Қасым Аманжолов – 100
_____________________
Қарқаралы ақын мерейтойын алысқа жаңғыртты.
Осындайда еске қалайша түспесін. Өткен ғасырдың жетпісінші жылдарының басында оқуда жүргенде қысқы демалыста ауылда аздап аунап-қунап қайтуға жол түскені бар. Ол кезде бірге оқитын, ауылы алыстау курстастарды жатақханада жалғыз қалдырмай, ерте кету достық пейілдің белгісіндей еді. Нұраның бойындағы Көкөзек аталатын ауылымыз аудан орталығынан 10-12 шақырымдай болса да онда жету оңай емес-ті. Содан да жаяу тарттық. Жолай Қызылшіліктегі қадірменді жандар Балтай атай мен Болкен әжейге сәлемдесуге де кірдік.
Таңертеңгілік шайға енді отырған екеуі қуанып қалды. «Ал жолдасыңды таныстыр. Қай жақтың баласы?», – деген атаға серігім Серікбай Шоңғалов «торғайлықпын» деді. «Ә, киелі топырақтың өскінімін де. Төрге жоғарыла, қысылма», деп Балтай ақсақал қалбалаңдап үстел үстіндегі жылы-жұмсақты серігімнің алдына қарай ысыра бастады.
Серігімсің, Сырбайымсың, ақыным,
Жақсылықпен күшті достық ақырын.
Жалқы жанмын жалғандағы мен жүрген,
Болшы досым,болшы құрбым, жақыным – деп Қасым ақын жыр арнаған Сырбай досы елінен болдың ғой, – деп сөз орайын өлеңмен өрнектей жөнелген қарт зердесіне қалайша таңданбассың. Ол енді бір уақ ақынның біраз өлеңдерін жатқа айта келе: «Бұрын Абайды ғана оқушы едім, беріде Қасымға да көңіл құлады. Қабыкен бауырым қадірлесе қадірлегендей ірі ақын екен», деп әңгімені әріден сабақтаған. Оның бұл сөзінен ақын жырларымен Қабыкен Мұқышев арқылы танысқандығы білінді. Осы ауылдың тумасы, өзі де танымал талант Қабыкен ағайындары ортасында қауышқан бір сәтте Қ.Аманжоловтың кітабын Балтекеңе тарту етіпті. Содан бері бұл кітап көкірек көзі ашық, ой сәулесі жарық жанның қолынан түспейді екен.
Ауылдың сол қарапайым қартының өлең құдіретіне қалтқысыз бас иген сәті Қасым мерейтойына жан-жақтан асығып жеткен жырсүйер қауым бас қосқанда ойға оралған-ды. Иә, бұл күндері жыр құдіреті одан сайын жарқырап, көпшілік көңілін мейірлендіріп жіберген еді. Ізін тереңдеткен, орны бөлектігін ардақтаған Мұқағалидай тұлғалас інісі: «Бәрінен де Қасымның десі басым», деп ағынан жарылғанындай уақыт асқан сайын асыл мұрасының қадірі артып, алтын поэзия шуағы баршаға төгілген шақ болды.
Солай болуына шығармашылық шыңына арналған жыл бойындағы мәдени-іс шаралар әсері тигені анық. Олай дейтініміз, ел үшін биылғы жыл – Қасым жылы ретінде есте қалмақтығы хақ. Ақын 100 жылдығында оқырмандар жаңадан жарық көрген кітаптарымен қауышты. Сондай-ақ, Бақытжан Қанапияновтың білікті тәржімелеуімен жарық көрген орыс тіліндегі бір томдық жинағы мерейтойға тамаша тарту қатарына қосылды. ТҮРКСОЙ халықаралық ұйымы түрік жырсүйермендеріне отты өлеңдерін оқып-тұщынып, түркі әдебиеті әлеміндегі орнын танып, бағалай білуіне мүмкіндік жасады. Өнер ошақтарында қойылған сахналық туындылары, білім беру орындарында өткен әдеби кештер, ғалымдармен кездесулер, Қасым оқулары әлі де шектеліп жатқан жоқ. Осының бәрі жаңа заман жас желектері жүрегіне нұр құйып, азаматтық ойшылдыққа от жағары, тамыр тереңдетері сөзсіз.
Үш күнге жалғасқан ақын мерейтойы бейсенбіде бастау алды. «Шалқыма» концерт залының тамаша ғимараты сегіз қырлы қасиетімен де танылған талант иесінің өлеңдеріне жазылған әсем әуен құшағына бөленді. Іріктеу кезеңінен өтіп, ақтық сынға іліккендер де, Қайрат Байбосынов, Қапаш Құлышева сынды қазылар алқасы да көпшілік талғамынан шықты. Ал сонымен бірге «Сарыжайлау» кинотеатрында Ш.Айманов атындағы «Қазақфильм» киностудиясы жасаған Қасым Аманжолов туралы деректі фильмнің көрсетілімі назарға ұсынылды.
Бұдан кейін іле кеншілердің Мәдениет сарайында республикалық ақындар айтысы жұрт делебесін қоздырып әкетті. Айнұр Тұрсынбаева, Ақмарал Леубаева, Айтбай Жұмаділов сияқты жыр жүйріктерімен жарысқан жас жұлдыздар сайысы осы өнерді өрлетуші Мырзатай Жолдасбековтің өзі жоғары бағалағандай, есте қаларлықтай өтті. Бұл жолы да Айнұрдың мысы басым түсіп, бас жүлдеге дес бермеді. Мерейтойлық мәдени шаралар кешкісін Сәкен Сейфуллин атындағы облыстық қазақ драма театрында «Досымның үйленуі» қойылымы көрсетілуімен жалғасты. Осылайша өнер мен жыр дүрсілі бірден күркіреп, алып қаланы күмбірлете тербеді.
Ертеңінде шаһарда Қасым рухы одан сайын асқақтады. Облыс әкімі С.Ахметов алыс-жақыннан бас қосқан әдебиет және өнер қайраткерлерімен кездесті. Қабылдауға қатысушылар емен-жарқын әңгімеге тартылды.
– Қазақ әдебиетінің көрнекті тұлғасы Қ.Аманжоловтың 100 жылдық мерейтойы ел тәуелсіздігінің 20 жылдығымен тұспа-тұс келуі аймақ жұрты үшін зор мәртебе, елге ортақ елеулі оқиға. Соған ортақтасуға келген сіздерге қарағандылықтар атынан үлкен алғысымызды білдіреміз, – деген Серік Нығметұлы сөз кезегін меймандарға ұсынды. Академик Серік Қирабаев, жазушылар Софы Сматаев, Сәбит Досанов ақын мерейтойының рухани сілкініс ретінде мән-маңызы ерекшелігін, ал түркі халықтары Жазушылар одағы басқармасының төрағасы Якуб Делимероғлы Қасым Аманжоловтың поэзиясы түркі тілдес әдебиеттің мақтанышына айналғандығын атады. Тұманбай Молдағалиев сиясы кеппеген өлеңін оқыды.
Кездесу үстінде ақынның қыздары Жанна мен Дариғаға қала ортасындағы жаңа үйден пәтер кілтінің тапсырылуы жыр сәйгүлігінің ұрпағына деген құрмет тұрғысында қосталып, ризалықпен қабылданды.
Танымал меймандар бұдан соң қаланың көрікті бір төрінде бой көтерген ақын ескерткішінің ашылу салтанатына қатысты. Қазақстан Жазушылар одағы басқармасының төрағасы Нұрлан Оразалин мен облыс басшысы Серік Ахметов жан-жағы жасыл желекке малынған, әсем гүлдердің иісі аңқыған ортадағы биіктігі 8 метр мүсіннен ақ шәйі жамылғыны сыпырғанда Сәкен ағасы көшесі жаққа ойлана көз тіккен Қасым Аманжолов бейнесі жарқ етті. Рухтас ізбасары Серік Тұрғынбеков сүйсінгендей, қазақ жыры дауылпазының ақындық болмысы, өр тұлғасы көз алдыға келерліктей сомдалыпты. Солай болу үшін жарияланған байқауда белгілі сәулетші Жеңіс Молдабаев ұсынған жоба озық шығып, таңдау соған түскенін айта кеткен жөн. Ескерткіштің орталық саябаққа кіреберіс тұста орнатылуы да жақсы ойластырылуымен көңілге ұнамды. Ақын мерейтойына арналған ең көрнекті тарту осы екенін атап өтпеске болмайды десек, Парламент депутаттары Қуаныш Сұлтанов пен Уәлихан Қалижан өз сөздерінде биігі бөлек тұлғаның суреткерлік қырларына қысқаша тоқталды. Астана қаласындағы бір көшеге Қасым Аманжолов есімі берілгені туралы хабарды жиналушылар қол шапалақтап қарсы алды. Бүгінде тоқсанға таяған майдандас досы Ізгілік Нұрмағамбетұлы ақсақалдың отты жылдар жайлы әңгімесі жауынгер Қасымның ерлік жолдарын еске түсірсе, аймаңдай ақын қарындасы Фариза Оңғарсынова өлеңін көпшілік аса зейін қоя тыңдады. Бұдан былай қарай бұл жерде Қасым оқуларын өткізіп тұру туралы ой да қолдау тапты.
Ескерткіш ашылу сәтінде мынадай ұсыныс-пікірлер құлаққа шалынды. Сәкен көшесі. Қасым мүсіні. Қазақ әдебиеті екі алыбының аты мен бейнесі түйісіп тұруы сүйінішті болса, осы жарастықты қапталдас көше атауы бұзатындай болуы өкінтерлік делінген ойлар орынды көрінді. Кей тарихшылар ғана білмесе, басқаға мүлдем беймәлім Кривогуз атты адам өмірінің Қарағандыға ешқандай қатысы болмаса да әлгі көше соған қалайша тағылғаны шынында түсініксіз. Анықтамалықтарды ақтарып, ақырында Ақмолада орнаған кеңес өкіметін қолдаған матростардың бірі болғандығына қанықтық. Алайда, өзге сіңірген қызметін біле алмадық.
Заман жаңарды. Кеңестік жүйе келмеске кетті. Енді соның бір белсендісін есте сақтай беру қисыны қалай?! Қайта бұл көше бүкіл қазақ мақтанышына айналған Қасым ақын есімімен аталса көңілге қандайлық көрікті, құлаққа қандайлық ыстық деп білдірілген тілектер алдағы уақытта ескерілсе құп.
Мерейтойлық шаралардың есте қаларлық тағы бір жағымды жағы қасымтану бағытында үлгілі үрдіске із тасталды. Серік Қирабаев, Сейіт Қасқабасов, Тұрсынбек Кәкішев, Марфуға Айтхожина сынды әдебиетші ғалымдар мен зерттеушілер сөз өрбітіп, шоқ тастауымен «Қасым Аманжолов және жаңа дәуір поэзиясы» атты тақырыпта өткен ғылыми-тәжірибелік конференцияда суреткер шеберлігі сан қырынан талданып, дарын қуаты жан-жақты таныстырылды.
Қасым әлемі – тылсым, терең, әдемі әлем, ұлттың құнары –осындайлық құбылыста делініп, мұрасының құндылығын жастардың дұрыс түсінуіне арналған шараларды ширату қажеттігіне сөйлеушілер баса тоқталды. Қасымды қастерлеу Абайды ардақтаумен, Мұқағалиды мұрат тұтумен астасатындығына мән аудартылды. Алаш арыстарынан соң орны ойсырап қалған төл әдебиетті, алашшылар идеясын «өртке тиген дауылдай» өлеңдерімен қайтадан өрлетудегі үлесін салмақтай білуде тың ізденістер күтіп тұрғандығы тілге тиек етілді. Конференцияны жүргізген «Болашақ» университетінің ректоры, өнер мен мәдениет жанашыры Нұрлан Дулатбеков «Абай» энциклопедиясының үлгісімен өлкенің тұғырлы тұлғаларының әрқайсысына арналып, жеке еңбектер шығарыла бастағанын айтып, ақын Қасым туралы да энциклопедия дайындалатындығын хабарлады.
Зиялы қауым жиынына қатысушы танысымыз Қанапия Әбілов: «Атын білсем де ақындық даралығын білмей келіппін. Танымым кеңейіп қалды», дегендей, Е.Бөкетов атындағы Қарағанды мемлекеттік университетінің ең сыйымды дәрісханасына жиналғандар осындайлық рухани нәр-қуатқа бөленді десек, жаңылыспасымыз анық.
Әлбетте, ақын тойы әрдайым ақындар шабытын шалқытар шақ десек, « Сен неткен бақытты едің, келер ұрпақ...» атты жыр мүшәйрасы олардың тебіренісін теңіздей тербелткен. Яғни, Қасым ұстаздарын өлеңдеріне арқау еткен өңкей дүлдүлдің үлкен бір шоғыры көп жүрегін жаулай ала жөнелген. Өлеңдер оқылған сайын Қасым жаққан оттың жалыны жарқылдай түскен. Сонымен, жыр додасы төрінен «Аманжол құдығы» атты балладасымен Ұлықбек Есдәулет көрінсе, Серік Тұрғынбеков, Темірхан Медетбек үзеңгілес озды. Газетіміздің Алматыдағы бөлімшесінің жетекшісі Қорғанбек Аманжол да осындай айтулы ақындар қатарынан табылды.
Қазақ тойының көрікті дүбірі мүшәйра, ақындар айтысы, балуандар белдесуі, ат бәйгесі емес пе. Соны қыздырған жеңімпаздарға бір-бір жеңіл көлік сыйға тартылды.
Үш күнге жалғасқан мерейтойлық бағдарлама 20-дан астам шараны қамтыды. Сондықтан бәрін тізбелеп шығу мүмкін болмағандықтан бастыларын атадық. Ал ең түйіні кіндік қаны тамған Кент тауының баурайында жасалды.
Алдымен меймандар Қарқаралыдағы Құнанбай қажы салдырған мешітке мінәжат етті. Абай тоқтаған үйді көрді.
Кент – келбетіне көз тоймас өңірдің әсем бір тұсы. Табиғаты қандайлық сұлу болса, тарихы да сұлу. Еркін қиялға, әдемі арманға ендіріп, сырлы ойға қанат қақтыратындай жер. Тау-тас, орман-тоғайлар қойнауы ежелгі ескерткіштер ізіне толы. Былтыр ғана ертедегі сақ көсемдерінің қорымынан табылған алтын әшекейлі жәдігерлер бұл күнде облыстық мұражайдың мақтанышы. Кейінгі кезде ақын өмірбаянының беймәлім жағы турасында соны деректер де табылуда. Оны байыпты зерделеу зерттеушілер парызы.
200-ге тарта киіз үй тігілген ақ отаулар қалашығы төріндегі сахнадан Қ.Аманжолов әндері шырқалып, театрландырылған көріністер жиналғандар назарын аударды. Ондағы жиналған көпшілік алдында Мәдениет министрі Мұхтар Құл-Мұхаммед Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың ақын мерейтойымен құттықтау хатын оқып берді. Қазақстан Жазушылар одағы басқармасы төрағасының бірінші орынбасары Ғалым Жайлыбай баяндамасы ынтамен тыңдалды.
Еліміздің барлық өңірлерінен келген делегация өкілдерінің ішінен жетісулықтар да шоғырлы топ болып көрінді. Мұның алдында Алаштың ақиық ақыны Мұқағали Мақатаевтың 80 жылдығын Алатау бөктеріндегі Шалкөде жайлауында дүркіретіп өткізген олар той-думан үдерісіне сүйсіне қарады. «Мұқағали» журналының бас редакторы, танымал ақын Батық Мәжитұлының осындай тойлардың мәні де, сәні де өсуін қуаныш қылуы осы мерекенің бір әсері деп білеміз. Шалқыған ән, қалықтаған күй аясында, байырғы ұлттық ойын-сауықтарға кенелген халайық рухани серпілісі ештеңеге жетпесе керек.
Күллі қазақтың сүйікті ақынына айналған жанның ұлы тойы ел есінен ұмытылмастай өтті. Қасым жыры жаңа ұрпақ көкірегі төріне тереңдей түсті. Ақын атын аспандатып, даңқын көкке көтерген жерлестері оның өлмес рухын қазақ жұртына ортақ етті.
Айқын НЕСІПБАЙ.
Қарағанды.
____________________
Ұлықбек ЕСДӘУЛЕТ,
Бас жүлде иесі.
АМАНЖОЛ ҚҰДЫҒЫ
Төлежіп Қасым туған кең өлкесі,
Арқаға қайта оралды өлең көші.
Арқалы жырларынан от шашырап,
Ақынның жарқырайды көлеңкесі.
Қарқаралы басында – қара құдық,
Ақындар атын бұрар аракідік.
Табиғат ентелейді жан-жағынан,
Алғандай сол құдықты бала қылып.
Қартамыс Қаракемер қойнауында,
Көшелі Көшен таудың баурайында.
Аманжол Рахымжанның жұрты жатыр,
Торқасы тамыр сыйлап тал-қайыңға.
Сол жерде шыр етіпті Қасым арман,
/Өлеңде бір дәуірдің басы болған/
Орданың ойсыраған орны мынау,
Қорымын қой қораға тасып алған.
Тастарын қоржын тамның қына басқан,
Жуады жаңбырымен жылап аспан.
Қасымның көзін сүрткен сол бұлттар-ау,
Қас-қағым бірін бірі қуаласқан.
Тетелес ғасырлармен жас шамасы,
Шөп басқан, жермен-жексен баспанасы.
Жұртына ақын қайта оралмапты,
Жасында тигеннен соң тасқа басы...
Жас Қасым қозы қуып, жалбыз жұлып,
Жүгірген табанына кәрғыз кіріп.
Бұла шақ, бір ошақтың белгісіндей,
Бұзылмай аман қапты жалғыз құдық.
Айнала адыр-адыр нар жоталар,
Айналған алтын қазық арғы аталар.
Бұл құдық әулиенің қайнары екен,
Шолпылдап шомылмаған көлбақалар.
Кәусары өлең болып өрілгендей,
Көзіме көркем елес көрінгендей.
Бұл құдық тұнығына жұлдыз түнеп,
Шелектен ай тамшылап төгілгендей.
Сол суды сарқымас па, шалқымас па,
Десек те , балалықтың нарқы басқа.
Құдыққа қайран Қасым шерін төккен,
Әкеден айрылып алты жаста.
Осы бір қара құдық шегенделген,
Адамзат шөлін басар өлең берген.
Көз жасы сол құдыққа тырс-тырс тамып,
Періште кірпігінде көгенделген.
Басынан бақытын да ала қашқан,
Жасынан небір нәубет қара басқан.
Сонда да сарқылмаған осы құдық,
Ақынның көз жасымен араласқан.
Тағдырдың жолы тарау, қаны қарау,
Жетімнің жүрегі өрт, жаны жамау.
Шоқ шайнап, от түкірген ақындығы
Қасымға осы сумен дарыған-ау.
Тәу етіп сол құдықтың суын іштік,
Шелектеп басымызға құйыныстық.
Арқалы Ақсұңқардың ақын ұлы,
Арқырап жыр оқыса сүйсіністік.
Мына әлем –сол әлем бе Қасымды ұққан,
Әлде ұқпай ұлы ақынның басын жұтқан?
Жоғалтып алмап па екен қасиетін,
Айрылып қалмап па екен асылдықтан?
Мына ауа сол ауа ма Қасым жұтқан,
Уланбай қалып па екен не сұмдықтан?
Ақынның көз жасына қалған әлем
Жүр ме әлі зардап шегіп басырлықтан,
Ұлысын ұрып жығар тасырлықтан?
Десек те дәуір басқа, ғасыр бөлек,
Жамылып жаз жетсе де жасыл желек.
« Арпалыс алақұйын заманалар»
Айқайлар:
– Қасым керек!, Қасым керек!
Өрт мінез өлеңінен шоқ тамардай,
Бүгінгінің бар кеселі жоқ болардай.
Соғыстан қайтқанындай сылтып басып,
Қасым да құдығына кеп қалардай.
Қасымсыз баспаналар қаңырап құр,
Көңілдер көншу іздеп аңырап тұр.
Талантты таланынан тарықтырар,
Бұл өзі неткен заман тәңір атқыр!
Мүсін боп тұрса тұрар астанаңда,
Енді оған керек болмас баспанаң да!
Қыранға қажет емес хан шатырың,
Ғұмыры ғасырды аттап басқан алға!
Жатқандай бірін-бірі жаңа біліп,
Тұңғиық ғарыш пенен қара құдық...
Қасым ақын тылсымын ұғам десең,
Жолаушым, мойыныңды қара бұрып!
Қаға бер қанатыңды , Қарқаралы,
Ғаламды қасиетің тартар әлі.
Қасымның құдығынан дәм татсам деп,
Шарқ ұрар дүниенің шартарабы.
Бұлықсып талай ұлың ержетуде,
Бұл құдық тереңімен тербетуде.
Бала Қасым бейнесін сақтап қалған,
Жалғыз фотоаппарат сол жер бетінде.
Ұлылық шүпілдеген қара өлеңнен,
Ұрттасаң ұлан шөлін қана берген.
Құдыққа , Қасым аға , үңілемін,
Суынан мөлт етердей бала бейнең!..