10 Қыркүйек, 2011

Мұндай қасірет енді қайталанбасын

310 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін
Ертең АҚШ-тағы жойқын қасіретке 10 жыл тола­ды. 2001 жылдың 11 қыркүйегі адамзат тарихында бұ­рын-соңды болып көрмеген сұрапыл теракт ретінде есте қалатыны анық. Лаңкестер Нью-Йорктегі аспанмен таласқан Бүкіләлемдік сауда орталығының «егіз» ғима­раты мен Пентагонның бір бүйірін жермен жексен етті. Жоспар бойынша, төртінші ұшақ АҚШ парламентінің күл-талқанын шығаруы тиіс болатын. Әуе кемесінің бортындағы жолаушылар адам кейпіндегі хайуандардың бұл әрекетіне жол бермей, ұшақ елді мекенсіз ашық далаға құлаған еді. Мыңдаған жазықсыз адам құрбан болды. Енді мұндай тағылық ешқашан, еш жерде қайталанбасын дейік. «Барбаросса» жоспарын орындауға кірісті Түріктің әскери командованиесі «Бар­баросса операциясы – Эгей қал­қаны» деп аталатын жаңа әскери-теңіз стратегиясын жасады. Аталған стратегия шеңберінде түріктер фло­тының бір бөлігін Қара және Мәрмәр теңіздерінен алып, оларды Жерорта теңізінің шығыс жағына бағыттайды. Атап айтқанда, Анкара айтарлықтай күшін Кипр мен Израиль жағалауларына жинамақ. Күшейтілген топты әуеден сол маңдағы авиабазада орналасқан әскери ұшақтар қор­ғайтын болады. Сондай-ақ түріктің әскери корабльдері Адриатика және Қызыл теңіздерде тұрақты әскери кезекшілік атқа­ратын болады. Бұл өзгерістер Түркия мен Израиль ара­сындағы кикілжіңге байланысты орын алып отырғаны да күмәнсіз. Жұмыссыздықпен күрес жоспарын ұсынды АҚШ президенті Барак Обама өзінің әкімшілігі жасаған экономиканы ынталандыру жоспарын ұсынды. Аталған құжатқа сәйкес, жұмыссыздықпен күреске 447 миллиард доллар жұмсау жоспарланыпты. Құрама Штаттардағы сайлауға әлі бір жылдан астам уақыт қалғанымен, бұл жоспар Б.Обаманың көзірі болатын сыңайы байқалады. Ақ үй қожайынының жоспары жаңа жұмыс орындарын құрып, еңбекақыға салықты төмендетуді көздейді. Мұға­лімдер, жедел қызмет түрлерінде істейтіндерді қысқартпау үшін 35 миллиард доллар шығындау белгіленіпті. 50 миллиард доллар алты миллион жұмыссыз үшін жәрдемақы төлеуге жұмсалмақ. Жоспар бойынша, мемлекеттік мектептерді жаңғыртып, инфра­құрылымдарын дамытуға, темір жол, көпірлер, әуежайлар құрылысына да айтарлықтай қаржы қарастырылған. Әуе кеңістігін бұзды деп айыптады Ресейдің үш әскери тікұшағы Гру­зия­ның әуе кеңістігінен заңсыз өтіп кеткен. Мұны Грузия сыртқы істер министрлігіне сілтеме жасай отырып, «Интерфакс» агенттігі хабарлады. Тік­­ұшақтар Грузия аумағына үш ша­қы­рымдай еніп, әуе кеңістігінде 15 минөт­тей болған. Бұл әрекеттің Грузия тарапын арандату үшін жасалғаны анық. Бірақ Тбилиси соғысты қайта жандандырмау қағидатына беріктік танытты, делінген Грузия СІМ-інің мәлімдемесінде. Сыртқы саясат ведомствосы сондай-ақ халықаралық қоғам­дастықты Ресейдің іс-әрекетіне назар аударуға шақырған. Ресей жағы бұл ақпаратты теріске шығарып отыр. Президенттің отбасы күзетсіз қалады Қырғызстан парламенті республика президентінің от­ба­сы мүшелерін күзетпен қамтамасыз ету туралы заң жо­басын қабылдаудан бас тартты. Депутаттар прези­дент­тің жақындарына күзет қажет емес деп есептейді. Парламент спикері Ахматбек Келдибековтің айтуынша, бұрынғы режімдерде мемлекет басшысының туысқандары емін-еркін өмір сүрді. Күзетінің мықты болғаны соншалық, олар президент сияқты жүрді. Бұл жерде өтпелі кезең президенті Роза Отунбаеваның пікірі өзгеше: ел басшысы отбасының қауіпсіздігі ел қауіпсіздігіне тікелей байланысты, дейді ол. Мысыр виза режімін қатаңдатты Египет жақын арада көптеген елдерге қатысты виза режімін қатаң­датпақ ниетінде. Енді Египетке енетін адамдар алдын ала виза алулары тиіс. Жолдаманы тур-операторлар ар­қы­лы ресімдеген туристерге бұл өз­герістердің қатысы жоқ. Мысыр басшылығы мұндай қадамға қауіпсіздік шараларына байланысты барып отырған сияқты. Ал мұның туристерге қатысы жоқтығын түсінуге де болады. Өйткені, туризм Египеттің ең басты кіріс көздерінің бірі болып табылады. Мәселен, тәртіпсіздіктер орын алмаған 2010 жылы Мысыр туризмнен 13 миллиард доллар кіріс кіргізген.

Қысқа қайырып айтқанда:

*2011 жылы жер сілкінісінен сақтандырылған шығын рекорд­тық көрсеткішке жетіп, 70 миллиард долларды құрады. Мұның ішіндегі ең зардаптысы Жапониядағы жер сілкінісі туындатқан цунами болып табылады. *НАТО-ның Ауғанстандағы әскери контингенті өздерінің құрамындағы солдаттың ВВС корпорациясында жұмыс істейтін жергілікті журналисті өлтіргенін мойындады. НАТО өкі­лінің айтуынша, әскери қызметші журналист Ахмед Омед Хпулвакті қарулы жасақ деп шатастырыпты. *Боливияда екі қозғалтқышты шағын ұшақ апатқа ұшырап, оқиға салдарынан 9 адам опат болды. Құтқарушылардың сөзіне қара­ғанда, ұшақтың қаңқасы толық қираған және ешкім тірі қалмаған. Апат себебі белгісіз. *АҚШ президенті Б.Обама қатты су тасқынына бай­ланысты Пенсильвания және Нью-Йорк штаттарында тө­тен­ше жағдай жариялады. Аталған штаттардан 100 мыңнан астам адам қауіпсіз жерлерге көшірілген. 5 адам опат болған деген мәлімет бар. Интернет материалдары негізінде әзірленді.