Қарағандыда өндірістік қуаты тәулігіне 75 тоннаға дейін нан өнімдерін шығара алатын, елімізде теңдесі жоқ жаңа зауыт ашылды. Құрылысы небәрі 8 айдың ішінде аяқталған жаңа жоба кәсіпкерлікті қолдау картасының аясында жүзеге асқан. Өнімін сыртқы нарыққа шығаратын жаңа нан зауытына Қарағанды, Теміртау, Шахтинск, Саран, Абай қалаларынан 3 млрд теңгеден астам инвестиция түрінде қаржы құйылған.
– Біз бүгін Қарағанды облысында тағы бір жаңа зауыттың тұсауын кесіп тұрмыз. «Сарыарқа-Нан-Қарағанды» ЖШС нан зауыты Қазақстанның индустриялық-инновациялық даму мемлекеттік бағдарламасы негізінде салынды. Кәсіпорын әлемдік барлық стандарттарға сай, – деді «Сарыарқа-Нан» зауытының тұсауын кескен Қарағанды облысы әкімінің бірінші орынбасары Асылбек Дүйсебаев.
Зауыт құрылысына тек отандық құрылыс жабдықтары мен құрылғылық элементтер пайдаланылған. Ал, барлық қондырғылар шет елден, яғни, Германия, Италия, Франция, Словения, Словакия сынды алдыңғы қатарлы еуропалық өндірушілердің құрылғыларымен жабдықталған.
– Бұл зауытқа нан пісіруге арналған ең озық үлгідегі жаңа техногиялар енгізілді. Ондағы қондырғылар мен кешенді жұмыстар – қазақстандық өндірушілер мен әлемдік белгілі компаниялар серіктестігінің жемісті нәтижесі. Сіздер көріп тұрған ара-қатынастың алтын көпірі аталған сала бойынша ТМД көлеміндегі ең ірі инвестициялардың бірі болып табылады, – деді тұсаукесер рәсіміне қатысқан словениялық «Gostol» компаниясының бас директоры Матьяж Компара.
«Сарыарқа-Нан» бүгінгі таңда ТМД-дағы және Еуропа мен Азиядағы заманауи әрі жетекші нан зауыттарының бірі болып табылады.
«Сарыарқа групп» бақылау кеңесінің төрағасы, кәсіпкер Ерлан Нығматулин жобаға қатысқан барлық құрылысшылар, шетелдік серіктестер және кәсіпорын ұжымын құттықтады.
– Қарағандылық «Сарыарқа-Нан» зауытының ұжымында белгіленген стратегия, ұстанған айқын бағыт бар. Кімді үлгі тұтып, қайда талпынуды біледі. Мен осы жерде жиналған кәсіби ұжымның алдағы уақытта зор жетістіктерге қол жеткізетіндігіне ерекше сенімдімін, оған барлық негіз бар. Біз мұнда инвестиция тартып қана қоймай, сонымен қатар, нан өндірісінің әлемдік озық үлгідегі технологияларын қолдандық. Барлық ұжымның атынан елімізде инвестициялық қолайлы ахуал тудырып отырған Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаевқа шексіз алғысымды білдіремін, – деді ол.
Зауыт Қарағанды мен жақын елді мекендердің 550-дей тұрғынын тұрақты жұмыспен қамтамасыз етпек. Бизнестің әлеуметтік жауапкершілігі шеңберінде мүмкіндігі шектеулі жандарға да жұмыс орны қарастырылған. Кәсіпорын қызметкерлеріне заман талабына сай санитарлық-тұрмыстық жағдай жасалған. Сондай-ақ, күндізгі және түнгі ауысымда жұмыскерлерді тегін тамақтандыру мен қызметтік автокөлік мәселесі жолға қойылған.
Зауытта адам қолымен жасалатын ауыр жұмыс жоқ. Барлық үдеріс механикаландырылған, ал нан пісіру жүйесі автоматтандырылған.
Кондитерлік өндірістің бас технологы, аталмыш салада 40 жыл еңбек еткен Любовь Борисовна: «Бұл өндіріске келгенде, Қарағандыда осындай қуатты зауыт салынып, онда қарағандылықтар жұмыс жасайтындығы үшін бойымды мақтаныш пен қуаныш қатар кернеді. Барлығы бастан-аяқ ойластырылған, шынымен қамқорлықты сезінесің. Жаңа технологиялармен жұмыс істесек те, ескі рецептіні ұмытпаймыз. Қала тұрғындары дүкен сөрелеріндегі белгілі бір нан өнімдеріне үйреніп қалған. Десек те, алдағы уақытта тұтынушыларды басқа да жаңа нан өнімдерімен қуантатын боламыз», деп өз ойымен бөлісті.
Зауыт өзінің жұмысын 45-тен аса нан өнімдерін шығарумен бастады. Мәселен, «Мраморный» деп аталатын жаңа нан өнімі бар. Бұдан әрі шығарылатын өнім ай сайын 3-4 түрмен толықтырылып отырады. Ал, өнімді тарату мақсатында 65 арнайы автокөлік сатып алынған.
Әлеуметтік қолдау шарасы аясында «Сарыарқа-Нан» зауытының алғашқы өнімі Қарағанды қаласындағы балалар үйіне жөнелтілді.
Мирас АСАН,
«Егемен Қазақстан»
ҚАРАҒАНДЫ