10 Қыркүйек, 2011

Тұжырымдамалық тұрғыда мақұлданды

317 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін
Парламент Сенатының Әлеуметтік-мәдени даму комитетінде «Неке (ерлі-зайыптылық) және отбасы туралы» кодексінің жобасы қаралды. Кодекстің жобасы Қазақстан Республикасында неке-отбасы қатынастарын реттеуге, олардың жүзеге асырылуының кепілдіктерін белгілеуге, сондай-ақ отбасы­ның құқықтары мен мүдделерін қор­ғау­ды қамтамасыз етуге бағытталған. Кодекс жобасын әзірлеудің мақсаты нормативтік құқықтық актілердің қолданыстағы ережелерін кодификациялау және неке-отбасы қатынастары саласында қосымша нормалар енгізу болып табылады. Осы жобада некені қиюдың, тоқтатудың, оны жарамсыз деп танудың шарттары мен тәртібі айқындалған, ерлі-зайыптылардың, ба­ла­ның (балалардың), ата-аналардың, бала асы­рап алушылардың құқықтары мен міндеттері нақтыланған. Сондай-ақ баланы асырап алу­дың тәртібі, қорғаншылық пен қамқоршы­лық­ты реттеу мәселелері, отбасы мүшелерінің, ерлі-зайыптылардың, бұрынғы ерлі-зайып­ты­лардың және отбасының басқа да мүшелерінің алименттік міндеттемелері бекітілді. Одан басқа Қазақстан Республикасының неке-отбасы заңнамасы нормаларының шетелдіктерге және азаматтығы жоқ адамдарға қол­да­нылу ерекшеліктері және тағы басқалар айқындалды. Кодексте суррогат ана, баланы тәрбиелеуге беру туралы келісім жасау және оны бұзу, азаматтық ахуал актілерін мемлекеттік органдардың тіркеуі мәселелерін реттейтін жаңа ережелер бар. Тұжырымдамалық тұрғыда мақұлданған жоба палата қарауына жіберілді, деп хабарлады Парламент Сенатының баспасөз қызметі.