Сенаттың Халықаралық қатынастар, қорғаныс және қауіпсіздік комитетінде «1992 жылғы 15 мамырдағы Ұжымдық қауіпсіздік туралы шарт ұйымына қатысушы мемлекеттер арасындағы Әскери-техникалық ынтымақтастықтың негізгі қағидаттары туралы келісімге толықтырулар енгізу туралы екінші хаттаманы ратификациялау туралы» заң жобасы талқыланды.
Заң жобасына негіз болған құжат Ұжымдық қауіпсіздік туралы шарт ұйымына қатысушы мемлекеттер арасындағы Әскери-техникалық ынтымақтастықтың негізгі қағидаттары туралы келісім аясында өзара іс-қимылдың тиімділігін арттыруға бағытталған.
Хаттамада ҰҚШҰ-ға қатысушы мемлекеттер арасындағы 1992 жылғы 15 мамырдағы Әскери-техникалық ынтымақтастықтың негізгі қағидаттары туралы келісім күшінің тек ұлттық қарулы күштерге ғана емес, басқа да әскерлерге, әскери құрылымдарға, құқық қорғау және арнайы қызметтерге де таралатыны қарастырылған.
Кеңейтілген отырыста «1992 жылғы 15 мамырдағы Ұжымдық қауіпсіздік туралы шарт ұйымына қатысушы мемлекеттер арасындағы Әскери-техникалық ынтымақтастықтың негізгі қағидаттары туралы келісімнің шеңберінде жеткізілетін әскери мақсаттағы өнімдердің нысаналы пайдаланылуын бақылауды жүзеге асыру тәртібі туралы хаттамаға толықтыру енгізу туралы екінші хаттаманы ратификациялау туралы» заң жобасы да қаралды.
Заң жобасы ҰҚШҰ-ға мүше мемлекеттердің трансұлттық қауіп-қатерлерге қарсы іс-қимыл саласындағы ынтымақтастығын нығайтуға бағытталып отыр.
Екі заң жобасы да палатаның қарауына жіберілді, деп хабарлады Парламент Сенатының баспасөз қызметі.