10 Қыркүйек, 2011

Ардагерлер бас қосатын орын

402 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін
Облыс әкімі Бақытжан Сағын­таев­тың бастамасымен ашылған «Замандастар» ардагерлер клубының жас­тарға тәрбиелік-өнегелілік мақсатта атқарып жатқан жұмыстары аудан орталық­та­рын­да тұратын ақсақалдар­дың да ойы­нан шыққандай. Жуырда аудан ор­талығы Ақтоғайда да соғыс және еңбек ардагерлері клубы заман­дастарын жи­нады.  Аудан әкімі Жұма­келді Қожанов үлкендер бас қосатын бұл орталықтың ашылуына аудан кә­сіпкерлері «Жәр­дем» серіктестігінің басшысы Серік Ахметов, облыстық мәслихат депутаты Игорь Головашов, аудандық мәслихат депутаты Александр Тарамбалар өз үлестерін қосқанын атап өтті. Сон­дық­тан болар, шетелдік жиһаз, тоңазытқыш, теледи­дары бар орталықтың іші жарқырап тұр. Кәсіпкерлер бұл біздің ел Тәуел­сіздігінің 20 жылдығы қарса­ңында ардагерлерге  көрсеткен сый-құрметіміз дейді. Енді ардагерлер шахмат ойнауға, теледидар көруге, газет-журналдар оқу­ға, кеңесуге, жастар, жасөспі­рімдермен кездесіп, әңгіме өткізулеріне мүмкіндік алады. Осы орталық атынан ақсақалдар алқасы өздерінің ұсыныстары мен мәселелерін тікелей аудан әкіміне айта алады. Аудандық ардагерлер кеңесінің төрағалары Б.Қуатов, М. Коробкин, П. Раевский, В. Зуев, С. Сәдуақасова, Т Ғибадуллиналар ардагерлер атынан ал­ғыстарын білдірді. Сөйтіп, ақсақалдар алқасының ұсынысымен клубтың бас­шысы, еңбек ардагері Сәмет Мағзұм­ұлы болды. Сонымен қатар, сол күні ор­та­лықтың қасынан  аудандық өлке­тану мұражайы ашылып,  ардагерлер енді ауданның өткен өмірі, қалыптасуы үшін қызмет еткен адамдар, заман­дастары туралы деректермен толыға түсуіне де үлес қосатын болады. Фарида БЫҚАЙ, Павлодар облысы.