10 Қыркүйек, 2011

Үнді банкі ашылды

471 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін
Кеше Астанада «PNB Қазақстан» еншілес банкі» АҚ-тың тұсаукесер рәсімі болып өтті. Жаңа банк Үндіс­тан­дағы аса ірі Punjab National Bank-тің еншілес банкі бо­лып табылады. Рәсімге  Үндістанның Қазақстандағы Тө­тенше және өкілетті елшісі Ашок Кумар Шарма, «PNB Қазақстан» ЕБ» АҚ басқарма төрағасы Кандпал Санджай, Punjab National Bank-тің төрағасы және ат­қарушы директоры Камат Кансаргод Рамачандра, «PNB Қазақстан» ЕБ» АҚ директорлар кеңесінің төрағасы Дубей Шаши Кант, директорлар кеңесінің мүшесі Тимур Қуанышев қатысты. 2010 жылы бұрын «Дана Банк» АҚ деген атпен белгілі банк Punjab National Bank акция пакеттерінің басым бөлі­гін сатып алуының нәти­же­сінде «PNB Қазақстан» ЕБ» АҚ атауымен ауыстырылды. Астана филиалының ашылу салтанатында сөйлеген Дубей Шаши Кант Punjab National Bank үшін өте маңызды сәт­тер­дің бірі екендігін жеткізді. Астана қаласында жаңа фи­лиалдың ашылғанына қуа­ныш­тымыз, дей келе Үндістан елшісі Ашок Кумарға сөз тізгінін берді. Елші өз кезегінде екі ел арасындағы эконо­ми­калық қатынастарға сәттілік тіледі. Ал Punjab National Bank-тің төрағасы және атқарушы директоры Камат Кансаргод Рамачандра 2009 жылы Қазақстан Президенті Н.Назарбаевтың Үндістан еліне жасаған ресми сапары екі ел арасындағы қарым-қа­ты­настардың маңыздылығының дәлелі. Жыл сайын өсіп келе жатқан экономикалық қаты­настар, сауда саласындағы әріп­тестік арқасында үнді елі үшін Қазақстан Орталық Азия елдеріндегі ең ірі сауда әріп­тесіне айналып отырғанын айта келіп, өз банкі туралы мә­лімет бере кетті. Өз елінде мем­лекеттік секторда екінші орын алатын банктің бүкіл әлем бойынша 5 мыңнан астам фи­лиалы бар көрінеді. Тұ­рақ­ты кіріс динамикасына, мін­сіз са­раптамалық көрсет­кіш­­терге ие банктің 65 млн.-нан астам клиенті бар. Өз та­рихында бірде-бір рет опера­циялық шығынға ұшырап көрмеген Punjab National Bank Еуропа, Азия мен Америкада көптеген өкілдіктері мен еншілес ком­паниялары жұмыс істейді. Банк «Дана Банк» АҚ-тың акция көлемінің 84 %-ын сатып алу арқылы Қазақ­стан­ды үй­лес­тіру орталығына ай­нал­­ды­руды көздейді. Қазіргі кезде банктің жарғылық капи­талы 10,5 млрд. теңгеге жеткен. Ал Punjab National Bankі биз­несінің жалпы көлемі 126,84 млрд.доллар. Соңғы жылы таза табысы 994 млн.АҚШ долларын құраған. Банк бұған дейін Алматы қаласында өз өкілдігін ашқан болатын. Енді Астана қала­сын­да да ашылды. Банк Қа­зақ­стан азаматтарына, елдегі үнді диаспорасы өкілдеріне және екі елдің корпоративті кли­енттеріне қызмет көрсетпек. Венера ТҮГЕЛБАЙ.