14 Ақпан, 2017

Жүрген жолы жарық

267 рет
көрсетілді
9 мин
оқу үшін
  Сирек кездесетін кітаптар мен қолжазбалар сарайының қасиетті табалдырығынан аттаудың өзіндік шарттары бар. Біздің білуімізше, оған екі ғалымның бірі тәуекел ете алмайды. Оған тәуекел ету үшін ғалымда ғылым алдындағы парызына адалдық, таудай талап, күндей ыстық қуат болуы шарт. Сарайдың төріндегі ақ сандықты екінің бірі аша алмайды. Өйткені, оны ашу үшін жоғарыда аталғандардан басқа кілт, жай емес, алтын кілт болуы керек. Қазіргі қазақ әдебиеттану ғылымының көрнекті өкілдерінің бірі, филология ғылымдарының докторы, профессор Сәрсенбі Дәуітұлында ғылым алдындағы парызына адалдық та, таудай талап та, күндей ыстық қуат та, сирек кездесетін кітаптар мен қолжазбалар сарайының төріндегі ақ сандықты ашатын алтын кілт те болды. Сәрсенбі Дәуітұлы таудай талаппен, күндей ыстық қуатпен осы қазыналы сарайдың биік табалдырығынан аттап, төріне шықты, алдынан ақ сандық ашылды... Сирек кездесетін кітаптар мен қол­жаз­балар қорынан ғалым адамның өз іздегенін табуы оңай емес. Сәрсенбі Дәуітұлына кейде халықтың әдеби-мәдени ескерткіштерінің бірін та­бу үшін, бір елдің емес, бірнеше ел­дің кі­тап­ханасын, бірнеше елдің қол­жа­з­балар қо­рын парақтап қарауға тура келді. Шаң басып, сарғайған қағаздардың қа­лың қабатынан халық әдебиеті мен мә­дениетінің баға жетпес қымбат ес­кер­ткіші жақұтша жарқ ете қалғанда, қуа­нған, мәз болған, көңілі көлдей шал­қыған сәттері болды. Бірақ қуанып, мәз болып қала бермеді, тағы іздеді, және ізденді. Қолжазба жәдігерді іздеп табу бар да, оны оқып, қазіргі жазу үлгісіне тү­сі­ріп, елдің игілігіне ұсыну бар. Екеуі де адамның асылынан, маманның асы­ғынан ғана табылатын құрыштай бе­рік қасиетті талап етеді. Сәрсенбі Дәуітұлының бойында құрыштай берік қ­асиет те тұнып тұрды. Дүниедегі оқудың қиыны – қолжазба жә­дігерді оқу. Әр қолжазбаның жазылу кезеңіне, қолжазба авторы тұсындағы жазу тәртіптеріне, әдеби тіл нормасына, оның өзінің жазу машығына байланыс­ты ерекшеліктерді табу мен танудың асу бермес асқар шыңнан асқандай қиындығы профессордың алдынан бір емес, әлденеше рет шықты. Ғалым сол қиындықтардың бәріне әдеттегідей, сыралғы ескі таныстарымен кездес­кендей қарады, маңдай терін ағызып, көзінің майын тамызып, құрыштай берік төзіммен үн-түнсіз, тапжылмай, қажымай-талмай еңбектенді. Сәрсенбі Дәуітұлының сирек кез­де­се­тін кітаптар мен қолжазбалар қорында өт­кізген жылдары жемісті болды. Ғалым қол жеткізген табыстардың тобында халық ауыз әдебиетін жинаушылардың қолжазбалары да, байырғы жазба жәдігерлер де мол еді. Оларды жанрлық белгілеріне қарай саралайтын болсақ, дастандар, қиссалар, аңыз-әңгімелер, ер­тегілер, мысалдар, жазба әдебиет үлгі­лері, т.б. болып жалғаса береді. Есім хан, Төле би, Абылай хан, Тезек тө­ре және басқа тұлғалар туралы әде­би, ғылыми-көпшілік басылымдар үшін дайындалған қолжазбалар өз ал­дына бір сала. Алаш арыстарының шығармашылық мұраларын жинап, құрастырып, баспаға дайындау жұмыстарының жөні бір басқа. Осы­лардың әрқайсысының шегіндегі үлгі­лер­дің өзі қисапсыз мол байлық. Осы бай­лықтың ішінде ғалымның Мәшһүр Жү­сіп Көпейдің қолжазба мұрасын із­деп табу, жинастыру, оқу, қазіргі қаріп үлгісіне түсіру, құрастыру, алғысөзі мен түсініктерін жазу, бас­па­ға дайындау, зерттеу, насихаттау ба­ғытында жүргізген жұмыстарының ұлан-байтақ кеңістігіне бүгінде таң болып, таңғалып қарауға болады. Мәшһүр Жүсіп Көпейдің қолжазба мұрасы «Мес» деп аталды. Сәрсенбі Дәуітұлы сол қазына-байлықты жылдар бойы парақтап, әліппедей оқып жүріп, Мәшһүр Жүсіптің таңдамалы шығармаларының екі томдық жи­на­ғын жарыққа шығарды. Бұл ха­лықтың рухани қазынасына, мәдени мұ­расына деген дара көзқарастың, сара ұстанымның, іргелі танымның нәтижесі еді. ХХ ғасырдың соңына қарай халық Алаш арыстарының шығармашылық мұраларымен қайта табыса бастады. Бүкілхалықтық мәні бар осы істің ауыр жүгін алдындағы аға буын өкілдерімен бірге арқаласып Сәрсенбі Дәуітұлы жүрді. Ол Алаш ардақтыларының оттан аман, судан сау қалған, шашырап, ша­шылған шығармашылық мұраларын жи­нау, қазіргі жазу үлгісіне көшіру, құ­растыру, баспаға дайындау сияқты жұ­мыстардың салмағын қайыспай көтерісті. Шәкәрім Құдайбердиевтің шығармаларын жинап, құрастырып (М.Жармұхамедовпен бірге), баспаға дайындау, түсініктерін жазу оңайға түскен жоқ. Ахмет Байтұрсынұлының шығар­ма­ла­рын құрастырып, ғылыми түсініктерін жаз­ған, баспаға дайындаған жауапты шы­ғарушы Сәрсенбі Дәуітұлы Әди Шәріпов­пен бірге ерен еңбек етті. Ахаң­­­ның жарты ғасырдан астам уақыт бойы жабылып жатқан еңбектерін жа­рық­қа алып шыққан жинақ әдебиет пен әде­биеттанудың сол тұстағы жасынан қар­тына дейінгі өкілдерінің қолынан түс­пейтін қымбат қазынаға айналды, елдің әдеби-эстетикалық ойының жаң­ғыруына ықпал етті. Ғалымның ғылыми-зерттеу жұмыс­та­рының маңызды бір арнасы – поэзия әле­мі. Қазақтың үлкен ақыны Әбділда Тәжібаевтың поэзиясынан Қожа Ахмет Ясауи мұрасына дейінгі зерттеу мен зер­делеу жұмыстары барысында ғалым қа­зақ әдебиеттануының ғылыми ойлар қорын жаңа, әлеуметтік маңызы үлкен негіздемелермен, тұжырымдармен ба­йытты. Әсіресе Әбділда Тәжібаевтың ақын­дық өнері туралы кітабы «Көңіл са­зы» деген атпен жарық көрді. Зерт­теу­ші ақын шығармасының ішкі маз­мұ­нына, ырғағына, көңіл сазына тереңдеп, лири­кадан эпикалық тыныс­ты, эпикалық қа­рыш­таудан лирикалық һәм драмалық хал­ді сезінді, солардың бо­лмысынан қаһармандық рух пен тра­гедиялық ахуал сарынын аңғарды. Осы аңғарғандары мен сезінген жайларын талдау мен таразы­лау­да ғалым зерттеушіге тән жүйелі сара­лау сора­бынан шықпай, ақын өнері ту­ралы ақынша ойлады, дәлелді ой мен сырлы суретті әдемі ұштастырып, әсер­лі толғады. Зерттеушінің ғылыми ойлау машығындағы осы ерекшелік бір­те-бірте оның дара һәм сара мето­до­логиялық ұстанымына айналды. «Хикмет жинақ» кітабын бас­па­ға әзірлеуші шығармашылық топ өз­де­­рінің алдына автордың бір сөзі­нің де мағынасын өзгертпеу тура­лы талап қойды. Бұл талаптың ауыр сал­ма­ғының бір жағы Сәрсенбі Дәуітұлына түс­ті. Алты жыр жинағын шығарған Сәкең ақындықтың пайдасын осы жер­де көрді. Талап, еңбек, терең ой шығармашылық топтың жұмыс нә­ти­же­ле­рінің ойдағыдай сапалы болуына қол жеткізді. Қожа Ахмет Ясауидің «Хикмет жи­нақ» кітабын саралап, сараптап оқу, оның мәні мен мәнісін пайымдау, аудармасын жасау биігінен қазақ поэ­зиясының даму жолдарына көз сал­ғанда, Сәрсенбі Дәуітұлы қазақ әде­биеттануында бұған дейін арнайы қарастырылмаған, зерттеу нысаны болмаған өзекті және көкейкесті ғылыми мәселелердің тұтас бір желісін көрді, көкірек көзі ашылғандай күй кешті. Ғалым Ахмет Ясауи мұрасы және қазақ поэзиясы туралы іргелі зерттеуіне осылай келді. Қожа Ахмет Ясауи шығар­ма­шы­лы­ғын зерттеу үстінде Сәрсенбі Дәуіт­ұлы­ның былай деп толғанғаны бар: «Қожа Ахмет Ясауидің жаны қандай мөл­дір еді, көкірегі қандай кең еді... Кіл адалдықтан, дарқан пейілден, аппақ нұрдан айрықша жаратылған жан ғой». Қожа Ахмет Ясауи мұрасын зерттеу­ге ғалым осы түсінікпен барып, Қожа Ахмет Ясауи туралы зерттеуін ғалым осындай түсінікпен түйді. Бұл сөздерден оның өз болмысын да көруге болатын секілді. Сәрсенбі Дәуітұлының ғылымдағы жолы жарық. Ол Қазақстанның ғылымы мен білімінің дамуына, қоғамның ақыл-ой қазынасының баюына, елдің ынтымағының жарасуына үлкен үлес қосты. Сәрсенбі Дәуітұлы бүгінде Дінмұ­ха­мед Қонаев атындағы университетте ғы­лыми-шығармашылық және ұстаздық қыз­метін абыроймен жалғастыруда. Осы бір еңбекққор, ақпейіл аза­матқа шын жүректен құрметімді біл­дір­емін. Жанғара ДӘДЕБАЕВ, әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті Абай ғылыми-зерттеу институтының директоры