Бизнесті қайта реттеу бақылаушы мемлекеттік органдар тарапынан көрсетілетін қысымды төмендетеді. Бұл туралы Орталық коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз конференциясында Ұлттық экономика министрлігі кәсіпкерлікті дамыту департаментінің директоры Ғалия Жолдыбаева мәлім етті.
Ол Мемлекет басшысының бизнесті қайта реттеу бойынша жүйелі шараларды әзірлеу міндетін анықтағанын және бақылау-қадағалау функцияларының санына ауқымды тексеру жүргізуді тапсырғанын еске салды.
«Ағымдағы жылдың соңына дейін Кәсіпкерлік кодекске, салалық заңдарға қайталанатын бақылау және қадағалау салаларын алып тастау және тексеру жүргізудің жалпы тәртібіне жатпайтын салаларды ауыстыру бойынша түзетулер әзірленетін болады», – деп мәлімдеді Ғ.Жолдыбаева.
Оның айтуынша, ревизия кәсіпкерлік субъектілеріне бақылаушы мемлекеттік органдар тарапынан қысымды азайтуға мүмкіндік береді, мемлекеттік бақылау мен қадағалау заңнамасын жетілдіруді қамтамасыз етеді, бақылау мен қадағалауды жүзеге асыру кезінде сыбайлас жемқорлық сипатындағы құрамдағыштарды алып тастауға жәрдемдеседі, сондай-ақ елде кәсіпкерліктің дамуына жаңа серпін береді.
Сонымен қатар, бизнесті қорғау және қолданыстағы әкімшілік кедергілерді жою мақсатында министрлік мемлекеттік органдардың және квазимемлекеттік сектор субъектілерінің қызметіне тұрақты негізде тексерулер жүргізеді. Олар бизнеске ең көп қысым көрсететін субъектілерге бағытталған.
«2016 жылғы тексеру нәтижелері мемлекеттік органдардың бизнесті қолдау бағдарламаларын іске асыру кезінде, сондай-ақ бизнес субъектілерінің қызметін реттеу кезінде олардың құқықтары мен заңды мүдделерін өрескел бұзғандығын көрсеткен. 2016 жыл бойынша мемлекеттік мекемелердің басшыларына қатысты 4,8 млн. теңге сомасына 46 әкiмшiлiк құқық бұзушылық туралы хаттама толтырылған (бүгінгі күні 38 хаттама бойынша соттармен 4 млн. теңге сомасына айыппұл ретінде әкімшілік жаза қолдану туралы қаулылар шығарылды), 40-тан астам лауазымдық тұлға тәртіптік жауапкершілікке тартылған», – деп атап өтті департамент директоры.