10 Қыркүйек, 2011

Қазақ-жапон парламентшілері пікір алмасты

363 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін
Жуырда Қазақстан Парламенті Мәжілісінің депутаттары Жапония Парламенті Кеңесшілер палатасының мүшелерімен жүздесті, деп хабарлады Мәжілістің баспасөз қызметі. Жапония Қазақстанның Қиыр Шығыс аймағындағы саяси және экономикалық сенімді әріптесі болып табылады. Екі елге де тиімді инвестициялық және тех­нологиялық ынтымақтастық өріс алып келеді. Парламентаралық дипломатия да екі елдің арасын жалғастырып отыр. Жапонияда Қазақстанмен достық парламенттік лигасы (әр палатадан 37 депутаттан) жұмыс істегелі 10 жыл болды. Қазақстан Парламентінде де Жапония парламентімен ын­ты­мақтастық топтары Сенатта 2004 жылы, Мәжілісте 2005 жылы құрылған. Мәжілісте құ­рамын­да 27 депутат бар, топ жетекшісі – С. Тоқпақбаев. Меймандарды жылы шырай­мен қарсы алған Сәт Тоқпақбаев табиғат апаттарын бастан кешіп, «Фукусима» атом электр стан­са­сының зардабын жою жолында ерлік көрсетіп жат­қан жапон халқының ерлігі мен төзімділігін жоғары бағалады. Екі елдің ортақ мүддені көздеген байланысына тоқталып өтті. Өз кезегінде Жапония деле­га­циясын бастап келген Кеңес­ші­лер палатасының депутаты Масахиса Сато қиын күндерде әлемдік қоғамдастық қолұшын бергенін айта келіп, соның ішінде ал­ғаш­қы­лардың бірі болып жан-жақты қолдау жасаған Қазақстан халқы мен Президент Нұрсұлтан Назар­баевқа аса зор ризашылығын білдірді. Тараптар жаңадан тағай­ын­далған Жапония үкіметі табиғат апатының зардаптарын жойып, халықтың қалыпты өмір жолына түсуі үшін барлық жағдайды жасайтынына сенім артты. Кездесуге Қазақстан жағынан Мәжіліс депутаттары Нұртай Сабильянов пен Николай Турецкий, ал меймандар тарапынан Жапония Парламенті Кеңесшілер пала­тасының депутаты Йосихико Исод­заки, Күншығыс елінің Қа­зақстан Республикасындағы Тө­тен­ше және өкілетті Елшісі Юдзо Харада және Жапонияның Либе­рал-демократиялық партиясы жа­нындағы Саяси зерттеулер инс­титутының зерттеушілері қатыс­ты.