Биыл қазақ өнерінің көрнекті өкілдері, осы замандағы шертпе күйдің классикалық мектебін қалыптастырған дәулескер күйшілер Аққыз Ахметқызы мен Әбікен Хасеновтің туғанына – 120 жыл, ал олардың даңқты ізбасары Мағауия Хамзиннің дүниеге келгеніне 90 жыл толып отыр. Осы үш тұлғаның үлгілік мектебі арқылы Арқаның күйшілік өнері кейінгіге жалғасып, ұрпақтың қасиет тұтатын асыл мұрасына айналғаны жадымызда жаңғырып тұр. Бір қараған кісіге осы үш күйшінің бағасы мен бәсі тек Тәттімбет күйлерінің қатардағы насихаттаушылары секілді көрінуі мүмкін. Әрине, Тәттімбет асу бермес тау тұлға, оның қазақтың музыкалық мәдениетіндегі жасампаз орны һәм композиторлық дәргейі берісі – Арқаға, әрісі – Алашқа үлгі-өнеге болғаны рас. Дей тұрғанмен, Арқаның байтақ жерінде Тәттімбетке дейін де өзінше сарыны бар аймақтық мектептер, аты шыққан домбырашылар болған. Есімдері иісі қазаққа мәшһүр болған – Байжігіт, Қызыл мойын Қуандық, Бейсембі, Итаяқтар сондай алыптардың қатарынан еді. Жоғарыда аттары аталған күйшілердің қай-қайсысы болса да әуелі өз өңірлеріндегі құйқалы мәнерді бойларына сіңіріп, содан кейін ғана Тәттімбет мектебіне ойысқандары ақиқат. Мысалы, Аққыз күйшінің шертісінен тек Балқаш, Ақтоғай жерлеріне тән әншіл дәстүрді аңғарсақ, оның замандасы Әбікеннің шертісі атақты Итаяқтың «алпыс екі қоңырын» еске түсіреді. Мағауия Хамзин болса Аққыз бен Әбікенді ұстаз тұтып, артынан өзіндік мәнерін тапқан жаңашыл күйші болды. Әрбір өнерпаздың өз топырағына тартып тұрары – табиғаттан, ал жеке дарыны Тәңіріден. Соған орай Аққыз – сыршыл, Әбікен – ойшыл, Мағауия – сөзшең. Үшеуі біріге келгенде, Арқа күйшілік мектебінің барлық қыр-сырын ашып тастайды. Ұлтымыздың аспаптық мәдениетін өз өнерлерімен байытқан осынау үш қоңырдың дәстүрін сақтап қалу, мұрасын түгендеу – кейінгі күйшіл қауымға серт. Бұлардың мерейтойларының зәуімен қатар келуі де бір салтанаттың нышанасы, алдағы болатұғын мерекелік іс-шаралар домбырасын ардақтаған біздің қоғамды қуантуға, мейманасын тасытуға тиіс деп санаймыз. Қазіргі кезде дәстүріміз қайта жаңғырып, ұлттық өнеріміздің шау басқан еңсесі көтеріле бастаған шақ. Алматыда өткен қысқы универсиада аясында тек қана миллеттік мәдениетіміздің ту көтеруі соған дәлел. Оның үстіне биылғы ЭКСПО көрмесінің Астанада өтетіні, соның аясында ұлт өнерінің ұлан-асыр мерекесі үкімет тарапынан жоспарланып отырғаны да көңіл демейді. Ендеше, осынау іс-шаралардың аясында шертпе күй алыптары Аққыз, Әбікен, Мағауиялардың мерейтойларын да атап өтуге мүмкіндік жоқ емес. Күйшілеріміздің жеке жинақтары, күйтабақтары шығарылып, олардың аттарына бағдарланған ғылыми-тәжірибелік, әдістемелік конференциялар өтетұғын болса құба-құп. Қарағанды, Ақсу-Аюлы, Ақтоғай шәәрлерінде Алашқа сауын айтылып, күй фестивальдері мен байқаулары межеленіп жатса, ел үшін айта қаларлықтай игі іс болмақ. Ұсынылып отырған емеурін-тілектеріміздің миллеттік мәдениетіміз үшін маңызы қаншалықты, аталмыш шаралардың шығыны нешік, ықтимал пайдасы қандай дегендейін сметалық сұрақтардың туындауы да мүмкін. Сондықтан, осы тұспалдас қаржылық мәселелерді алдын ала шешіп алған жөн секілді. Себебі жыл сайын қазақ руханияты жарық жұлдыздарының мерейтойларын атап өтуге келгенде нарқынан қысылатын пұшайман жағдайлар болып тұрады. Оның себебін тарқатып жату артық және белгілі бір шараның жүгін жергілікті басқару мекемелерінің мойнына күллі қоғам болып арта салудың жөні жоқ. Осының бір шешімі – меценаттық институттарға сүйену. «Өркениетті елдерде...» деген сөз қазір біздің зиялылардың сүйген сөзіне айналып кетті ғой, сол айтқандай, дамыған елдердегі мәдениеттің бірден-бір қамқоры – тек меценаттық қозғалыс қана. Алаш руханиятының меценаттары ақ патша заманынан бар, қазақ жеріндегі алғашқы білім мен мәдениет ошақтары, газеттер, концерттік шаралар, айтыс, театр қойылымдары солардың демеуінің арқасында өсіп-өркендегені тарихтан белгілі. Аллаға тәубе, еліміз еңселі, ұлтын шексіз сүйетін «Атымтай-Жомарт» қазақ ұланының қатары көбейіп келеді. Сол қауымды бір мақсатқа жұмылдыратын, қозғалысын ретке келтіретін үкіметтік, яки қоғамдық жоба жасалынса тау қопара алар едік. Меценаттардың ынталы болуы патриоттық ниетке байланысты дегенмен, олардың осы істен ұтары болғаны жөн, осы орайда өнер меценаттарының жекелей жасаған әрбір демеушілігі ескерусіз қалмауға тиіс. Күйшілеріміздің мерейтойларын маңызды етіп өткізудің нақты жобасы ретіндегі ұсынысымыздың ұзын-ырғасы осы.
Жанғали ЖҮЗБАЙ, күйші, өнертанушы