Парламент Мәжілісінің депутаттары Мұрат Теміржанов, Сергей Звольский, Петр Шарапаев, Ирина Аронова және Ирина Унжакова Көкшетау қаласының іргесінде орналасқан Красный яр ауылының тұрғындарымен, «Тыныс» АҚ және «Новопэк» ЖШС тоқыма фабрикасының еңбек ұжымдарымен кездесті.
Халық қалаулылары Мемлекет басшысының Жолдауындағы мақсат-міндеттердің орындалуы мен оған баршаның бірлесе кірісуі, еліміздің үшінші жаңғыруы жолында алға қойылған тапсырмаларды орындаудың тиімділігі мен пайдасы жөнінде әңгіме өрбітті.
Депутаттар Мұрат Теміржанов, Сергей Звольский және Петр Шарапаев «Тыныс» кәсіпорны ұжымымен кездескеннен кейін кәсіпорынның бүгінгі тыныс-тіршілігімен танысты. «Тыныс» АҚ – авиациялық құрал-жабдықтардың 45 түрін шығаратын еліміздегі жалғыз зауыт. 1959 жылдан бері жұмыс істеп тұрған мекеме 70-тен астам адамды жұмыспен қамтамасыз етіп отыр.
Ақмолалықтармен кездесу барысында айтылған ұсыныстар мен тілектер депутаттар назарына алынды.
Асқар ТҰРАПБАЙҰЛЫ,
«Егемен Қазақстан»
Ақмола облысы