«Батпандап кірген кесел, мысқалдап шығады» демекші, 2008 жылғы жаһандық қаржы дағдарысы мен 2009 жылғы «ұлы рецессиядан» тұралаған әлем экономикасы енді-енді ғана ес жиып, баяу да болса, даму бағытына бет бұрды. Жақында жарыққа шыққан БҰҰ-ның «Әлем экономикасының ахуалы және болашағы» атты дәстүрлі баяндамасында жаһандық экономиканың 2016 жылғы өсімін 2,6 пайыз деңгейінде бағалапты. Төрткүл дүниені тығырыққа тіреген «ұлы рецессиядан» кейін әлемдік экономиканың мұншалықты баяу дамуына жаһандық инвестиция қарқынының төмендеуі, дүниежүзілік сауданың қысқаруы, еңбек өнімділігінің баяу өсуі, әлем елдеріндегі қарыз деңгейінің жоғарылауы себеп болып отыр.
БҰҰ-ның аталмыш баяндамасында Үндістан экономикасының даму қарқыны соңғы жылдары өте жоғары екендігі көрсетіліп, 2017 жылы бұл ел экономикасының өсімі 7,7 пайызға жететіндігіне болжам жасалыпты. Баяндамада жаһандық жалпы өнім көлемінің өсімі 2017 жылы 2,7 пайызды, ал 2018 жылы 2,9 пайызды құрайтындығы айтылған. БҰҰ сарапшыларының пікірінше, бұл көрсеткіштер негізінен әлем экономикасының өсімін емес, дағдарыстан кейін толық тұрақтана бастағанын дәлелдейтін көрінеді.
Ал Халықаралық валюта қоры (ХВҚ) жаһандық экономиканың 2017 жылы 3,4 пайызға өсетіндігін алға тартады. Жалпы, дүние жүзінің дуалы ауыз сарапшылары үстіміздегі жылы әлемдік экономиканың даму жолына нық бет бұратындығын бірауыздан мақұлдайды. Олардың айтуынша, АҚШ экономикасының өсу қарқыны артады, Brexit-ке қарамастан кәрі құрлықтағы дамыған елдердің экономикасы да алға басады. Қытайдың даму деңгейі де 6 пайыздан төмендемеуге тиіс. Үндістан Республикасында жоғары даму қарқыны сақталып, өсім деңгейі 7,7 пайыздан асады. Ресей мен Бразилия экономикасының да біршама жақсы көрсеткіштерге қол жеткізетіндігіне қажетті алғышарттар бар. Дамушы елдер тобындағы мемлекеттердің экономикасы да 2017 жылы жоғары даму деңгейінде болады.
Жаһандық экономиканың нық даму баспалдағына көтерілуіне төртінші өнеркәсіптік төңкеріс аясындағы цифрлы технологияны әкелген ғылыми-техникалық прогресс берік тұғыр болып тұр. Цифрлы технологияның әлемдік экономикаға тигізетін игі ықпалы барған сайын арта бермек. Мәселен, алдағы уақытта агроөнеркәсіптік кешен, қайта өңдеу өнеркәсібі, энергетика салаларында революциялық өзгерістер орын алатын болады. Өмірдің барлық саласында ақпараттық-цифрлы технология шешуші рөл атқармақ. Бұл біріншіден, тиімділік пен еңбек өнімділігін жедел арттыра отырып, өндірісті және тұтыну деңгейін түбегейлі өзгертеді, екіншіден, барлық делдалдардың мүмкіндігін жоққа шығаратын тауар және қызметті өндірушілер мен тұтынушылар арасында тікелей байланыстың жүйелі құрылымын қалыптастырады.
Болашақ даму қарқынының шешуші факторларының бірі экология болмақ. Экологиялық технологияларды өндіріске енгізу кешенді тиімділікке жеткізеді. «Жасыл» экономиканы өрістету ресурстардың барлық түрлерін, оның ішінде еңбек ресурстарын пайдаланудың игілігін еселеп, табысты арттырады.
Жоғарыда атап көрсеткеніміздей, үстіміздегі жылы АҚШ экономикасының жоғары даму қарқыны бүкіл әлемдік экономиканың дамуына игі ықпал етеді. Білікті сарапшылар 2017 жылы АҚШ экономикасының өсімі 2,5 пайыз деңгейінде болады деп болжайды. Халықаралық валюта қоры өзінің АҚШ экономикасының 2017 жылғы өсімі 2,2 пайыз болады деген бұрынғы болжамын өзгертіп, биылғы өсім 2,3 пайызды құрайды деген ақпарат таратып отыр. Бұл жаңа президент Дональд Трамп әкімшілігі елдегі ІЖӨ-нің өсу қарқынын барынша жеделдетеді деген болжамды растайды.
Сарапшылар Еуропалық одақ елдері экономикасының өсімі 2016 жылғы 1,7 пайыздан 2017 жылы 1,5 пайызға дейін төмендейді деген пікір айтады. Бұл ең алдымен, Ұлыбритания экономикасының дамуы төмендейді деген болжамнан туындап отыр. «Брексит» бойынша келіссөздердің басталуы және оның барысы 2016 жылғы Ұлыбритания экономикасының 1,9 пайыз деңгейіндегі өсімін 2017 жылы 0,9 пайызға дейін төмендетуі мүмкін.
Әлем экономикасының ертеңі көңілге біршама сенім ұялатқанымен адамзаттың алдыңғы қатарлы ақыл-ойын алаңдатқан мәселелер де баршылық. Дүние жүзіндегі барлық мемлекеттер үшін түйіні күрделі проблема – жұмыссыздық. Бірқатар мемлекеттердегі, мәселен, Жапония, Германиядағы жұмыссыздық төмендеп, жаһандық дағдарысқа дейінгі деңгейге жетіп қалғанымен, әлем бойынша бұл келеңсіздік ушығып тұр. Еуроаймақ елдеріндегі жұмыссыздық деңгейі 2016 жылы 10,0 пайыздан төмендеген жоқ.
Жақында Давоста өткен Бүкіләлемдік экономикалық форумда Халықаралық валюта қорының басшысы Кристин Лагард әлем экономикасының алдында тұрған бірнеше қатерлерді атап көрсетті. «Халықаралық сауданы бөлшектеп иелену пиғылының өсуі, әлемдік жетекші экономикаларда экономикалық протекционизмнің белең алуы, салық жүйесіндегі илік-
тіру (бағындыру) саясатының күшеюі биылғы жылы әлем экономикасы үшін елеулі проблемалар туындатады», – деді ХВҚ басшысы жаһандық басқосуда сөйлеген сөзінде.
Жалпы, соңғы кезеңде бірқатар беделді сарапшылар 2016 жыл жаһандану дәуірінің соңы, енді «көрпеге қарай көсілетін» тұйықталу дәуірі бастау алады деген пікір айтады. Оған өңірлік даму үрдістерінің артуын, Ұлыбританияның Еуропалық одақтан бас тартуына әкелген «брекситті», АҚШ-тың 45-ші президенті Дональд Трамптың жеңіске жетуін, еуропалық елдердегі жаһандануға қарсы қозғалыстардың күшеюін мысалға келтіреді. Дегенмен, біздің ойымызша, жаһандану дәуіріне нүкте қоюға ертерек. Жаһандану – бұл әлемдік даму үрдісінің болмай қоймайтын қажетті құбылысы. Ал бүгінгі өңірлік пиғылдардың артуы да жаһандану құбылысының құрамдас бір бөлігі болып табылады. бұл орайда қозғалатын терең әңгіме алдағы уақыттың еншісінде.
Әзірге айтарымыз, 2017 жылы және таяу болашақта Азия әлемдік экономиканың драйвері болып қалмақ. PwC (Pricewaterhous Coopers) экономистерінің айтуынша, Қытай мен Үндістан әлемдік экономиканың өсіміне ықпалды әсер етеді. «Азия бұрынғысынша дүние жүзіндегі ең жылдам дамушы өңір болып қалады, алайда ендігі басты назар Қытайдан Үндістан мен Индонезияға ауысатын болады», дейді PwC экономистері өз баяндамаларында. Ендеше, 2017 жыл әлемдік экономиканың 2008 жылғы жаһандық қаржы дағдарысы мен 2009 жылғы «ұлы рецессия» салдарынан тазарып, шынайы даму үрдісіне шығатын кезеңі болмақ.
Жылқыбай ЖАҒЫПАРҰЛЫ,
«Егемен Қазақстан»