13 Қыркүйек, 2011

Томмидің тасы өрге домалады

396 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін
Төрт күнге созылған VII халықаралық «Kazakhstan Open» гольф турнирі өз мәресіне жетті. Әлемнің әр түкпірінен имек таяғын сығымдай ұстап жеткен 130 спортшының ішінен бұл жолы ағылшын жігіті Томми Флитвудтың жұлдызы жанды. 64 мың еуроны қан­жы­ғасына байлаған жиырма жастағы жас ойыншы өзінің спорттағы мәртебесін тағы бір сатыға биіктетіп, Еуропа төрінде өтетін European Тour гольф турниріне қатысу жолдамасына ие болып қана қоймай, отанына абыроймен аттанды. Үшінші раундтан кейін жо­ға­ры көрсеткішпен алға озған үш сері – Томми Флитвуд, Кнут Бор­ше және Саймон Торнтон­ның арасында ақтық сайыс үшін құлаш сермеу бәсекесі қызу өр­біді. Ойыққа шар салудың ал­ғаш­қы раундынан соңғы он сегізінші раундқа дейін ойын та­ма­шалаушы жұрттың назары да осы үшеуінде болған еді. Талай халықаралық жарыстарда оза шау­ып жүрген кәнігі гольфшілер Алатаудың баурайындағы «Нұр­тау» клубының жасыл алаңында өте тартымды ойын өрнегін көр­сеткенімен, ағылшын баласын алға оздырып, бірінен соң бірі саптан шығып қала берді. Ал­ғашқы айналымда имек таяғын иыққа іліп шыққандардың ішінде төрт бірдей жерлесіміз бар. Өткен жолы сөз еткен мықты­ларымыз да бұл додада құлашын кеңге жая алмады. Он сегізінші раундта ағыл­шын Томми мен норвег Кнут Бор­шем бас бәйге үшін бақ сы­нап, Боршемнің бір ғана қате соқ­қысы Флитвудтың бағын ас­ыр­ды. Томми 273 соққы, ал Кнут 275 соққы жасады. Екінші орын­ға норвегиялық спортшы табан тіреді. Ал ирланд Саймон Торнтон мен неміс Бернд Риттхаммер 276 соққымен үшінші орынға екеулеп жетті. Әдеттегідей же­ңім­пазбен болған баспасөз мәс­ли­хатында Томми Флитвуд гольф ойнауды он жасынан бас­тағанын, ұстазы әрі рухани демеушісі болып жүрген әкесі бірге келіп, қазақ көгалында да үл­кен дем бергендігін айтты. Жеңімпаздар мен осы турнирге атсалысқан отандық ком­па­нияларды Қазақстан Гольф фе­дерациясының президенті Нұр­­­тай Әбіқаев бағалы сый­лық­тар­мен марапаттады. European challenge tour еу­ро­палық додасына бастайтын «Ka­zakhstan Open-2011» турнирін Ал­маты қалалық әкімдігінің қол­­дауымен Қазақстан Гольф фе­дерациясы «Nurtau» гольф клу­бында ұйымдастырды. Қанат ЕСКЕНДІР. Алматы. ––––––––––––––––– Суретті түсірген Берсінбек СӘРСЕНОВ.