Алматы облысында Премьер-Министрдің орынбасары – Индустрия және жаңа технологиялар министрі Әсет Исекешев пен «ҚТЖ» ҰК» АҚ президенті Асқар Маминнің қатысуымен «Қорғас» халықаралық шекаралық кеден бекеті орталығын дамыту мен Жетіген-Қорғас темір жол желісінің құрылыс барысы туралы көшпелі штаб отырысы өтті.
Штаб отырысына Төтенше жағдайлар министрлігі, Кеден комитеті, Шекара қызметі, Индустрия және жаңа технологиялар министрлігі, Көлік және коммуникация министрлігі, «ҚТЖ» ҰК» АҚ және Алматы облыстық әкімдігінің өкілдері қатысты.
«Қорғас» шекаралық кеден бекеті – Қазақстан мен ҚХР арасындағы уағдаластыққа сай жасалған ірі жоба. Бұл екі ел арасындағы транзиттік әлеуетті дамытуға арналған Батыс Еуропа – Батыс Қытай көлік дәлізі жобасын жүзеге асырудың бір парасы іспетті. «Қорғас» ХКБО еліміздегі көліктік-логистикалық дамыту жүйесінің маңызды бір бөлігі болып саналады. Мемлекет басшысының 2016 жылға дейін Қазақстанды Орталық Азия аймағының сауда, логистикалық және іскерлік халықаралық байланыстың көп салалы орталығын жасау жөніндегі тапсырмасына орай Үкімет шешімімен «Қазақстан темір жолы» ұлттық компаниясының басқаруына сеніп тапсырылса, Қазақстан мен Қытай арасындағы сауда-экономикалық әріптестіктің маңызды бөлігі «Самұрық-Қазына» әл-ауқат қоры жүйесіне кіреді. Осыған орай компания сенімді басқаруға ғана ие болып қоймай, орталықтың кешенді түрде дамуына ықпал етеді. Қазақстан темір жолы өз тарапынан мемлекеттік ықпалдасқан көліктік-логистикалық оператор ретінде Жетіген-Қорғас темір жол желісінің құрылысында екінші шекаралық бекетті және Алтынкөл стансасының жобасын жүзеге асырады. Болашақта Үкімет «Қорғас-Шығыс қақпасы» арнайы экономикалық аймағы жобасында сауда, көліктік-логистикалық, индустриялық және іскерлік алаңын жүзеге асырмақ. «Батыс Еуропа-Батыс Қытай» көлік жолы, «Жетіген-Қорғас» темір жолы секілді жобалар Қытаймен екі арада экономикалық, мәдени, туристік қарым-қатынас көкжиегін кеңейте түспек. Оған қоса жеке инвестициялар тартуға, экспортты дамытуға, тұрғындардың әлеуметтік-тұрмыстық жағдайларын көтеруге, жаңа жұмыс орындарының ашылуына ықпал етеді.
Қанат ЕСКЕНДІР.