14 Ақпан, 2017

Тендер бәйге емес...

433 рет
көрсетілді
9 мин
оқу үшін
Әр шенеунік заң аясында әрекет етуі керек Еліміздің әлеуметтік-экономикалық даму бағытын зер салып қарастыратын болсақ, мемлекеттік сатып алулар мемлекеттік саясаттың көрінісі екеніне көз жеткіземіз. Расында да, халықтың игілігіне арналған барлық мемлекеттік бағдарламалар мен жобалар тендер арқылы іске асады. Ауылға ауыз су мен табиғи газды тарту, жол мен коммуникация желілерінің құрылысы және жөндеу жұмыстары, мектеп, аурухана мен баспана салу, өзге де алуан түрлі мемлекеттік тапсырыстар, тіпті ішкі саясат саласындағы үгіт-насихат жұмыстары да дәл осы конкурс жүйесі арқылы атқарылады. Осы тұрғыда мемлекеттік сатып алу конкурстары ең көп сыналатын тақырыптардың біріне айналып отырғаны алаңдатады. Басқа-басқа, нақ осы саладағы келеңсіздіктерден талай жылдан бері арыла алмай келе жатқанымыз ащы шындық. Ашықтық пен айқындық, әділдік пен заңның үстемдігін орнатуды көздеген өзгерістер жыл сайын енгізіліп отырғанымен, тендердің айналасындағы түйткілдердің таусылатын түрі жоқ. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың мемлекеттік сатып алудағы келеңсіздіктер мәселесіне қайта-қайта назар аударуы, мем­ле­кеттік органдарды жиі сын тезіне алуы да осыдан. Бюджеттің игерілмеген қыруар қаржысы, ауқымы бірдей құрылыс нысандарына бөлінген ақшадағы жер мен көктей айырмашылықтар, мемлекеттік сатып алу конкурстарын өткізудегі сауатсыздық пен сы­байлас жемқорлық, жобалау-сме­талық құжаттарды дайындау ісін­дегі қитұрқылықтар – мұның бар­лығы түптеп келгенде мемлекеттік сая­саттың ойдағыдай жүзеге асырылуына тікелей кедергі келтіреді. Өкінішке қарай, мемлекеттік сатып алуға маңызды стратегиялық міндет ретінде қараудың орнына, оңай олжа табатын «кәсіпке» айналдырып алғандар азаймай тұр. Мемлекеттің тірнектеп жиған қаржысын оңды-солды шашып, қажетті заттарды бір­неше есе қымбат бағаға сатып алатын фактілер бұған дейін талай рет тір­келген. Қазынаға қолын батырып, оңай баюды әдетке айналдырған шенеу­ніктер де жоқ емес. Мәселе тек сыбайластықпен шек­телмейді. Мемлекеттік сатып алу­ды ұйымдастырушы мекемелер тара­пынан тапсырыс беру кезіндегі құжат­тарды әзірлеудің өзінде-ақ көптеген кемшіліктерге жол беріліп жатады. Тиісті құжаттарды заң талабына сай сауатты түрде ресімдеудің өзі мұң болып тұрғанда, құрылыс нысандарының сапасы мәселесін қозғаудың өзі артық сияқты. Себебі, мемлекеттік сатып алу конкурс­тарындағы келеңсіздіктердің кесі­рінен мемлекет қаржы жағынан да емес, уақыт жағынан да ұтылады. Кон­курс жариялап, жеңімпазды анық­тауға бір айдай уақыт кетеді. Ал кем­шілігі анықталған конкурс­ты бұзып, оны екінші қайтара жариялау тағы да уақыт алады. Салдарынан, көктемде басталуға тиіс жұмыстар жазда, кейде дауласудың соңы соттасуға ұласса, қоңыр күзде әупіріммен қолға алынады. Сапасыз құрылыс мәселесі осыдан келіп шықпай ма? Тендер төңірегінде жылдан-жылға асқынып бара жатқан келеңсіздіктерге тосқауыл қою мақсатында талап үнемі күшейтілу үстінде. 2015 жылы да, былтыр да, биыл да мемлекеттік са­тып алу заңнамасына көптеген өзге­рістер, жаңа ережелер енгізіліп, бақы­лау ісіне айрықша мән берілуде. Әйт­кенмен, жұрттың жүйкесін жұқартқан жүйесіздіктен оңайлықпен құтыла ал­майтын сияқтымыз. Мемлекеттік сатып алулардың, әсіресе, халқы тығыз қоныстанған Оңтүстік Қазақстан облысы үшін маңызы ерекше. Жан басына шақ­қан­дағы кірісі республика бо­йынша ең төмен аймақтардың бірі саналатын өңірдің республикалық бюджет­тен бөлінетін трансферттерге үл­кен тәуелділігі бар. Алайда, мемле­кеттік сатып алу саласындағы сауат­сыз­дықтың кесірінен қыруар шаруа өз деңгейінде жүзеге асырылмай келеді. Мына дерекке назар аударыңыз. Былтыр Оңтүстік Қазақстан облы­сында Қаржы министрлігі Ішкі мем­лекеттік аудит комитетінің Оңтүстік Қазақстан облысы бойынша ішкі мемлекеттік аудит департаменті тарапынан 372 миллиард теңгенің мемлекеттік сатып алу рәсімдері каме­ралдық бақылаумен тексеріліп, нәти­жесінде 84 миллиард теңгеден астам мемлекеттік сатып алу рәсімдерінен заң бұзушылықтар анықталған. Ал биылғы қаңтар айының өзінде жалпы сомасы 6,4 миллиард теңгеге теңелетін 396 лотты жүзеге асыру ісінде кемшіліктер анықталған. Қарап отырсаң, ақылға қонбайтын жайт. Ел Үкіметі халықтың игілігі үшін мемлекеттік бағдарламалар аясында қыруар қаржы бөлгенмен, жергілікті атқарушы билік «шайнап берген асты жұта алмай» отыр. – Басты мақсат, мемлекеттік сатып алуларды өткізуде заң талаптарын сақтау, - дейді Қаржы министрлігі Ішкі мемлекеттік аудит комитетінің Оңтүстік Қазақстан облысы бойынша ішкі мемлекеттік аудит департаментінің басшысы Батырбек Көшербай. – Мемлекеттік сатып алуды жариялаудың өзінен сүрініп жатқан мемлекеттік мекемелер бар. Талап сақталмағандықтан былтыр талай конкурстар бұзылды. Соттасуға дейін ұласқан бірқатар келеңсіз жағдайлар орын алды. Бұл Үкіметтің резервінен бөлінген қаржының өз деңгейінде сапалы игерілмеуіне, көптеген жобалардың орындалмауына әкеп соқты. Оның үстіне, бүгінгі әлемдік дағдарыс жағдайында қаржы жетіспей жатқан кезде ел Тәуелсіздігінің 25 жылдығын жоғары деңгейде атап өту мақсатында Елбасымыз Үкіметке қосымша қаражат тауып, сол арқылы бүкіл елді мекендерді абаттандыру, көркейту ісін қолға алуды тапсырған болатын. Осы бағытта былтыр жыл аяғына дейін мемлекеттік сатып алу конкурстары өтіп жатты. Ал сол қаржының игерілуін тексеру барысында көптеген келеңсіздіктер анықталуда. Мұндайға жол бермеу мақсатында осы жылы барлық аудан, қала әкімдіктері мен басқармалардағы тиісті қызметкерлерге арнайы семинар өткізілді. Аталған семинарда мемлекеттік сатып алу заңнамаларына енген жаңа өзгерістер мен толықтырулар бойынша түсіндірмелер беріліп, көптеген сұрақтарға жауап берілді. Биыл қаңтар айынан бастап мемлекеттік сатып алуларға енгізілген жаңа ережелерге сәйкес, тендер саласындағы бақылау ісі анағұрлым күшейтілді. Әсіресе камералдық бақылаудың енгізілуі мемлекеттік аудит объектілерінің қызметін жіті тексеруге мүмкіндік беруде. Бұл тәсіл бойынша тексеру мемлекеттік аудит объектісіне бармастан тұрақты жүргізіледі. Камералдық бақылау жүргізудің мақсаты заң бұзушылықтардың уақтылы жолын кесу және оларға жол бермеу, мемлекеттік аудит объектісіне камералдық бақылау нәтижелері бойынша анықталған бұзушылықтарды дербес жою құқығын беру және мемлекеттік аудит объектілеріне әкімшілік жүктемені төмендету болып табылады. Анықталған заң бұзушылықтарды жою туралы хабарлама белгіленген мерзімде орындалмаған жағдайда аудит нысанының банк шоттары бойынша шығыс операцияларын тоқтата тұру, сондай-ақ, лауазымды тұлғаларды әкімшілік жауапкершілікке тарту шаралары қолданылады. Бұрындары мемлекеттік сатып алуларды тексеру ісі тек конкурс толық аяқталып, қорытындысы шыққан соң барып жүргізілетін. Енді тексерулер төрт түрлі кезеңде атқарылады. Бірінші бағыт аясында конкурстық құжаттаманың порталда дұрыс жариялануы зерделенеді. Жыл басынан бергі бір ай ішінде 71 конкурс бойынша 374 лоттың кемшілігі анықталып үлгерді. Бұдан кейінгі тексеру конкурстық құжаттаманы алдын-ала талқылау, мердігерлер арасында түсіндіру жұмыстарын жүргізу, хат алмасу процестерін қадағалаумен ерекшеленеді. Әрбір әлеуетті өнім берушінің құқықтары сақталып, тендердің жеңімпазын ашық та айқын бәсекелестік жағдайында анықтау қағидатына баса мән берілуде. Тексерудің үшінші кезеңі конкурсқа алдын-ала жіберу хаттамасының нәтижесіне қарай қарастырады. Әлеуетті өнім жеткізуші ұсынған құжаттарда анықталған кемшіліктерді түзетуге мүмкіндік берілуі тиіс. Осылайша, мемлекеттік сатып алу конкурстарының әр кезеңін жіті бақылау арқылы тендерді өткізу сапасын арттыру мақсат етілді. – Кейбір конкурстарда бір мердігерді сүйреп, жеңімпаз ретінде жариялайды да қалған әлеуетті өнім жеткізушілер заңсыз шеттетіліп жатады. Бұл заңды өрескел түрде бұрмалауға жатады. Мұндай бірқатар фактілерді анықтап, мемлекеттік сатып алу конкурстарын бұздық. Мемлекеттік сатып алу конкурсы біреуі жеке-дара келіп, қалғандары шет қалатын бәйге емес. Конкурсқа қатысқандардың құжаттарындағы кемшіліктер анықталған жағдайда әлеуетті өнім жеткізушіге сол кемшіліктерді түзетуге толық мүмкіндік берілуі тиіс. Қатысушының бір кемшілігін айтып, екіншісін жасыруға жол берілмейді, – дейді департамент басшысы Батырбек Көшербай. Бұдан шығатын қорытынды, мемлекеттік сатып алуға қатысы бар әр шенеунік өз жауапкершілігін толық сезініп, заң аясында әрекет етуі тиіс. Ғалымжан ЕЛШІБАЙ, «Егемен Қазақстан» Оңтүстік Қазақстан облысы