтті.
Ол өз сөзінде 2016 жылы Мемлекет басшысының тапсырмасымен жаңа Нәтижелі жұмыспен қамтуды және жаппай кәсіпкерлікті дамыту бағдарламасы жасалғанын, соған байланысты «Жұмыспен қамтудың жол картасы-2020» бағдарламасын іске асыру аяқталғанын еске салды.
«ЖҚЖК-2020» бағдарламасын жүзеге асыру кезінде, 2011-2016 жылдар аралығы 800 мыңға жуық адамға мемлекеттік қолдау шараларының пайдасы тиді. Бағдарламаның бірінші бағыты аясында 10,5 мың жоба атқарылып, 103,8 мың адам жұмысқа орналасты. Екінші бағыт тұрғысында 44,8 мыңнан астам қазақстандық кәсіпкерлік негіздерін оқып, олардың ішінде 29,9 мыңнан астамы алғаш рет өз ісін ашып, нәтижесінде қосымша 42 мың адам жұмыспен қамтылды. Үшінші бағыт бойынша кәсіптік білім алған соң, 110 мың қазақстандық жұмыс тапты және 111 мыңнан астам адам әлеуметтік жұмыс орындарына тартылып, 77,6 мыңы тұрақты жұмыс орнын иеленді. Жастар тәжірибесіне 91 мың жас азамат жолдама алып, 57,4 мыңы еңбекпен қамтылды. Сонымен қатар, үшінші бағытқа қатысты, экономикалық әлеуеті төмен ауылдық жерлерден көшірілген 19,3 мың адамның 7 мыңдайы жұмысқа тұрды.
Осы орайда, тиісті деректер қорындағы бос жұмыс орындарына 344,6 мың адам орналастырылды. «ЖҚЖК-2020» бағдарламасын жүзеге асыру арқылы Қазақстандағы жұмыссыздық деңгейін 5%-дан асырмай ұстап тұруға мүмкіндік туды», деді Біржан Нұрымбетов.
Вице-министр жаңа Нәтижелі жұмыспен қамтуды және жаппай кәсіпкерлікті дамыту бағдарламасында бірқатар мәселелерге көңіл бөлінгенін жеткізді. Олар – сұранысқа ие кәсіптер мен кәсіпкерлік қағидаттарына жаппай оқыту мен дағдыларды үйрету, жаппай кәсіпкерлікке жағдай жасау, жұмысқа орналасуға ықпал ету мен еңбекке жұмылуды қолдау арқылы еңбек нарығын дамыту.
«Аталған бағдарламаның бірінші бағыты аясында 2,5 жылға дейінгі оқу мерзімімен колледждер ауқымында тегін кәсіптік-техникалық білім беру ұйымдастырылып, мұнда мектепті аяқтағаннан кейін оқу орындарына түспеген жастарға назар аударылады. Биыл техникалық және кәсіптік оқытумен 21 мыңнан астам жас қазақстандықты қамту жоспарланып отыр. Осымен бірге, колледждер, «Атамекен» ҰКП оқу орталықтары және кәсіпорындардың оқу орталықтары шеңберінде кәсіптік оқытуға арналған қысқа мерзімді курстар өткізілетін болады. Бұл оқу түріне 26 мың адамды қамту көзделуде», деп мәлімдеді вице-министр.
Ол, бағдарламаның екінші бағытында, ауылмен қатар, қалаларда да жаппай кәсіпкерлікті ынталандыру мен дамытуға жағдай жасалатынын тілге тиек етті.
«Өтеу мерзімі 7 жыл несиенің жылдық мөлшерлемесі 6 пайыз деңгейде сақтала отырып, 18 миллион теңге мөлшерінде ұсынылады. Несиенің қолжетімділігін кеңейтуге арналған келесі бір тың шара, несиені кепілдендіру тетігі енгізіледі: бизнесін енді бастағандарға 85 пайызға дейін және жұмысы жүріп тұрған кәсіпкерлерге 50 пайызға дейін. Қалаларда шағын несиелеу, ауылдық жерлерге арналған шарттардағыдай, екінші деңгейлі банктер мен шағын қаржы ұйымдары арқылы жүзеге асатын болады. Үстіміздегі жылы 10 мыңнан астам адамға шағын несие беру жоспарлануда», деді Біржан Нұрымбетов.
Тағы бір маңызды мәселе, enbek.kz порталында Еңбек нарығының біртұтас ақпарат базасы жасалып, онда ғаламтор кеңістігіндегі бос жұмыс орындары мен жұмыс іздеушілер жайлы барлық деректер біріктіріледі деп күтілуде.
Еске сала кетейік, 2017 жылы бағдарламаны жүзеге асыруға 85 млрд теңге бөлу қарастырылған.
Рауан ҚАЙДАР,
«Егемен Қазақстан»