14 Ақпан, 2017

Зорлық-зомбылық адам құқын аяққа басатындар тарапынан жасалады

443 рет
көрсетілді
7 мин
оқу үшін
Кеше Парламент Мәжілісінде палата Төрағасының орынбасары Владимир Божконың жетекшілік етуімен «Тұрмыстық зорлық-зомбылыққа қарсы іс-қимылдың өзекті проблемалары» деген тақырыпта Үкімет сағаты болды. Онда Ішкі істер министрі Қалмұханбет Қасымовтың баяндамасы тыңдалып, талқыға салынды. Отырысты ашқан вице-спикер еліміздің мемле­кет­тік отбасылық саясаты тұр­мыстық сипаттағы зорлық-зом­бы­лықты тоқтату және оның алдын алу тетіктерін жетіл­діруге бағытталғанын, Прези­дент Н.Назарбаевтың Жолдау­ларында осы мәселенің атап ай­тылғанын, бұл тарапта 2009 жылдың желтоқсан айында «Тұрмыстық зорлық-зомбы­лықтың профилактикасы туралы» Заң қабылданғанын жет­кізді. Ал 2016 жылдың 6 желтоқ­санында Президенттің Жарлы­ғымен «Қазақстан Республи­касындағы отбасылық және гендерлік саясаттың 2030 жылға дейінгі тұжырымдамасы» да бекітілгені аталды. «Бүгінгі таңда осы заңды жетілдіру мақсатында 7 рет түзету енгізілді. Атап айтқанда, тұрмыстық зорлық-зомбылыққа қарсы мәселелер бойынша Мәжіліс депутаттары екі рет баста­машылық жасаған заң жоба­лары қаралды», – деді В.Божко. Сонымен қатар, тұрмыстық зор­лық-зомбылыққа ұшыраған­дарға арналған арнау­лы әлеу­меттік жәрдемдердің стандарты әзірленгені, оны төлеу үшін об­лыстық бюджеттерге 3 жылға 500 млн теңге, сондай-ақ, үкіметтік емес ұйымдарға да осынша қаражат бөлінгені айтылды. Ішкі істер министрі Қалмұ­­хан­бет Қасымовтың баян­дамасын­да «Тұрмыстық зорлық-зом­былықтың алдын алу туралы», «Құқық бұзушылықтың алдын алу туралы» атты арнайы заңдар қабылданғаннан кейін зорлық-зомбылықты құрықтау ісі бо­йынша жағдай біршама түзеліп, оң сипат алғандығы көлденең тартылды. Соның ішінде отбасының шырқын бұзушыларды уақытша көшіру (оның басқа тұрғын-жайы болған жағдайда), 1 жылға дейін үйде алкоголь мен есірткі зат­тарын тұтынуға және тағы бас­қа жағдайларға тыйым салу мүм­кіндіктері енгізілгені сөз болды. «Қабылданған заңды шаралар еліміздегі тұрмыстық қылмыс деңгейін жыл сайын орташа есеппен 10 пайызға төмендетуге септігін тигізді. Отбасылық, тұр­мыстық деңгейдегі қылмысқа қарсы күрес мәселесі балаларды тұрмыстық зорлық-зомбы­лықтан қорғау, қылмыстан сақ­тандыру мәселелерімен тығыз байланысты», дей келіп, министр бүгінгі таңда поли­ция­ның профилактикалық есебі­не 16 мыңнан астам баласы бар 12 мың қолайсыз отба­сы тір­кел­­генін, ал өткен жылы бала тәр­биесіне қатысты міндет­терін орын­дамағаны үшін ша­мамен 5,5 мың ата-ана әкім­шілік жауап­кер­шілікке тартыл­ғанын жеткізді. Сөзінің қоры­тын­ды­сында Қ.Қасымов мұн­дай қыл­мыстардың алдын алу көп жағ­дайда жергілікті маңы­зы бар әлеуметтік мәселе­лердің шешілуіне байланыс­ты екенін, сондықтан ІІМ болашақта бұл мәселелерді шешуге аймақтағы әкімдер басшылық жасайтын, сондай-ақ, қоғамдық құрылымдар, үкі­меттік ұйымдар және тұрғын­дардың өзі басқаратын құқық бұзушылықтың алдын алу бойын­ша өңірлік комиссияның мүм­кін­діктерін белсендірек пайда­лануға ниетті екенін айтты. Үкімет сағатында қарал­ған мәселе бойынша қосымша баян­даманы Заңнама және сот-құ­қықтық реформа коми­тетінің төрағасы Нұрлан Әб­діров жасады. Ол комитет­тің профилактикалық субъек­тілердің құқық қолдану тәжі­рибесіне талдау жүргізіп, дағ­дарыс орталықтарының, қорлар­дың алаңдарында, құқық қорғау органдары мен қоғамдық ұйым­дарда сараптамалық кездесулер ұйымдастырып, оның қорытындысы бойынша қол­да­ныстағы заңнаманы одан әрі жетілдіру талап етілетініне көз жеткізгенін мәлімдеді. «Профилактика субъек­тіле­рінің тәжірибесі де түбегейлі жақ­­сартуды талап етеді. Бас про­­куратура бірнеше ай бойы «Отбасында зорлық-зомбы­лықсыз Қазақстан» атты ау­қым­ды жобаны жүргізіп отыр­ғанын атап өту керек. Отбасы институты мемлекет пен қоғамның іргесін қалайтын негіздердің бірі деген ұғымға сүйенсек, бұл ұлт­тық қауіпсіздіктің де негізі болып табылады. Сондықтан отба­сы институтының жай-күйі стра­тегиялық перспективада мем­лекет тарапынан да, бүкіл аза­маттық қоғам тарапынан да үнемі назарда болуға тиіс», деді депутат. Одан әрі шешен Қазақстан халқы Ассамблеясы Аналар кеңе­сінің деректері бойынша 2015 жы­лы елімізде некесіз туған 72 мың бала, 400 мыңнан астам жал­­­ғыз­ілікті ана, 60 мыңнан ас­там жал­ғызілікті әке бар екенін жет­кізді. «Жетім балалар санатында 31мың бала бар. 2016 жылдың 1 қаңтарындағы жағдай бо­йынша балалар үйлерінде 6 436 бала тәрбиеленеді. Осы саладағы үдерістердің қалыптасу шарттарын, себептерін, өзара байла­ны­сын егжей-тегжейлі зерделеу қажет. Бір сөзбен айтқанда, кешен­ді талдау және жүйелі түрде жұмыс жүргізбесе болмайды. Алайда, бүгінде, бұл мін­дет­ті Парламент те, сонымен қатар, мем­лекеттік органдар да бір­қатар себептер бойынша тиісін­ше ат­қармай отыр», – дей келіп, ол осы себептерді де санамалап берді. Баяндаманы талқылауға қатысқан депутаттар арасында Зағипа Балиева бейімдеу орталықтарында тұрмыстық дағдарысқа ұшыраған отбасы мүшелерімен психологтардың жұмыс істеуін ұйымдастыру қажеттігін атады. Сонымен қатар, ол тұрмыстық зорлық-зомбылықтан отбасыларды қорғау жұмыстарымен бүгінгі таңда 24 ҮЕҰ айналысатынын жеткізе келіп, олардың жұмыс тиімділігі үкіметтік органдардан анағұрлым артық екендігін айтты. Сондықтан тұрмыстағы зорлық-зомбылықтарға қарсы күресте барлық күштерді, кейбір шет елдердегі сияқты, бір орталыққа тоғыстырып, тиімділігін арттыру керектігін көлденең тарта келіп, оларды барлық аудан, облыс ор­та­лықтарында да ашу қажет­тігін жеткізді. Сөзінің қоры­тын­дысында ол осы іспен айналысатын арнайы мемлекеттік орган құрудың қажеттілігін атап өтті. Депутат Бақытгүл Хамено­ваның сөзінен бұл істің мән-жайын жақсы білетіні байқалды. «Бүгінгі күні әйелдер мен балаларға қарсы жауыздық әрекеттер өте көбейіп кеткен. Былтыр ғана осындай 140 мыңға жуық оқиға тіркелген. Оның ішінде жәбір көруші әйелдердің 80-ге жуығы өзіне өзі қол жұмсаған. Отбасындағы зорлық-зомбылықтың 80 пайызға жуығы әйелге қарсы жасалады. Үйдің шамшырағы болатын әйел адамға қарсы жасалатын жауыздықты көрген баланың өсе келе, әкенің озбырлығын қайталамасына кім кепіл? Бұл жәбірленушінің құқығын ғана таптамай, ертеңгі ұрпақтың талабы мен тілегіне де балта шабады емес пе», деді ол. Өзінің ұсынымдары арасында депутат аудандар мен облыс орталықтарындағы тұрмыстық жәбірленушілерді қорғау бөлімшелері белгілі тұрағы жоқ адамдарға арналған әлеуметтік бейімдеу орталықтарының жанынан ашылғанын айта келіп, енді осы бөлімшелерді дербес орталық ретінде құрып, өз жарғысымен жұмыс істейтіндей ету керек екенін атап көрсетті. Үкімет сағатына ІІМ, Бас прокуратура, Президент жанындағы Әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі ұлттық комиссияның жауапты қызметкерлері, Оңтүстік Қа­зақ­стан, Солтүстік Қазақстан, Маң­­ғыстау, Қарағанды және Шы­ғыс Қазақстан облыстары­ның жергілікті полиция қызмет­­кер­лері, сонымен қатар, Үкі­меттік емес ұйымдар өкілдері қатысты. Отырыс қорытындысы бо­йынша, депутаттар тұрмыстағы зорлық-зомбылыққа қарсы іс-әрекеттерді жандандыруға бағытталған тиісті ұсынымдар қабылдады. Жақсыбай САМРАТ, «Егемен Қазақстан»