17 Наурыз, 2017

«Менің ағашым менімен бірге өседі»

650 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін
Оңтүстік Қазақстан облысы - қазақтың құйқалы бір өңірі. Көшетті теріс қадасаң да тамырланып, дараққа айналатын құнарлы аймақтары да бар. Соның бірі - Сайрам ауданы. Бұл жақтағы адамдардың диқаншылықпен атағы шыққан. Сайрам ауданына жол жүрсеңіз, ауыл-ауылдарда игерілмеген үй іргелік жер таппайсыз. Ата, ағаларының осы ең­бегін көріп өскен мектеп оқу­шылары да жастайынан еңбекқор болып өседі. Қазір Оңтүстіктің әр ауда­н, қалаларында облыс әкімі Жансейіт Түймебаевтың бас­та­масымен көшеттер егу нау­қаны жүріп жатыр. Осы науқанға үлес қосқы­сы келген Сайрам ауданында 72 орта мектептің биыл білім ұясымен қоштасатын түлектері бір-бір көшет әкеліп мектеп ауласына отырғызды. Мектеп оқушыларының «Менің ағашым менімен бірге өседі» акциясында ауда­н аумағында 10 418 кө­шет тамыр жайды. Акцияға қатыс­қан Шыңғыс Бәйсейітов атты оқушы «біз отырғызған көшеттердің ішінде алма, өрік, шие сияқты жеміс ағаш­тары бар. Биыл мектеппен қоштасамыз. Кішкентай кү­німізден қолымызға «Әліп­­пе» ұстатып, сауаты­мызды ашқан, үлкен өмір­ге дайындаған алтын ұямызға жақсы ескерткіш қал­дырғымыз келеді. Біз еккен жеміс ағаштары адам­дарға жақсы денсаулық, көте­ріңкі көңіл күй сыйласа дейміз. Сондықтан, еккен дарағымызды бастауыш сы­ныптың балаларына тапсырдық. Олар қамқорлық жасап өсіреді. Әрине, бос уақытымызда өзіміз де келіп күтіп, баптауына араласамыз». Бұл жолы аталар емес, мек­тептің түлектері соңдарынан ерген жас өскіндерге он мың­нан астам көшет егіп, тапсырып барады. Сайрам аудандық білім бөлімінің басшысы Оразкүл Қолдасова қолына кетпен ұстап, акцияға қатысқан жо­ға­ры сынып оқушыларына разы. Өйткені, олар жеміс ағаш­тарын егіп қана қойған жоқ, өздерінен кейінгі оқу­шыларға үлкен өнеге көрсетті. Бүгінде Сайрамдағы 72 мектепте 40 мыңға тарта жоға­ры сынып оқушылары еккен көшеттер жайқалып тұр. Елге еңбек ету деген осындай ізгі істерден бастау алады. Бақтияр ТАЙЖАН, «Егемен Қазақстан» Оңтүстік Қазақстан облысы