Алматыда өткен қысқы Универсиадаға 54 елден 2 мыңнан астам спортшы, алыс-жақын шет елдерден мыңдаған жанкүйер келгені белгілі. Солардың арасында жерлестеріне қолдау көрсеткен оңтүстіккореялық Ким Санг Ук те бар.
– Ким Санг мырза, алдымен өзіңіз жайлы айтып өтсеңіз.
– Мен – Сеул қаласының тумасымын. Қазір уақытша Алматыда Кореяның консулдығында қызмет атқарамын. Сонымен қатар, кореялық «Коре ильбо» газетінің Алматыдағы бөлімшесін басқарып отырмын. Зайыбым, қызым үшеуміз Универсиада туралы газетімізге мақалалар жазып, суретке түсіріп, жарияладық.
– Келер жылы қысқы Олимпиада сіздің елде өтеді. Осыған байланысты Сеулден Алматыға арнайы делегаттар келген болар?
– Әрине, жерлестерім келіп, біраз тәжірибе жинақтап кетті. Ашылу салтанатынан жасалған театрландырылған көріністі тамашалады. Біздің елдің тарихы да әріде жатыр ғой. Сол жағынан олар көп ойланды. Мен Қазақстанның бірнеше қаласын аралағанымды, сіздер туралы білгендерімді айттым. Қонақжай халық екендеріңізді көрді. Қауіпсіздік шарасы, жанкүйерлердің стадионға қалай кіріп, қалай шығып жатқаны, спортшыларға қолдау білдіру үшін қосымша атрибуттардың таратылуы секілді ұсақ-түйек мәселелерді де қаперіне алған ұйымдастырушыларға біздің азаматтар тәнті болды. Тіпті, тазалық жағы да ескерілген. Мысал ретінде айтайын, қонақтар Кореядан келгенде Алматыда қалың қар жауып тұрған еді. Мұншама қарды тазалау проблема тудырады деп ойласа керек, жерлестерім таңертең көшеге шыққанда: «Ким Санг, кешегі қардың барлығы қайда кеткен?», деп таңданыстарын жасыра алмады. Мен көлік қозғалысына кедергі болмауы үшін тазалыққа жауап беретін адамдар түні бойы жұмыс істегенін айттым. Тізбектей берсем, осындай мысалдар көп. Бір сөзбен айтқанда, ұйымдастыру жағынан Кореяның Қазақстаннан үйренері көп.
– Қар демекші, қыста ауа райының температурасы нөлден жоғары болатын Корея үшін келер жылы Олимпиаданы өткізу қиынға соқпай ма?
– Шыны керек, Қазақстан табиғи байлығы жағынан да, ауа райы тұрғысынан да проблемасы жоқ ел дер едім. Біз бұл жағынан мақтана алмаймыз. Бірақ қазір техника заманы емес пе? Жасанды қар деген болады. Егер қар жетпей жатса, су құйсаң, оны екінші жағынан қар етіп шығаратын аппарат бар, соны пайдалануға болады. Бірақ, ол табиғи қарға жетпейтіні тағы бар. Соған қарамастан, барлығы ойдағыдай болады деп сенемін.
– Соңғы кезде Корея спортшылары жазғы және қысқы Олимпиадаларда үнемі үздік ондықтан көрінуде. Бүгінгі Универсиадада үздік үштікке кірді. Мұндай жетістікке қалай жеттіңіздер?
– Корея спорты қарқынды дамымаса да, өз деңгейінде деуге болады. Әсіресе, конькишілер мен шорт-трекшілерді ауыз толтырып айтуға болады. Қысқы Универсиадада осы екі спорт түрлерінен жерлестерім 11 алтын, 5 күміс және 5 қола медаль еншіледі. Соның арқасында бейресми командалық есепте үшінші орын алдық. Шорт-тректен көптеген корей спортшысы мен бапкері өзге елдерде жүр. Ресейге Олимпиадада үш алтын алып берген Виктор Ан да уақытында біздің елдің атынан сынға түсіп, Олимпиада чемпионы болған. Сіздердің құрамаларыңызға да біздің елден бір қыз келді.
– Спорт басшыларының шорт-тректен қыздар командасын күшейту үшін жасаған амалы болуы керек.
– Әрине, оған таласым жоқ. Федерацияларыңыздың мұндай қадамға баруының бірден-бір себебі – халықаралық жарыстарда нәтиже көрсету. Сол арқылы бұл спортты халыққа кеңінен таныта алатынын түсініп отыр. Өкінішке қарай, Универсиадада Ким Енг А бесінші орын алып, биік тұғырдан көріне алмады. Ал командалық сайыста қыздарыңыз жарады. Азулы Жапония құрамасын артқа тастап, қола жүлдеге қол жеткізді. Бастамасы жаман емес.
– Әңгімеңізге рахмет.
Әңгімелескен Алмас МАНАП,
«Егемен Қазақстан»
АЛМАТЫ