2011 жылдың 10 қыркүйегінде «Егемен Қазақстан» және «Казахстанская правда» газеттерінде «Қазақстан Республикасы Мемлекеттік қызмет істері жөніндегі агенттігі төрағасының «Мемлекеттік қызметшілердің қызмет тізімі үлгісін бекіту туралы» 2003 жылғы 29 сәуірдегі №02-01-02/59 бұйрығына өзгеріс енгізу туралы» Мемлекеттік қызмет істері жөніндегі агенттігі төрағасының бұйрығы жарияланған болатын.
Бұйрықтың түсіндірмесіне сәйкес, азаматтардың өз қабілеттері мен кәсіби даярлығына сәйкес мемлекеттік қызмет бойынша жоғарылау құқығы мемлекеттік қызметтің маңызды принциптерінің бірі болып табылатын жалпы қолжетімділік принципіне негізделеді. Бұл принцип «Мемлекеттік қызмет туралы» Заңда бекітілген.
Заңның 8-бабында мемлекеттiк қызметшiнiң бiлiктiлiгi мен қабілетi, өзiнiң қызметтiк мiндеттерiн адал орындауы ескеріле отырып, қызметi бойынша жоғарылатылуға құқығы бекітілген.
Қазіргі кезде бос мемлекеттік әкімшілік лауазымдарға барлық тағайындаулардың 70%-ына дейін ауысу тәртібімен жүзеге асырылады. Бұл шамамен жылына 22 000 тағайындауды құрайды.
Заңнамаға сәйкес, мұндай жағдайда мемлекеттік қызметші бос лауазымға қойылатын біліктілік талаптарына сай болуы тиіс. Сонымен қатар, мемлекеттік қызметшінің өзіне қойылатын негізгі талаптары екеу-ақ: жұмыс өтілі мен білімі бойынша талаптар.
Осылайша, егер мемлекеттік қызметшінің жеткілікті жұмыс өтілі мен тиісті дипломы болса, онда ол тиісті лауазымға ауысу тәртібімен тағайындала алады. Бұл ретте, оның бұрынғы лауазымдағы жұмыс нәтижелері, оның қызметтік міндеттерін орындауына берілген баға, кәсіби және жеке қасиеттері, басқа да нақты қабілеттері, сондай-ақ кәсіби дайындығының көрсеткіштері ескерілмейді.
Шын мәнінде, мемлекеттік қызметшіні конкурссыз ауысу тәртібімен тағайындаған жағдайда, оның жоғарыда аталған қасиеттерін бағалауды бұрынғы жұмыс орнының беруін қамтамасыз ететін толыққанды тетік жоқ. Мемлекеттік орган өзінің қызметкерін қабылдау туралы шешім қабылдағалы жатқан мемлекеттік органға ауысып жатқан қызметшісінің жоғарыда аталған көрсеткіштері туралы бағаны беруі міндетті емес.
Осыған байланысты агенттіктің осы бұйрығы заңнама бойынша әрбір мемлекеттік қызметшіге толтырылатын және бос лауазымдық орны бар мемлекеттік орган мемлекеттік қызметшіні ауысу тәртібімен тағайындауды келісу үшін агенттікке ұсынатын құжатқа – қызмет тізіміне өзгерістер енгізуді көздейді.
Бұйрық және оның түсіндірмесі туралы толық ақпарат Мемлекеттік қызмет істері жөніндегі агенттіктің www.kyzmet.kz ресми веб-сайтында орналасқан.