Ақпан басталар басталмастан қабағы жіби бастаған күнге, көбесі сөгіле бастаған қарға қарап:
– Қазақтың есебімен алғанда көктем кірді деген осы. Қаз келіп алды, өткенде екі қатар болып, ұшып өтті, – деді әкем.
Мен Мұқағалиды ойладым:
«Қанатының астында жаз
жарысып,
Қаздар ұшып келеді, қаздар
ұшып...»
Қаз келерден сәл бұрын өлең арқалап келетін ақпан туған сайын Мұқағали тіріліп келгендей бір күй орнайды Қазақ даласында...
1973 жылдан былайғы өмірінің үш жылын аурумен... һәм өлеңмен өткізген Мұқағали әлгі бір аңызға айналған бір айлық «жұмыс» кезінде Нұрғисаға айтыпты:
– Менің өлеңнен басқа нем қалды? Басқа не істеймін... – деп.
Көзі кеткен соң, бар шығармасын алдыңа жайып тастап отыра кетсең, ақиқатында ақынға өлеңнен басқа ештеңе керек емес екен-ау деп ойлайсың...
Біз нашарлаған денсаулығының енді оңалмасын білген соң, жазып қалуға тырысты деп жүрміз ғой. Солай да шығар, бірақ, о бастан жанын күтіп, өзін сақтап әдеттенген адам болса, өміріне қатер төнгенін білген сәттен-ақ өлеңді кейінге ысыра тұрар еді. Ақырғы күнінің таяғанын білді, білмеді, мәселе онда емес, мәселе, оның өлеңсіз тұра алмайтын халге жеткенінде. Өзі қалыптап алған ғажайып әлемнен шыққысы келмейтіндігінде. Бәлкім, былайғы өмірі бақыттырақ болса, аман қалудың жолын қарастырар ма еді... Бұл, қалай десеңіз де, мәнсіз болжам ғана. Ол өзінің ауруы жайлы медициналық кітапшадан жасырын оқып алыпты деген бір сөз бар. Ал, оның диагнозы – оңалмайтын, асқынған сатысы деседі. «Күніне үш өлең, қалай да үш өлең», – дегізген жанкешті еңбектің себебі осы болуы да мүмкін. Түн баласы аурухананың асханасын «жұмыс кабинетіне» айналдырып алатын ақынға, әлбетте, ескерту жасалатын. Мұндайда: «Өлең жазсам ауруымды ұмытып кетем. Мен өлеңмен емделем», – дейтіні жай ғана сөз емес, рас болатын. Ол жанын қажаған ауруды елемеуге тырысып бақты. Жантәсілім сөзіне айналған «Балаларым жас, бітпеген шаруаларым көп еді» деген, жанының түкпірінен уілдеп тұрып алатын, жанына маза бермейтін сұрқай өкінішті өлеңмен тұншықтыруға барын салды. Өзіне көңілі толмай жүретін ақын, жазып болған соң ғана жадырап сала берер-ді. Содан кейін ғана тіршілік тіріліп, көз алдында жыбырлай бастайтын. Сонда ғана алдында тұрған азапты күн, әлдекімдердің алдындағы елеусіз, қадірсіз басы есіне түсетін. Жұмыссыздығы, ақшасыздығы жайлы көңілсіз ойлар қайтадан иектейтін. Қайтадан түңіліс, қайтадан торығу басталатын. «Сәлден кейін тағы да таң атады, тағы да сарыуайым, сарыуайым» тіршілік – «Тез жетші, поэзия, алданышым» – түнге асықтыратын. Барақат табар жан тынысы сонда ғана, түнде ғана. Оңашада ғана.
Мұқағалиды «ақтаушылар» оның ел айтқандай емес, тәп-тәуір тұрмыс кешкенін айтатын болып жүр. Бұл да асыра сілтеу. Әлбетте, қол жайып, көшеге шығып кетердей күйге жеткен жоқ, десе де, жаймашуақтаймын деп тым көтермелеп жіберуге де болмайды. Тіпті, қатарластарымен салыстырғанда, кедей тұрды деуге болады. «Өмірден тым болмаса екі жаңа костюм» кимей өтіп кететін болдым деп зар еңіреген күнделігін көре тұра, мәйпездей сөйлеудің реті жоқ.
Басқаны қайдам, Мұқағали тек қана өлеңмен өмір сүргендей көрінеді де тұрады.
Оның поэзиясындағы қарттар да, жеңгелер де, мейірімді адамдар да оның қиялындағы идеал портреттер. Ол сомдаған қазақтың қарттары – сұм заманға қайла таба алмағанмен, сол бір тар күндерде жаны қысылып жүрген ұрпағына данагөйлігімен, пейілімен демеу берген, от берген тұлғалар. Ағалары да оның қиялы қалыпқа түсірген жиынтық образдар. Бір ағасы қақаған қыста тау арасына жаяу тастап кетті, – бір шал құтқарып алды. Бір ағасы жалғыз құнанын соқаға жекті, ақыры зорықтырып өлтірді, – бір атасы қатарыңнан қалма деп Алла алдында сұраусыз атын алдына тартты. Бір ағасы бригадирлігін істеп, күн ұзын азапты жұмысқа салып қойды, болдырып, отыра кеткен бір кезінде атасы келіп басынан сипады. Өткен мен бүгіннің арасындағы тартыстың санада таңбаланған суреті – сол. Мұқағали өз рухани кеңістігінде жасап алған осы бір әлемді шиырлайтын да жүретін. Сәл жабырқаса қолына қалам алады, қолына қалам алса көңілі бұзыла бастайды, ал, оны сол күйреуіктіктен құтқарып алатын өткен уақыт кеңістігін дар-дар айырып, жылуын жоғалтпай жеткен әлгі аталар алақанының жып-жылы лебі еді.
Мұқағали былайғы өмірде өзгемен көп санасады. Білім, білік, өнер салыстырады. Іштей ғана. «Мен ақынмын ба?» – деп жиі сұрайтын дейді көзкөргендер, мұның өзі тек көңілді кездерінде ғана болса керек. Өз айналасы не жазып, не бітіріп жүр, соның бәрін мұқият бақылап жүреді. Жеткізіп жаза алмасам жұрттың табасына қалам-ау деген ой құрсауынан бір шығармағанға ұқсайды: «Жырлап бір өте алмасам жыр еркені, Ақындар әжуалап жүрер тегі», – дейтіні бар. Бірақ, бұл өзіне қойған талап қана. Ал, жазу столына отырған сәттен бастап, ол өзін әлгіндей күдік, күмәннің бәрінен арылтып алуға барын салады. Бұл оған оңайға түспейтін де. Бір отырғанда өндіре жазып тастауға тырысатыны да әрең жеткен бабы мен еркіндік кеңістігіне өтудің қиындығын терең сезінгеннен. Өз табиғатын тани білген, болмысын сырттай бақылай алған шығармашылық иесі қандай мүмкіндікті де қалт жібермей, жазуға тырысады. Мұқағали – сондай ақын.
«Өмір бер маған аздаған,
Бақыт бер маған аздаған,
Молынан ырыс беріп ең,
Өртеніп кете жаздағам» – Мұқағали тағдырдан көп сұрамайды. Көп бермесін біле тұра сұрайды. Әлгі кемеліне келіп, тарлан ашқан шағына дөп келетін өнімді үш жылды парақтағанда тағдырын мойындаған, өмірдің алдында кішірейген, жеңілген ақынды көреміз. Оның бүкіл арман-аңсары ақыр соңында өлеңге келіп араша сұрайды. Күнделігінде тым құрыса он жыл өмір сұрап жалбарынады – поэзия үшін ғана. «Рахатқа белшемнен батпасам да, қалтам толы сорымнан арылайын» – ол айналасы өзін қалай қабылдайтынын, сыртынан нендей гәптер айтылатынын жақсы білетін, іштей мойындайтын да. «Осылар мені көріп тайып тұрады», – деп, арқырай күліп, қарап тұратын, «бара беріңдер, менің қасымнан көрсе зияным тиер», – деп жақсы көрген інілерінің арқасынан қағып, жөніне жүре беретін ақын дәл сол күйінде өмірден өтіп кетуден қорықса керек. Өзінің құрдастарын болашақтан іздеуі де сәуегөйліктен гөрі өзі ойлап тапқан жұбанышы еді. Мұндайда оның қармайтын талы – Отан болатын. Мұқағали түсінігіндегі отан да өзі сияқты мұңлы, нәзік ұғым. Сонысымен де құдіретті.
«Сонау бір бала шақтарда,
Қарлығаш қанат қаққанда,
Шілдеде я ақпанда,
Көз жасын маған көрсетпей,
Отаным жылап жатқанда;
Қарағай толы қапталда,
Дәметіп болашақтардан,
Қараушы ем атқан ақ таңға.
Өшіруші едім өртімді,
Бауырымды төсеп ақ қарға,
Ақ қарға я мақпалға...
Отаным жылап жатқанда».
Сөйткен отанын «Сүйем деп байбалам салмаңдар», – дейді. «Жай ғана аяңдар», – дейді.
Оның өзін жұбатар тағы бір тақырыбы – бала шағы. «Есімде жоқ бала боп өсіп пе едім?..» – ойдан қажыған, талас-тартыстан шаршаған ақын жұбаныш іздегенде балалық шағына айналып соға бергісі келіп тұрады. Бала шақта бүкіл дүние алдағы күнге үмітпен ұмсындыратын. Көкжиектің ар жағында не бар деп, қыңқылдап, әжесін мазалайтын бала жүрек саусағын жайып алысқа талпынғанда да өмірден аларым көп деп сенді. Мұқағалидың бүкіл шығармашылығын (күнделік, проза, хаттарымен қоса) шолып шыққан адам оның күн өткен сайын, жасы ұлғайған сайын күйреуік жанға айналғанын көрер еді. Ол өмірді тым ерте танып алды. Оның сәбилігі сол, соны мойындағысы, сенгісі келмейтін. Қырық жамау үйді жылытып, сәл де болса шуақ төгіп тұрған титтей-титтей қырық күн – оның сүреңсіз өміріне сәуле жүгірткен, тоңған жүрегін жылытқан балалық шағынан, жанының терең түкпірінен жеткен леп болатын.
...Күлшесін қорғасынға айырбастаған бала шағын айтса... Мұқағалидай соғыстың суретін берген ақын бар ма екен... Ол соғыс кезіндегі пендешіліктерге үкім айтпайды, айтса арызданғандай болады. Сірә, осынша қасап кезінде де сондай қадамдарға баруға дәті барғандарға таңданудан аса алмаған шығар.
Өмірін өлеңінен бөліп қарамауды сұрайтын ақынның шығармашылығын шолып шықсаңыз, басқасын қайдам, бала кездегі бейнесін қапысыз ажыратуға болады. Ақынның жанын әлдебір түйсікпен керемет түсінетініңізді сезесіз. Ішкі бір дауыс мына шебер қолдың иесі – қорғансыздау, өзіңіз енген сарайдай аңғал-саңғал, мәрт адам дейді, – қалтқысыз сенесіз. Ел айтып жүрген өсек-ғайбаттың барлығы да санаңыз байыптаған алып тұлғаның жанында тым қораш, тым құнсыз көріне бастайды. Көлденең сөздер расқа айналса да, сіз оны ақтап аласыз. Себебі, осы бір алып бойға сәби жүрегін сыйдыра алмай, аласұрып өткен жақсы адамды жамандыққа қию мүмкін емес.
«Отаны жылап жатқанда» ес тоқтатқан, санасындағы алғашқы ырғақ қара қағаз келген әкесін жоқтап, егілген сәтінде пайда болған ақынның бала кезде көргені мен сезінгені оның бүкіл шығармашылығына ұласады. Өлеңінің әлқиссасын жоқтаумен, жылаумен бастап, өкінішпен аяқталуы да әу баста белгіленген тағдыры ма екен, кім білсін...
Ақпан келген сайын, тірлігінде кешкен бүкіл өкініші мен азабын сыпырып тастап, Мұқағали тіріліп келгендей болатыны несі екен...
Алмас НҮСІП,
«Егемен Қазақстан»