Заман талабына қарай оқушыларға мектептен бастап, білім берудің жаңа жүйесін меңгерту қажеттігі туындап отыр. Әсіресе, жаңа техниканы, технологияны пайдаланып, қашықтықтан оқытуды жүзеге асыру соңғы жылдары елімізде кең қанат жая бастады. Соның бір дәлеліндей, өткен дүйсенбі күні елордадағы №53 мектеп-лицейдің базасында «e-Iearning» электронды оқыту жүйесінің қанатқақты жобасы іске қосылды. Бұл еліміздің 2011-2012 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасының аясында орындалған жұмыс. Оның тұсаукесер рәсіміне Білім және ғылым министрі Б.Жұмағұлов, Байланыс және ақпарат министрі А.Жұмағалиев қатысты.
Жаңа оқу жылында атқарылған бұл іс Астана – Алматы қалалары мен Қарағанды облыстарын электронды оқыту жүйесімен қамтитын 44 білім беру ұйымдарының арасын жалғастырады. Олардың қатарында мектеп, колледж және кәсіптік лицейлер бар. Бұл жүйе оқушының тұрғылықты жеріне қарамастан, ауыл, қала демей, бәрінде де оқытыла береді. Мұндай жақсы қадам ауыл мектебі мен қала мектебінің арасындағы алшақтықты жоюға септігін тигізері сөзсіз. Бұл құрылым интернетке қосылатын болады. Өзге де материалдық-техникалық жабдықтар орнату көзделген. Сол секілді білім беру үлгісін толық автоматтандыру арқылы мұғалімдердің жұмысын жақсартуға, олардың сабаққа дайындалуына едәуір жеңілдіктер жасайтынын да айта кеткеніміз ләзім. Бұл жобаның жүзеге асырылуы екі кезеңнен тұрады. Бірінші кезеңде (2011-2015) білім беру ұйымдарының 50 пайызы, ал екінші кезеңде (2016-2020) 90 пайызы іске қосылмақ.
Сүлеймен МӘМЕТ.