Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың осы жылдың сәуір айында Эстонияға мемлекеттік сапарында екі елдің арасындағы іскерлік байланыстарды нығайта түсуге бағытталған біраз келісімдерге қол қойылғаны белгілі. Солардың арасында еліміздің теңіз қақпасы – «Ақтау халықаралық теңіз сауда порты» мен «Таллинн порты» АҚ арасындағы өзара ынтымақтастық туралы келісім де бар-ды. Сол игі бастаманы жақында одан әрі жалғастырып, іскерлік байланыстар қарқын алатындай нәтижеге қол жетті. Ақтауға Эстонияның Қазақстандағы сенімді өкілі М.Солнсон бастаған делегация келіп, Ақтау портының жұмысымен жете танысты. Ақтау және Таллинн теңіз порттары арасындағы жүк тасымалын дамыту, транзиттік жүктердің бағыттарын әртараптандыру әңгіме болды. Бұл ретте Ақтау порты арқылы Еділ – Балтық кеме жолымен жүк тасымалдау көлемін ұлғайта түсу жолдары белгіленіп, өзара тәжірибе алмасу ретінде жаңа технологияларды өндіріске енгізуге бағытталған хаттамаға қол қойылды. Сондай-ақ бір топ қазақстандық теңіз мамандарын Эстонияның оқу орындарында оқытудың жолдары белгіленді. Мұның бәрі екі елдің арасындағы іскерлік экономикалық байланыстарға жоғары қарқын берері сөзсіз, дейді Ақтау теңіз портының директоры Берік Уандықов.
Жоламан БОШАЛАҚ, Маңғыстау облысы.