14 Ақпан, 2017

Жапония — АҚШ ынтымақтастығы жаңа белеске көтеріле ме?

380 рет
көрсетілді
9 мин
оқу үшін
Жапония премьер-министрі Синдзо Абэ 2016 жылдың қараша айында АҚШ-қа сапар шегіп, жаңадан сайланған президент Дональд Трамппен кездескен болатын. Бұл ресми емес жүздесу Трамптың сайлаудан кейінгі шетелдік лауазымды тұлғамен алғашқы кездесуі еді. Жапония пре­мьер-министрі АҚШ-тың жаңа президентімен нақты қандай мә­селелерді талқылағанын көп­ші­лік­ке жария етпесе де, кез­де­судің ашық форматта өткенін айтқан. Ол Трампты «Сенім артуға болатын лидер» деп бағалап, Токио мен Вашингтон «сенімді қатынас» жа­сайтынынан үміттенетінін біл­дір­ген. ­Сол кезде Транс-Тынық мұхиты әріп­тестігі аймағындағы сауда келісіміне қатысты сөз қозғалды ма, көпшілік одан бейхабар. Кезінде Барак Обама әкім­шілігі бұл мәселені Дональд Трампқа қал­дыруды жөн көрген. Транс-Тынық мұхиты әріптестігі келісіміне Жапония, Малайзия, Жаңа Зеландия, Австралия, Бруней, Вьетнам, Канада, Мексика, Чили, Сингапур, Перу, АҚШ тәрізді мемлекеттер қол қойған. Транс-Тынық мұхиты аймағы әріп­тес­тігін орнату туралы келісімге 2016 жылы ақпан айында Жаңа Зеландияда қол қойылған. Болжам бойынша бұл ұйымға мүше елдердің дүниежүзілік ішкі жалпы өнімдегі үлесі 38-40 пайызға жетеді. Бұл ұйымды құру туралы идеяны 2003 жылы Жаңа Зеландия, Сингапур және Чили мемлекеттері ұсынған. 2005 жылы оның құрамына Бруней кірді. Сол жылы тағы төрт мемлекет Транс-Тынық мұхиты әріптестігі ұйымын құру туралы келісімге қол қойды. Құжатта қатысушылардың ДСҰ ережелеріне сай еркін сауда ай­ма­ғын құруы да айтылады. Жаңа ұйымға АҚШ-тың қызығушылығы 2008 жылы байқалды. Одан кейін Австралия, Вьетнам мен Перу қосылды. 2010 жылы келіссөздерге Малайзия, 2010 жылы Канада мен Мексика қатысты. 2012 жылы АҚШ ұйымға Жапонияны қатыстыруды ұсынды. 2013 жылы Жапония Транс-Тынық мұхиты әріптестігіне мүше болу жөніндегі келіссөздерді бастады. Сол жылы жапон бизнесмендері арасында ел экономикасына айтарлықтай әсер ететін Транс-Тынық мұхиты әріп­тес­тігі ұйымына кіру мәселесі кеңінен тал­қыланды. АҚШ өзі тарапынан әріптестік ұйымы­на мүше елдерді еңбек және экологиялық стандарттарды халықаралық дәрежеге көтеруге міндеттеу ұстанымында болған. Сондай-ақ, Транс-Тынық мұхиты әріптестігі құрамында трансұлттық корпорациялар мен үкіметтер арасындағы даулы мәселелерді қарайтын арнайы сот құру туралы ұсыныстың иесі. 2017 жылдың 23 қаңтарында президент Дональд Трамп сайлауалды уәдесін орындап, АҚШ-ты аталған ұйымнан шығару жөнінде жарлыққа қол қойды. Транс-Тынық мұхиты әріптестігі құрамына ену бір жағынан Жапонияға экс­портталатын шетелдік азық-түлік бағасының төмендеуіне әкеледі. Аталған ұйымға мүше болудан Жапонияның автокөлік пен электроника, т.б. өнім түрлерін экспорттаушылары пайдаға кенеледі деп болжануда. бірақ бүгінде АҚШ-тың жетекші автокөлік жасаушы компаниялары Жапонияның Транс-Тынық мұхиты әріптестігі ұйы­мы­на кіруіне қарсылық танытуда. Жапония премьер-министрі Синдзо Абэ «Болашақта тарихшылар Транс-Тынық мұхиты әріптестігі Азия-Тынық мұхиты аймағының ғасырына жол ашқанын айтатын болады. Жапония осы ғасырда басты орталық болуы тиіс», деген еді. Синдзо Абэ 2017 жылдың 28 қаң­та­рында Дональд Трамппен 42 минут бойы телефон арқылы сөйлесіп, 10 ақпанда Вашингтонда кездесуге келіскен еді. «Асахидің» хабарлауынша, Трамп Абэмен телефон арқылы сөйлескенде «Бүгінге дейін айтқанымның бәрін орындасам деймін. Жапониямен байланыс өте маңызды», деген еді. Сондай-ақ, ол Америка қорғаныс министрі Джеймс Мэттистің 3 ақпан күні Жапонияға ал­ғаш рет сапармен баруына қатысты «қауіп­сіз­дік саласының маманы бол­ған­дықтан мен оған сенемін. Сан алуан мә­селелер қоз­ғалады деп үміттенемін», деген болатын. Ақпанның басында Токиоға барған Пентагон басшысы Джеймс Мэттис Жапония премьер-министрі Синдзо Абэмен, қорғаныс министрі Томоми Инадамен және сыртқы істер министрі Фумио Кисидамен кездесті. Жапония қорғаныс министрі Америка-Жапония қатынастарының Жапония ғана емес, жалпы Азия-Тынық мұхит аймағы үшін маңызды екендігіне тоқталды. Бұл кездесуде екі жақ Жапония мен АҚШ арасындағы қауіпсіздік туралы келісімді берік ұстану жөнінде келіскен. Бұл құжаттың бесінші тармағында үшінші тараптан қауіп төнген жағдайда АҚШ-тың Жапония қорғанысына қатысуы және мемлекеттердің әскери нысандарына шабуыл жасалған уақытта бірлесіп қорғануы» жөнінде жазылған. Фумио Кисидамен әңгімелесу ке­зінде Мэттис келісімнің Сенкаку аралы­на қатысты да өз күшінде екенін айт­қан. Бұл арал Қытай мен Жапония арасындағы даулы бөлік болып саналады. Тараптар сондай-ақ, Азия-Тынық мұхиты аймағындағы жағдай, Шығыс Қытай теңізіндегі Қытайдың бел­сенділігі және Солтүстік Кореяның ядро­лық бағдарламасына қатысты да пікір білдірген. АҚШ пен Жапония арасындағы өзара ынтымақтастық пен қауіпсіздік жөніндегі келісім 1960 жылы күшіне енген. Сенкаку аралына қатысты Қытай мен Жапония арасындағы жағдай 2012 жылы қыркүйек айында Токио жеке-меншік иелерінен аталған аралды сатып алатынын хабарлағанда ушыға бастады. Сол кезде Қытайда Жапонияға қарсы ереуілдер орын алды. Содан бастап Бейжің өзінің арнайы кемелерін архипелагпен шендесетін теңіз аймағына ұдайы жіберіп тұрады. Жапония мен АҚШ президенттерінің 10 ақпанда басталған кездесуі осындай ауқымды мәселелерді талқылауға арналды. «Асахи» басылымының жазуынша, Жапония премьер-министрі Вашингтон сапарының алғашқы күні АҚШ-тың әскери сарбаздары жерленген Арлингтон қорымына барған. Осы күні ел президенті Дональд Трамппен кең ауқымды кездесу өткізген. Трамппен жүздесуінде Синдзо Абэ екі мемлекет арасында ынтымақтастықтың жа­ңа кезеңі басталғанын айтып, жапон ком­па­нияларының АҚШ-қа салатын инвестиция көлемі артатынын мәлімдеді. 2016 жылы жапон компаниялары АҚШ-қа 150 миллиард доллар инвестиция салса, жоспар бойынша тағы 450 миллиард доллар құйылмақ. Транс-Тынық мұхиты әріптестігі туралы сөз қозғалғанда, Синдзо Абэ осы әріптестіктің басты мақ­са­ты еркін сауданы әділ қағидаттарға негіздеу екенін айтқан болатын. «Біз екіжақты экономикалық диалог құрамыз», деген еді ол. Трамп билікке келгелі Жапония премьер-министрінің онымен алғашқы кездесуі «автокөлік» және «Жапония-АҚШ бірлескен мәлімдемесі» деген басты екі үлкен тақырыпқа негізделді. Синдзомен әңгімелесу барысында Трамп Азия-Тынық мұхиты аймағында статус-кво мәртебесін сақтап, Жапонияны бұдан кейін де қорғауға уәде берді. Сондай-ақ, Трамп әкімшілігі АҚШ-тың Шығыс-Қытай теңізіндегі даулы аралдарға қатысты Жапония бақылауына қауіп төн­ді­ретін біржақты шешімге бармайтынын ха­барлаған. Кездесудің алғашқы күні кешке екі ел басшылары жұбайларымен бір­ге Флорида штатындағы Палм-Бич қа­ла­сы­на барып, екі сағатқа созылған кешкі асқа қатысты. Трамп Вашингтонда ақпарат құралдары өкілдерімен кездесуде «Демалыс күндерінің жемісті болғанын қалаймын» деген екен. Табиғаты тамаша саяжайда өткен бұл кездесуде мамыражай ауан сезілгенін жапон журналистері жазып жатты. Дональд Трамп пен Синдзо Абэ жүздесу сәтінен бастап тү­сі­рілген фотосуреттерін әлеуметтік же­лілерге салып, АҚШ пен Жапония ын­ты­мақтастығының жарқын болашаққа бет алғаны туралы жеке пікірлерін көп­ші­лікпен бөлісуде. Ақпанның 11-і күні екі ел басшылары Трамптың элиталық гольф клубында гольф ойнаған. «Йомиури» басылымының хабарлауынша, бұл жолы кездесуде Синдзо Абэ мен Дональд Трамп Транс-Тынық мұхиты аймағы әріптестігінің болашағын талқылауда. Сонымен қатар, жаһандық экономика, Азия-Тынық мұхиты ай­ма­ғындағы қауіпсіздік мәселелері, ер­кін сауда жүйесіне қатысты келелі мә­се­лелер де назардан тыс қалмаса керек. АҚШ-тың жаңа басшылығының валюта саясаты Жапония қаржыгерлері үшін аса маңызды. Сондықтан тараптар авто­көлік өндірісі және жаңа Президент әкім­­шілігінің валютаға қатысты саясаты төңірегінде пікір алмасқан сыңайлы. Жапония премьерінің пікірінше, Трамптың АҚШ-та жаңа жұмыс орындарын құру мен әскери әлеуетін арттыру туралы берген уәдесі экономикалық мәселелердің оңды шешім табуына, екі ел ынтымақтастығының нығаюына серпін береді. Ал Дональд Трамптың Жапонияға жауап сапары да биылғы жылы жүзеге аспақ көрінеді. Шарафат ЖЫЛҚЫБАЕВА АЛМАТЫ