10 Ақпан, 2017

Бағдарлама мақсаты – жұмыссыздықты жою

839 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін
Кеше Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінде «Жұмыспен қамтудың жол картасы 2020» бағдарламасын жүзеге асыру қорытындысы туралы, сонымен қатар, жаңа Нәтижелі жұмыспен қамтуды және жаппай кәсіпкерлікті дамыту бағдарламасы жайлы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау вице-министрі Біржан Нұрымбетовтің қатысуымен баспасөз мәслихаты болып өтті. Ол өз сөзінде 2016 жылы Мемлекет басшысының тапсырмасымен жаңа Нәтижелі жұмыспен қамтуды және жаппай кәсіпкерлікті дамыту бағдарламасы жасалғанын, соған байланысты «Жұмыспен қамтудың жол картасы-2020» бағдарламасын іске асыру аяқталғанын еске салды. «ЖҚЖК-2020» бағдар­ла­масын жүзеге асыру кезін­де, 2011-2016 жылдар ара­лығы 800 мыңға жуық адамға мемлекеттік қолдау шараларының пайдасы тиді. Бағдарламаның бірінші бағыты аясында 10,5 мың жоба атқарылып, 103,8 мың адам жұмысқа орналасты. Екінші бағыт тұрғысында 44,8 мыңнан астам қазақстандық кәсіпкерлік негіздерін оқып, олардың ішінде 29,9 мыңнан астамы алғаш рет өз ісін ашып, нәтижесінде қосымша 42 мың адам жұмыспен қамтылды. Үшінші бағыт бойынша кәсіптік білім алған соң, 110 мың қазақстандық жұмыс тапты және 111 мыңнан астам адам әлеуметтік жұмыс орындарына тартылып, 77,6 мыңы тұрақты жұмыс орнын иеленді. Жастар тәжірибесіне 91 мың жас азамат жолдама алып, 57,4 мыңы еңбекпен қамтылды. Сонымен қатар, үшінші бағытқа қатысты, экономикалық әлеуеті төмен ауылдық жерлерден көшірілген 19,3 мың адамның 7 мыңдайы жұмысқа тұрды. Осы орайда, тиісті деректер қорындағы бос жұмыс орындарына 344,6 мың адам орналастырылды. «ЖҚЖК-2020» бағдарламасын жүзеге асыру арқылы Қазақстандағы жұмыссыздық деңгейін 5%-дан асырмай ұстап тұруға мүм­кіндік туды», деді Біржан Нұрым­бетов. Вице-министр жаңа Нәти­желі жұмыспен қамтуды және жап­пай кәсіпкерлікті дамыту бағдарламасында бірқатар мәсе­лелерге көңіл бөлінгенін жет­кізді. Олар – сұранысқа ие кәсіптер мен кәсіпкерлік қағи­даттарына жаппай оқыту мен дағдыларды үйрету, жаппай кәсіпкерлікке жағдай жасау, жұмысқа орналасуға ықпал ету мен еңбекке жұмылуды қолдау арқылы еңбек нарығын дамыту. «Аталған бағдарламаның бірінші бағыты аясында 2,5 жылға дейінгі оқу мерзімімен колледждер ауқымында тегін кәсіптік-техникалық білім беру ұйымдастырылып, мұнда мектепті аяқтағаннан кейін оқу орындарына түспеген жастарға назар аударылады. Биыл техникалық және кәсіптік оқытумен 21 мыңнан астам жас қазақстандықты қамту жоспарланып отыр. Осымен бірге, колледждер, «Атамекен» ҰКП оқу орталықтары және кәсіпорындардың оқу орта­лықтары шеңберінде кәсіптік оқытуға арналған қысқа мерзімді курстар өткізілетін болады. Бұл оқу түріне 26 мың адамды қамту көзделуде», деп мәлімдеді вице-министр. Ол, бағдарламаның екін­ші бағытында, ауылмен қатар, қалаларда да жаппай кәсіп­кер­лікті ынталандыру мен дамы­туға жағдай жасалатынын тілге тиек етті. «Өтеу мерзімі 7 жыл не­сиенің жылдық мөлшер­ле­месі 6 пайыз деңгейде сақтала отырып, 18 миллион теңге мөл­шерінде ұсынылады. Несие­нің қолжетімділігін кеңейтуге ар­налған келесі бір тың шара, не­сиені кепілдендіру тетігі енгі­зіледі: бизнесін енді баста­ған­­дарға 85 пайызға дейін жә­не жұмысы жүріп тұрған кәсіп­­керлерге 50 пайызға дейін. Қа­лаларда шағын не­сие­леу, ауылдық жерлерге ар­нал­­ған шарттардағыдай, екінші дең­гейлі банктер мен ша­ғын қаржы ұйымдары арқы­лы жүзеге асатын болады. Үстіміз­дегі жылы 10 мың­нан астам адамға шағын несие беру жоспар­лануда», деді Бір­жан Нұрым­бетов. Тағы бір маңызды мәселе, enbek.kz порталында Еңбек нарығының біртұтас ақпарат базасы жасалып, онда ғаламтор кеңістігіндегі бос жұмыс орындары мен жұмыс іздеушілер жайлы барлық деректер біріктіріледі деп күтілуде. Еске сала кетейік, 2017 жылы бағдарламаны жүзеге асыруға 85 млрд теңге бөлу қарастырылған. Рауан ҚАЙДАР, «Егемен Қазақстан»
Соңғы жаңалықтар

Терраса тақтасы

Ғылым • Кеше